Тәуелсіздікке 30 жыл

Алтай Көлгінов: Тәуелсіздік тұмары

Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толды. Талай ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған, қанын төгіп, аяусыз күрескен азаттыққа қол жеткіздік. Бұл – біздің үлкен бақытымыз. Егемен еліміздің болашағы қандай болатыны біздің әрбіреуіміздің іс-әрекетімізден басталады. Тәуелсіздік сияқты ұлы ұғымды қас­терлей білуіміз керек. Менің ойымша, ­Қазақстанның әрбір азаматы бұл бақытты жүрегімен сезініп, бағалай білуі тиіс. Отанды сүюдің, оған қалтқысыз қызмет етудің түпкі негізі өз отбасыңа, өскен ортаңа, туған қалаңа, еліңе адал қызмет етуден бастау алады. Тәу етер тәуелсіздігімізді баянды ету үшін әрқайсысымыз Отан, ел мүддесі жолында аянбай еңбек етіп, бостандығымызды баянды етуге өз үлесімізді қосуға тиіспіз.

[smartslider3 slider=1466]

Небәрі 30 жылдың ішінде әлемнің саяси картасында жаңа мемлекет пайда болып, тә­уелсіз Қазақстан көш түзеді. Сол көшті Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастады. Елбасы тәуелсіздіктің тізгіні өз қолымызға тиген күннен бастап қазақ халқының бірлігі мен ынтымағын, сенімі мен арманын ту етіп көтерді. Соның арқасында егемендігіміздің іргесі бекіп, еліміз еңсесін тіктеді. Тарих үшін қас-қағым сәт болып саналатын жылдарда күллі әлем таңғалатындай жетістіктерге жеттік. Тәуелсіздік алғалы қол жеткізген ең үлкен жетістігіміз – жаңа елордамызды салдық. Дүние жүзі мемлекеттері «Бейбітшіліктің бесігі» деп атаған еңселі де асқақ елордамызды тұрғызудың өзі – осы идеяның авторы, оны елімен бірге жүзеге асырған Елбасының ерен ерлігі. Тәуелсіздік жылдарындағы қай қадамымыздың, қай жетістігіміздің бастауында Нұрсұлтан Назарбаев тұрғанын бәріміз жақсы білеміз. Бүгінгі таңда бас қаламыз елдігіміздің ұйытқысына, әлеуетіміздің бет-бейнесіне айналып, абыройымызды асқақтатуда. Бұл ертеңгі күнге деген сенімімізді еселей түседі. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Елбасы тәуелсіздігіміздің мәңгілік символына айналды десек ақиқатты айтқан болар едік» деген сөзіне толық қосыламын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тә­уелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санамай, ең алдымен бұл оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарау қажеттігін айтты. Президент еліміздің тарихындағы осынау маңызды да айшықты кезеңде даңғаза мен ысырапшылдыққа жол бермей, тағылымдық мәні бар шараларға баса назар аударуға шақырды. Мемлекет басшысы билікке келген соң, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты бағдарламасын халыққа таныстырып, жүзеге асырды. Әділетті мемлекет пен ашық қоғам құруға бірнеше сәтті қадам жасады. Атқарушы органдарға азаматтардың арыз-тілектеріне жедел жауап беру қажеттігін тапсырды. «Ең бастысы, тәуелсіздіктің игілігін әрбір отандасымыз күнделікті тіршілігінде сезіне алатын болса – мақсатымыздың орындалғаны» деді Президент. Кәнігі дипломат, тәжірибелі саясаткер Қасым-­Жомарт Тоқаев ұлттың, елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын жақсы біледі. Қазіргі кезде Президенттің қоғамды, елді демократияландыру жолындағы барлық реформалары табысты іске асырылуда. Жаңа заманда Қазақстан сияқты тәуелсіз мемлекетті өркениеттің көшіне бастап бара алатын лайықты саясаткердің Елбасының сарабдал саясатын одан әрі жалғас­тырғаны халықтың көңілін орнықтырды.

Отыз жылдағы үлкен олжамыздың бірі – тәуелсіздігіміздің арқасында жаңа астанамызды өзіміз таңдадық. Бұл жасампаз қала – ата-бабаларымыз армандаған, бүгінгі ұрпақ алақанына салып аялаған киелі тәуелсіздігімізді жылдар бойы бекіте түсетін берік тұғырымыз, болашағымыздың бағдаршамы. Мемлекеттің дамуы мен елордамыздың өркендеуі – егіз ұғым. Қазақстанның мерейі тасып, бас қаламыз түлеген тұста осынау елдік маңызы бар міндетті мойныма алып, шаһар тізгінін ұстап, үлкен сенімге ие болғанымды тағдырымның тұғырлы сәті деп бағалаймын.

Есілдің жағасындағы елордамыздың бой көтергеніне биыл 23 жыл толды. Бұл аралықта бұрын-соңды болмаған дамудың жолына түсіп, айтулы жетістіктерге жеттік. Елорданы ауыстырудағы Елбасы шешімінің саясат пен экономикаға, әлеумет пен демографияға, мәдениет пен руханиятқа, жалпы еліміздің қарқынды дамуына зор ықпалын тигізгеніне бүгін көзіміз жетіп отыр. Мысалы, 2021 жылы 1 наурызда Қазақстан халқының саны 18917 адамды құрады, биыл шілде айында бұл көрсеткіш 19 млн-нан асты. 23 жылда бас қала халқының саны үш есеге дерлік өсіп, 1 млн 200 мың адамды құрады. Елордада бір күнде 50, жылына 25 мың сәби іңгәлап дүние есігін ашады. Қала халқының саны 2030 жылы 2 млн, 2050 жылы 3 млн адамға жетеді деген болжам бар. Бүгінгі таңда бас қалада республика халқының 6 па­йызы өмір сүреді. Елбасының өзі айтқандай: «Елорда жыл сайын өсіп келеді, соңынан бүкіл Қазақстанды ертіп, ілгерілеп келеді».

Төр қаламыз ұлттық экономиканың драйверіне айналды. Қазір еліміздегі жалпы ішкі өнімнің 11 пайызы Нұр-­Сұлтанға тиесілі. Қазақстан экономикасына салынған барлық инвестициялардың 10 пайызын астана қамтамасыз етіп отыр. 23 жылда бұл қала ірі-ірі кәсіпорындар шоғыр­ланған бәсекеге қабілетті өндірістік орталық ретінде қалыптасты. Бұған дәлел мынадай көрсеткіштер: соңғы 22 жыл ішінде бас қаланың жалпы өңірлік өнімі 25,7 млн теңгеден
7 трлн теңгеге дейін, яғни 272 есеге өсті.

Тәуелсіздік жылдарында бой көтерген елорда елдің еңсесін тіктеп, рухын асқақтатты. Елорданы көшірудегі Елбасының еренғайып ерлігі мен саяси сұңғылалығының дұрыс­тығын күллі әлем мойындады. ЮНЕСКО Қазақстанның бас қаласына «әлем қаласы» деген жоғары мәртебелі атақ берді. Сол атаққа сәйкес, Нұр-
Сұлтан қаласы әлемдегі сәулет өнерінің ғажайыптары бой көтерген заманауи орталыққа айналды. Елорданың жаһандық қала екенін дәлелдейтін көптеген іс-шаралардың өтуі оның жан-жақты өсіп-өркендеуіне жол ашты. 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысқан ЭКСПО-2017 көрмесінің өзі инновациялық, технологиялық, экономикалық жағынан дамуына ерекше серпін берді.

Заманауи үлгімен бой көтерген елордамыз – қазір білім мен ғылымның, медицина мен туризмнің орталығы. 2000 жылдардың басында құрылған елорданың медициналық кластері Орта Азиядағы ең үздік медициналық жетістіктердің қатарына кіреді. Емханаларда ең соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар қолданылады. Халықаралық деңгейдегі бірегей операциялар жасалады. Пандемия бізге цифрлық технологияларды өмірлік маңызы бар барлық салаға енгізу қажеттігін көрсетті. Қалалық әкімдік тұрғындарға 159 мемлекеттік қызмет түрін ұсынады, олардың барлығы электронды форматқа көшірілді. Бұл – үлкен жетістік.

Еліміздің барлық өңірлері елордаға қарап бой түзейтіні айдан анық. Алдағы уақытта ажарлы қала «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» жобасы аясында дамиды. Жобаның негізгі төрттағаны – жайлылық, орнықтылық, экологиясы таза қала және тұрғындар саулығы. Атап айтарлығы, халықтың белсенді өмір сүруі үшін соған лайықты инфрақұрылым салу бәрінен маңызды. Қай тұрғыдан алсақ та, бас қаламыз дамуымыздың баро­метрі болып қала береді. Нұр-
Сұлтан – еліміздің жарқын болашағының бойтұмары. Елдік пен еркіндіктің, жаңару мен түлеудің символы болған аяулы қаланың да келешегі кемел боларына сенеміз.

Еліміздің барлық өңірлері елордаға қарап бой түзейтіні айдан анық. «Астананың қарыштап дамуы еліміздің өзге өңірлерінің өркендеп өсуіне серпін берді» деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы ­Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағы­лымы» атты мақаласында.

Барша қазақстандықтарды тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Еңселі елордамыз жаңа ғасырдағы қуанышты сәттеріміз бен айтулы өзгерістердің жаршысы бола берсін!

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button