Басты ақпаратҚала мен Сала

«Астана – жаңа қала»: артықшылықтары қандай?

Бүгінде «Астана – жаңа қала» АЭА – Қазақстанның ең ірі арнайы экономикалық аймақтарының бірі. Осы уақытқа дейін тартылған инвестициялар көлемі мен капитал айналымы бойынша Астана еліміз бойынша көшбасшы орында тұр. Елордалық АЭА индустриялық парктерінің кәсіпорындары бас қаланың әлеуметтік және экономикалық дамуының драйверлеріне айналды. Жобалар экономиканың түрлі салаларында іске асырылуда.

Өндірістің бірегей шарттары

Арнайы экономикалық аймақ – бұл Қазақстан Республикасының ерекше құқықтық режим қолданылатын шектеулі аумағы. Астанада екі арнайы экономикалық аймақ бар. Олардың аумақтарында өндірістік, құрылыс және басқа да қызмет салаларындағы компаниялар үшін ерекше жағдайлар енгізілген. Салықтар бойынша жеңілдіктер, кедендік және басқа да жеңілдіктер беріледі.

– Арнайы экономикалық аймақ өңірді жедел дамыту, бір немесе бірнеше саланы, жаңа технологияларды дамыту, жоғары тиімді экспортқа бағдарланған өндірістерді құру, өнімнің жаңа түрлерін шығаруды игеру, инвестициялар тарту, нарықтық қатынастардың құқықтық нормаларын пысықтау, басқарудың заманауи әдістерін енгізу, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында құрылады. «Астана – жаңа қала» АЭА құрудағы тағы бір мақсат – елорданың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы мен көппәтерлі тұрғын үйлерді жедел салу, – деді АЭА дамыту жөніндегі директоры Дияр Асқаров.

Бүгінде «Астана – жаңа қала» АЭА аумағында 166 млрд теңге сомасына 53 жоба жұмыс істейді. Олар 6 мыңға жуық азаматты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Арнайы экономикалық аймақ тамақ өнімдерін, фармацевтикалық препараттарды, әйнекті, металл емес минералды өнімдерді, металл бұйымдарын өндіру, компьютерлер, перифериялық жабдықтар және т.б. өндіру секілді 33 басым қызметті қамтиды. Елорданың инновациялық дамуының тағы бір бағыты «Астана-Технополис» алаңын құру болды. Мұнда NURIS инновациялық кластерінің технопаркі, атап айтсақ, кеңсе, зертханалық және өндірістік үй-жайлардың заманауи, көпфункционалды кешені орналасқан. Оның негізінде бизнес-үдеткіші және эксперименттік цехы бар экожүйе құрылады. Мұның бәрі инвес­торларды тарту және астанада қолайлы іскерлік ахуал жасау үшін қажет.

Технопарктің басым бағыттары экология және ғарыш, биомедициналық технология­лар, энергия тиімділігі, робототехника және ақпараттық технологиялар салалары болып табылады.

Астанада өнеркәсіптік аймақтар № 1 және № 2 индус­триялық парктер аумағында орналасқан. «Астана – жаңа қала» алаңында іске асыру сатысында 46 жоба бар. Барлық уақытта салынған инвестициялар көлемі шамамен 211 млрд теңгені, өндіріс 4 389 млрд теңгені, экспорт 89,4 млрд теңгені, салықтық аударымдар көлемі 144,6 млрд теңгені құрады.

Индустриалды парктердің тиімді тұстары

«Астана – жаңа қала» АЭА дамыту жөніндегі директоры Дияр Асқаровтың айтуынша, индустриялық аймақтың негізгі артықшылықтары мыналар: мұнда бизнеске дайын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, ыңғайлы логис­тикалық орналасу, автожолдар, жер учаскесін сатып алу немесе жалға алу мүмкіндігі беріледі, «бір терезе» қағидаты бойынша жобаларды сүйемелдеу, индустриялық аймаққа қатысушылардың тауарлары мен қызметтерін ілгерілету және офистік аймақтарды жалға беру жүргізіледі.

Арнайы экономикалық аймақта орналасқан кәсіпкерлер салықтарды неғұрлым тиімді шарттар бойынша төлейді. Ал инвесторларға берілетін артықшылықтарға келетін болсақ, олар үшін арнайы құқықтық режим енгізілді. Олар қосымша құн салығын төлеуден, жер мен мүлік салығынан, сондай-ақ кедендік баждардан босатылды.

Сонымен бірге, «Астана – жаңа қала» АЭА қатысушылары жеңілдетілген схема бойынша шетелдік жұмыс күшін жалдай алады және  тауарларды Қазақ­стандағы АЭА аумағына әкелу кезінде кедендік баждардан босатылады. Себебі елдегі арнайы экономикалық аймақтар мемлекет үшін басым бағыттарға инвестицияларды барынша дамыту үшін құрылды.

Шетелдік әріптестер технологиясымен

АЭА қатысушысы болу үшін өтінімді ресімдеп, құжаттарды, атап айтқанда, заңды тұлғаның жарғысы, қаржылық есептілік, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі және басқа құжаттарды қағаз түрінде немесе электрондық нұсқада қоса беру қажет.

Елордадағы № 1 индустриалды парк директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Бауыржан Ғабделов кәсіпорын швейцариялық технология бойынша кешенді минералды және органоминералды тыңайтқыштар өндірумен айналысатынын атап өтті. 2017 жылдан бастап бұл зауыт бүкіл Қазақстан бойынша тыңайтқыштар өндіреді және жеткізеді, сондай-ақ өнімдер Қырғызстанға, Өзбекстанға және Тәжікстанға экспортталады. SWISSGROW тыңайтқыштары ұзақ уақыт бойы әртүрлі ауылшаруашылық алқаптарында және әртүрлі климаттық жағдайларда жоғары өнім береді.

– Біздің сапалы тыңайтқыштарымыздың арқасында біздің клиенттер нарық талаптарының барлық параметрлері: дәмі, түсі, калибрі, сыртқы түрі және қоймаларда сақталуы бойынша ең жақсы өнім нәтижелерін, жоғары сапалы ауыл шаруа­шылығы тауарларын алады. Біздің өндірістің басты ерекшелігі – швейцариялық ғалымдар, дақылдарды жапырақты азықтандыру технологиясының негізін қалаушылар жасаған рецепттер. Яғни, біз өсімдіктер үшін теңдес­тірілген тамақ өндіреміз. Бұл, ең алдымен, ғылыми көзқарас, – деді Б.Ғабделов.

Елордалық зауытта дақылдардың барлық түрлеріне арналған өнімдер өндірісі іске қосылды. Мұнда жапырақты азықтандыру, топырақ, жылыжай шаруашылықтары үшін, тамшылатып суару үшін барлық жағдай жасалған.  Айтуынша, сұйық тыңайтқыштар алдымен цистерналарға салынады, сосын қос қорғанысы бар қаптарға мөлшермен салынады. Сонымен қатар, SWISSGROW сұйық тыңайт­қыштарына арналған пластикалық канистрлер контейнерге деген қажеттілікті өздігінен жауып, осында шығарылады.

Өндірісте 10 адам жұмыс істейді. Компанияның жылдық өнімділігі жылына 10 мың тоннаны құрайды. Компания өз өнімдерін өндіру үшін шикізатты, негізінен, Еуропадан сатып алады.

– 2016 жылы Швейцариядан келген компанияның инвесторлары тағы бір елде зауыт салу туралы ойларын ортаға салды. Сол кезде біздің директорымыз Рүстем Әлиев оны Астанада ашуды ұсынды. Зауытты іске қосу үшін технологияларды қабылдау бағдарламасы жүргізілді, нәтижесінде біз елордада шетелдік әріптестердің технологиясын өзіміздің өндіріске енгіздік, – дейді Бауыржан Ғабделов.

SWISSGROW компаниясының мамандары өз дағдылары мен білімдерін өндіріске қолдана отырып, жұмысқа жауапкершілікпен қарайды.

– Кез келген тірі организм, соның ішінде өсімдіктер – бұл микро және макронутриенттердің тұрақты метаболизмі және ол теңдестірілген болуы керек. Егер элементтің жетіспеушілігі ұзақ уақытқа созылса, бұл әртүрлі аурулардың дамуына немесе дамудың тоқырауына әкелуі мүмкін. Өсімдіктердің қоректенуі екі негізден тұрады: макронутриенттер құрылыс материалы (азот, фосфор, калий, кальций), микроэлементтер өсімдіктердің даму, метаболизм, өсу, қорғаныс, көңіл-күй процесіне әсер етеді, яғни біздің қоректенуіміз өсімдіктердің барлық жағынан: дәмі, түсі, сапасы, көлемі бойынша дамуына мүмкіндік береді. Мырыш пен мыс сияқты элементтердің жетіспеушілігі өсімдіктің иммунитетінің әлсіреуіне әкеледі және бұл өз кезегінде оның дамуын тежейді. Темірдің жетіспеушілігі фотосинтездің дамуына әсер етеді, – деді Б.Ғабделов.

«Астана-Технополис» АЭА аумағында 32 тұрақты жұмыс орнын құрумен 1 млрд теңге сомасына 3 жоба жұмыс істейді. 164 млрд теңгеге жуық сомаға 10 жоба іске асырылу сатысында. Барлық уақытта салынған инвестициялар көлемі 14,9 млрд теңгені құрады, салық аударымдарының көлемі 760 млн теңгеге тең.

Компанияның клиенттерге көзқарасы ерекше

Директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Бауыржан Ғабделов компаниядағы жоғары білікті мамандар туралы өз ойын ортаға салды. Олар өсімдіктерді қоректендіру саласында да, ауыл шаруашылығы өнімдерін өсірудің жалпы технологиясы бойынша да кеңес беруге әрқашан дайын.

Тыңайтқыштарды сатып алмас бұрын компанияның әлеуетті клиентіне топырақ үлгілерін ұсынады. Содан кейін SWISSGROW мамандары топырақтың экологиялық жағдайы мен зиянды заттардың болуын бағалайды және оның химиялық құрамы мен сапасын, дақылдардың құнарлылығына жарамдылығын анықтайды. Барлық зертханалық жұмыстардан кейін ғана тыңайт­қыштың қажетті мөлшерімен үзінді көшірме беріледі.

– Компаниямыздың мамандары өнімді қалай дұрыс, қандай мөлшерде қолдану керектігі туралы кеңес береді. Сонымен қатар, тыңайтқыштарды сынақтан өткізу кезінде тапсырыс берушіге үнемі ақыл-кеңес беріп отырады. Мәселен, қызанақты алатын болсақ, оның өскіні дами бастаған сәттен бастап, жапырақтары сау және жасыл болып өсуі үшін алдымен азот қажет. Біраз уақыттан кейін бұтақтар мен діңдерді дамыту үшін оған фосфор мен кальций керек болады. Гүлдердің жақсы дамуы үшін және осы гүлдердің дұрыс жеміс беруі үшін мырыш, молибден, калий, кальций және мыс қажет. Егер осы қажеттінің барлығы қызанаққа уақытылы жетіп тұратын болса, тиісінше жақсы өнім аламыз, – деді директордың орынбасары.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button