#Жаңа Қазақстан

Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады

Сан алуан саланы қам­тыған, әсіресе саяси реформалар мен экономикалық, әлеуметтік бағыттарға басымдық берген Президентіміздің биылғы Жолдауы қоғамда қызу талқыланып жатыр.

Қызмет ететін саламыз орта деңгейдегі білім жүйесі болғандықтан, білім беру мекемелеріне қатысты ойларының өзегі әділетті қоғам, адал азамат және сапалы білімге маңыз бергені айқындалды.

Расында да, жаңа заманда әрбір азаматты адал, әділ етіп тәрбиелеудің маңызы айрықша. «Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қа­сиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады» дейді Мемлекет басшысы. Ол үшін қоғам, тәрбие және билік институттары бірдей әрекет етіп, бірігіп, бірегейлікке ұмтылғанда ғана іске асады. Отанымыздың әрбір тұрғынының отаншыл, білімді, еңбекқор, тәртіпті, үнемшіл, жанашыр болуы үшін жақсы идеологиялық нұсқау қажет. Ал Президент айтқан Абайдың «толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасы қоғамда қолдау тапқаны жөн.

Оқу ордамыз Мемлекет басшысының пәрменімен құрылып, жұмысын бастаған болатын. Білімді, тәрбиелі, «толық адам» қалыптастыру деп тұжырымдалған мектептің негізгі миссиясы да Президент Жолдауындағы ойлармен сәйкес келеді. Жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ұлы ақын шығармашылығы негізінде асыл қасиеттерді дарыту – мектеп міндеті. Әсіресе ойшылдың «бес асыл іс» қағидасы білім шаңырағының құндылығы ретінде сипатталып, оның мән-маңызы оқушыларға түсіндіріліп келеді.

Президенттің тағы бір басымдық беріп айтқаны – Әділетті Қазақстанды құруға адал азаматтардың керегі. Бұл өз кезегінде ұлы ақынның «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген ақылымен сабақтасады. Қарапайым ғана қағида: адалдық жоқ жерде әділдік те болмайтынын уақыт та, тарих та әлдеқашан мойын­дады. Олай болса білімсіз, таныс арқылы қызметке жолы жеткен, алайда халықпен жұмыс істеудің тетігін білмейтін шенеуніктер емес, сөзі мен ісі бір жерден шығып, ойы озық, іскерлігімен танылған, адал да әділ азаматтар қоғам айнасы болуға тиіс. Ал олардың бүгінгі мектеп партасында отырған жас ұрпақтың арасынан шығуы үшін шынайы қамқорлық, дұрыс көзқарас пен тиісті ресурстың қажет екені айқын.

Арай ИСМАИЛОВА,

Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-­гимназия директорының орынбасары

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button