Басты ақпарат

Елорда маңынан 16 тонна қоқыс шығарылды

Өткен аптада Үкіметтен басталған #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясы кең көлемдегі республикалық шараға айналып, Нұр-Сұлтан қаласында жалғасын тапты. 27 сәуір күні өткен қалалық экоакцияға 5 мыңнан аса адам қатысты. Олардың арасында: қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметшілер, жастар, еріктілер және қарапайым тұрғындар болды. Экологиялық акция қаланың төрт жерінде: Майбалық көлінің, Есіл және Қарасу өзендерінің жағасында, Вячеслав су қоймасының аумағында өтті. Жалпы ізгілікті шара барысында 16 тоннадан астам қоқыс жиналды.

«Күн демалыс болғанына қарамастан, көптеген адамдар экологиялық акция­ға қолдау білдіріп, қала аумағын қоқыстан тазалауға көмектесті. Ізгі бастамаға бейжай қарамағандарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын! Біз табиғатты қорғауымыз керек. Өйткені таза ауада демалғанды ұнатамыз. Сол себептен қоршаған ортаны әрқашан таза ұстауға міндеттіміз. Тазалықты өзімізден бастайық!» деп үндеу тастады Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов. Атап айтарлығы, елорда әкімдігі осындай экология­лық іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің бас­тамасымен іске асырылған #Birge #TazaQazaqstan атты акцияны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бірден қолдады. Бұл туралы Президент өзінің Твиттердегі парақшасында: «Үкімет пен азаматтық қоғамның бастамасы бойынша бүкіл ел аумағында жалғасқан экочеллендж қозғалысын қолдаймын. Елімізді тазалық жүргізетін аумаққа айналдырамыз. Бірге – Таза Қазақстан! Жарайсыңдар, еріктілер!» деп жазды.
Іс-шараға Үкімет мүшелері де қатысты. Солардың бірі Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мұндай сенбіліктер біздің бірлігіміз бен ынтымағымызды көрсететінін айтады. «Сенбілікке көпшіліктің қатысуы өте қуантарлық жайт. Әсіресе, жастардың көп болуы бірден елдің назарын аударады. Бұл шара – біздің бірлігімізді, ынтымағымызды, Қазақстанның дамуына деген ерекше көзқарасымызды көрсетеді» дейді Бердібек Мәшбекұлы.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button