Жаңалықтар

Абайды жаңаша тәсілмен оқытсақ…

Абай шығармаларын оқытудың бір саласы қазақ аудиторияларынан тыс оқыту мәселесіне келіп саяды. Өйткені елімізде Абайды білмейтіндер ­кемде-кем. Абай шығармаларын оқытуда сыннан әбден өткен әдістемелерді қолданып, оларды жетілдіріп, жаңа технологияларды да жүзеге асыру – заман талабы. Өйткені адамзаттың дүниеге деген өзіндік көзқарасын қалыптастыруда, заманына сай азамат ретінде өсіп-жетілуіне, бойында эстетикалық талғамның ұшталуына ұлы ақын туындылары ерекше әсер етпек әрі осы жолда үлкен рухани азық, басты құндылық болып табылады.

Тіл-әдебиет сабақтарында студенттер шығармашылық қабілеттерін арттыра алатын эйдос-конспектіні орындауды ұнатады, ол үшін компьютерді пайдаланудың қажеті шамалы. Студенттерге түрлі түсті бояулармен, қарындаштармен де жұмыс істеуге болады, сонымен қатар фотоларды, түрлі суреттерді пайдалана алады. Осылайша жұмыс істеу компьютердегіден әлдеқайда қызықты бола түседі және нәтижесіне де көңіл толады. Эйдос-конспект студенттің жобалық жұмысының шағын формасы болуы мүмкін. Егер оқытушы студенттің өз бетінше бейнелі түрде ойлап, ақынның сөз арқылы сомдаған образын түсіндірме бере отырып, сурет немесе кесте түрінде ұсынса, ақынның белгілі туындыларын жас буынның көзімен көре алуына мүмкіндік туады әрі шығарманы басқа қырынан талдауға да жол ашылады.

Нәтижесінде тіл және әдебиет сабақтарында оқырманның көркем шығарманы қабылдауы, әдеби ұғымдарды білуі, сурет салу дағдылары өзара үйлесім табады. Эйдос-конспект белгілі бір әдеби шығарма бойынша тірек сызба ретінде ұсынылуы мүмкін, бірақ жетілдірілген формасы, өйткені ол міндетті түрде мидың екі жарты шарын, яғни логикалық және бейнелі ойлауды қамтиды, осылайша жақсы оқу нәтижесін қамтамасыз етеді.

Абай Құнанбаев шығармаларын өзге ұлт өкілдеріне оқытудың өзіндік қиындықтары бар. Дегенмен сол қиындықтарды жеңуге эйдос-конспект өзіндік көмегін тигізіп, көп жеңілдік береді әрі көркем шығарманы түсініп қана қоймай, талдай білуге кеңінен жол ашады. Эйдос-конспект көркем шығарманы оқуға, талдау­ға көп көмектеседі: әртүрлі көзқарастарды сараптауға, салыстыруға үйретеді.

Абай Құнанбаевтың он төртінші қара сөзін талдау барысында Дарья есімді студент пікірін нақты жеткізе отырып, қара сөзді оқу барысында образды түрде ойлай отырып, өз ойын көне Мысыр мифтерін сабақтастырып, салыстыра отырып жеткізеді. Студент жұмыс барысында Қазақстанның жас буыны үшін өмірлік ұстанымын тауып, қоғамнан өзінің орнын алу барысында адамгершілік қасиеттерді барынша бойына сіңіруі қажет екендігін ескере отырып, осы ретте Абайдың қара сөздерін басшылыққа алу керектігін қадап айтады. Аталмыш қара сөзді оқу барысында Абай көтерген мәселені көне Египет мифологиясы аясында Анубис таразысы бейнесінде көреді. Египет мифологиясында әрбір адам қайтыс болған соң Осирис құдайдың алдына баратыны, дәліздің дәл ортасына Анубис таразысының қойылатыны, о дүниелік болған адамды ақырет өміріне бағыттайтын Анубис құдайының жан мен ар-ожданның символы – жүректі өлшейтіні, таразының бір жағына жүректің (ар-ұят), екінші жағына – ақиқат пен әділеттіліктің нышаны Maaт құдайдың қауырсыны қойылатыны, оның бір мезетте жүрек, жан және рухты өлшейтіні айтылады. Егер таразы тостағандарының салмақтары бірдей болса, адам қайта туғандай болады. Егер адам жер бетінде осы атқа лайықты өмір сүрсе, таразының екі жағы тепе-тең тұрады. Және адам келесі әлемге еніп, қайта жандана алады. Ұлы адамдар белгілі бір діннің болжамын емес, имандылықтың мән-мағынасын көре алады. Ал руханият дегеніміз – ұлты мен дініне қарамастан адамның болмысын білдіретін біртұтас, бөлшектеуге келмейтін қа­сиет. Сондықтан Абай рухани жағынан белгілі бір дінге ғана жатқызылмайды, оның руханилығы – бүкіл әлемге тән жан дүниесінің көрінісі, оны көріп, сезіне, терең түсіне білу үшін бізге өмір бойы оқып, ізденіп өту керек деген мағынадағы ойды айтады.

Ал Абайдың «Сағаттың шықылдағы емес ермек» атты өлеңін талдаған Светлана атты студент аталмыш өлеңді оқи отырып, басы сағат адам бейнесін көпшілікке ұсынды. Сағат өз уақытын бағаламайтын адам өмірін бейнелейді. Өмірінің бос өткен уақыттарын мола бейнесінде, яғни өлі уақыт түрінде суреттей отырып, бақытсыз адамның ойлары түрінде осы мәселені жақсы көрсететін Абайдың өлең жолдарын кілт сөздер мен тү­йінді ойлар ретінде бере отырып, терең талдауға ұмтылады. Абай Құнанбаевтың өткенді өлілермен салыстыратынын айта отырып, өткен өмірімізді қайтара алмайтынымызды нақты мысалдар негізінде дәлелдейді. Бақытсыз адам болмас үшін уақытты дұрыс пайдалана білуді үйренуіміз керектігі туралы өзіндік ой түйеді. «Образ түсінігі (эйдос) көпмәнді: троп («ауызша образ»), көркем деталь, адам өмірінің бейнесі, тіпті идея, тақырып, шығармадағы мәселе». Сондықтан көркем образды ашуға ұмтылу қарапайымнан күрделіге қарай жүреді. Студент осы заңдылықты басшылыққа алған.
Ақынның «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңін талдаған Илья есімді студент эйдос-конспектіге адамның бетін салып, оны екіге бөліп, қара және сары түстермен бояйды. Адам бойындағы жақсы қасиеттерді сары алтындай жарқыраған адам бейнесінде, жаман қасиеттерді (ашкөздік, жағымпаздық, ашу-ыза) қара түсті адам ретінде беріп, жақсы қасиеттерді (қайырымдылық, махаббат, т. б.) сары түспен береді. Парасатты адам (сары түс) мен қараңғы адамның (қара түс) бейнесін параллель алып қарастыра отырып, соған лайық қасиеттерін бірыңғай топтастырып, ақылы, парасат-пайымы мол адамды жоғары қойып, болмаса да ұқсап бағуға үндейді. Яғни студент эйдос-конспект барысында түр-түс арқылы ақын ойын жеткізуге тырысады. Студент ақын өлеңін талдау барысында адам кім болуды, өз бойында қандай қасиеттерді дамытуды өзі шешеді, қандай адам болғысы келсе, сондай адам бола алады деген ой айтады.

Эйдос-конспект – бір сабақтың, бір тақырыптың бөлігі, кейде тіпті ғылыми-зерттеу жұмысына, жобаға айналуы мүмкін. Көркем мәтінде көп нәрсе жасырын тұрады, ал әр ұрпақ классикалық туындыларды өз көзқарастары тұрғысынан қабылдайды. Ең бастысы, ақын мен жазушы, оқытушы мен студенттер арасында диалог орнау қажет.

Гаухар РАХИМБАЕВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button