Басты ақпаратТалайғы тарих

Ұлы даланың рухани қазынасы

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі Сарыарқа ауданы әкімдігімен бірлесіп, «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында Абай күніне орай «Абай мұрасы – Ұлы даланың рухани қазынасы» атты онлайн-конференцияны өткізді. Атаулы шара хакімнің шығармашылығын насихаттау, артына қалдырған өнегелі мұрасын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Шегебаев, абайтанушылар мен белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, мектеп оқушылары қатысты.

АБАЙДАН АСҚАН МОТИВАТОР ЖОҚ

Алдымен сөз алған Сарыарқа ауданының әкімі Есет Байкен конференцияға қатысушыларды Абай күнімен құттықтады. Ұлы ақынның қазақ руханиятында алатын орнына тоқталып, мұрасы бүгінге де қызмет етіп отырғанын атап өтті.

– «Абайдан сөз артылмаған» деп жатамыз. Расымен, Абай көтермеген тақырып жоқ. Бұл қатарда махаббат, ел мен жер, білім мен ғылым, береке-бірлік тақырыптарын ерекше атап өтуге болады. Жалпы, Абай мұрасы туралы айтар әңгіме көп. Қазір әлеуметтік желілерде мотиватор жеткілікті. Бірақ мен үшін Абайдан асқан мотиватор жоқ. Оның шығармаларын оқи отырып, алға жетелейтін ерік-жігер алуға болады. Мысалы, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» дейді ақын. Қашан да ақыл мен таза еңбектің жақсылық әкелетінін Абайдан артық ешкім жеткізе алған жоқ. Ақылға жету үшін білім мен ғылымға құштарлық керек. «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген сөзі – осының кепілі, – деді Есет Байкен.

Конференцияны жүргізген Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің директоры Ақерке Жұманбаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы «Абай – рухани реформатор» атты мақаласы туралы айта келе: «Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының санасының өзгеруіне өзінің үлкен үлесін қосқан ірі тұлға» деді.

«Үш байлық» қоғамдық қорының жетекшісі, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызы Абай мұрасы Иманигүл ілімінен тарайтынын, қоғамдағы келеңсіздіктерді осы ілімге сүйеніп жоюға болатынын айтып өтті. Хакімнің өлеңдері мен ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин және ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жыр­лары арасында сабақтастық көретінін жеткізді. Ұрпақ тәрбиесі мәселелеріне тоқталды.

– Абайдың өлеңдері мен қара сөздері біздің өміріміздің кез келген түйткілінің шешілуіне қызмет етеді. Сондықтан оның мұрасын оқушыға ғана емес, ата-анасына да оқыту керек. Ақын шығармашылығын ұжымдарға барып насихаттаған жөн. Абай айтатын ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек бәрімізде болуы керек. Қара сөзінде айтылатындай, өзімізге-өзіміз жиі есеп беріп отырсақ, барша жоспарларымыз орындалады, – деді Оразкүл Асанғазықызы.

 

ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚАЗЫҒЫ – «ҚАЛЫҢ ЕЛІ, ҚАЗАҒЫ»

Абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы Абайдың «Қуанбаңдар жастыққа», «Ұяламын дегені көңіл үшін», «Жапырағы қуарған ескі үмітпен», «Осы қымыз қазаққа», «Буынсыз тілің» өлеңдеріне биыл 120 жыл, ал 1891 жылы жазған 9 өлеңіне 130 жыл толатынын атап өтті. Соның ішінде «Көзімнің қарасы» өлеңі де бар.

Елордадағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия жанынан былтыр «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығы ашылды. Осы орталыққа жетекшілік етіп отырған Алмахан Мұхаметқалиқызы оның жұмысымен таныстырды.

– Мұхтар Әуезов 1942 жылы Алматыда абайтану курсын ашқан кезде үлкен мақала жазды. Сол мақалада: «Ерте ме, кеш пе, абайтану үлкен оқу орны болып ашылған кезде кезең-кезеңге бөліп оқыту басталады» деп жазады. Қазіргі бір кемшілік – Абайды кезең-кезеңге бөліп оқыта алмай жатырмыз. Ал біз «Абайтану» орталығындағы жұмысты «Бала Абай», «Ақын Абай», «Хакім Абай» атты үш бөлімге бөлдік, – деген Алмахан Мұхаметқалиқызы абайтанудың қазіргі өзекті мәселелеріне тоқталды.

Өткен жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты ашылды. Осы институт директоры Жандос Әубәкір мекеме қолға алған жұмыстармен таныстырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласындағы: «Әлемдік мәдениетте Абайды қаншалықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ақпараттық технологиялар заманында Абай сөзі баршаға ой салуға тиіс» деген үлкен ойы зор мәнге ие. Абай мұрасы арқылы барша әлеуметті, әсіресе жастарымыз­ды баулу және Қазақстанды әлемге таныту өнегелі өріс екені сөзсіз. Абай шығармашылығының басты идеологиялық қазығында «қалың елі – қазағы, қайран жұртының» бойындағы кемшіліктерді жо­йып, ғылым, білімді меңгерген, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған, бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болған, береке-бірлігі жарасқан, ой өрісі дамыған халқының болашағы, тәлім-тәрбиесі, ғылым-білімі жатыр, – деді Жандос Әубәкір.

 

ҰЛТТЫ СҮЮДІҢ ҮЛГІСІ

Филология ғылымдарының кандидаты Бауыржан Иманғалиев Абай – ұлтты сүюдің үлгісі, әлемдік даналыққа бой түзеудің өлшемі екенін айта келе, хакім идеяларына тоқталды.

– Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Ғылымға, білімге басымдық беру – кемелдіктің көрінісі. Қазір өзіміз айтып жүрген интеллектуалды ұлт дегеніміз – осы. Бүгінгі жастар бір бағытты емес, жан-жақты болғаны дұрыс. Бірақ адамның өзегінде ұлттық рух болуы керек. Әлемде Қазақстан туралы айтылғанда, шетел жұртшылығы Абайдың есімін ауызға алатындай дәрежеге жетуіміз керек. Өзге жұрт «қазақ халқы – Абайдың халқы» деп бізге ілтипат білдіріп жатса, зор мәртебе болар еді, – деді Бауыржан Иманғалиев.

Еліміздегі жалғыз гипер­реалист-мүсінші Айдос Әкім­ғали былтыр Абай мүсінін жасады. Өнер иесі бұл туындыны хакімнің түпнұсқа суретіне сүйеніп, төрт ай жасағанын айта келе, мүсін қазір «Қазақстан» орталық концерт залында тұрғанын жеткізді. Болашақта хакімнің бал­ауыздан құйылған бейнесін Ұлттық музейден немесе басқа үлкен рухани ордадан көргісі келетінін айтып өтті.

 

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ БАСЫНДА АБАЙ ТҰРУЫ КЕРЕК

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Серікзат Дүйсенғазы Абай мен ХХ ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлері арасындағы сабақтастық жайлы әңгімеледі.

– Абай – біздің ұлттық ­паспортымыз. Абайсыз қазақты елестету мүмкін емес. Мұны біз айтқан жоқпыз, мұны Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып ­Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауыт­ұлы, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов сынды Алаш қайраткерлері айтып кетті. Семейді Алаш астанасы қылған кезде Әлихан: «Бұл жерде Абайдың рухы бар. Әр қазақ Абайдың рухымен жарақтанса, онда біздің болашағымыз зор болмақ» деген. Яғни Абайдың сөзі – біздің шамшырағымыз. Рухани жаңғыру бір замандарда Еуропада қайта өрлеу дәуірі болып басталған. Оның басында Абай сияқты ақындар тұр. Мысалы, Италияда – Данте, Германияда – Гете, Англияда – Шекспир. Соның арқасында Еуропа бізден озып кетті. Қазір олардың өркениетін үлгі тұтамыз. Біздің рухани жаңғыруымыздың басында Абай тұруы керек деп ойлаймын. Бұл туралы ұстазым, академик Сейіт Қасқабасов «Астана ақшамы» газетінде жарық көрген «Абай ренессансы» мақаласында жазды, – деді Серікзат Дүйсенғазы.

Жас ғалым, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Бекзат Смағұл Абай тұлғасына, оның мұрасына көзқарасын жеткізді. №56 мектеп-лицейдің «Абай-Шәкәрім», «Жас абайтанушылар» клубтарының мүшелері және Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының «Абай нұры» клубына қатысушылар Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқып, хакімнің әндерін салды.

Аманғали Қалжанов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button