Басты ақпаратҰлт ұпайы

Көп жақсы істің басы бар да, аяғы жоқ

Бүгінгі келелі әңгімеміздің қонағы – қоғам қайраткері, профессор, қаламгер, ҚР Парламенті Мәжілісінің екі ша­қырылымының депутаты бол­ған Мырзакелді ­Кемел мырза.

– Қазіргі таңда «қазақ­тар біртұтас ұлт емес» деген сыңаржақты пікір жиі айтылып жүр. Қоғамымыз бай-жарлы, қазақ-­орыстілді, таза, шала қазақ болып екіге жарылды. Оның түп-тамыры неде деп ойлайсыз?
– Рас. Сөзіңіздің жаны бар. Біздің қазақта әлі күнге дейін біртұтастық жоқ. Әсіресе, тіл мәселесіне келгенде алшақтық көзге ұрып тұрады. Оған кешегі социалистік жүйенің қағидалары да әсер еткен болуы керек. Қазіргі кезде қазақ тілі тек ауылдық жерде тұратын ағайынның қарым-қатынас құралы болып қалған секілді. Өйткені ірі қалаларда қазақ тілінің қолданыс аясы өте тар.
Кезінде Италия, Франция мемлекеттері тілдерін сақтап қалу үшін аянбай күрес жүргізді. Едәуір мемлекет қаржысын соған жұмсады. Қазақ тілін сақ­тап қалу үшін біз де күрес жүргізіп жатырмыз ба? Өте баяу, сылбыр. Бізде жоба көп, бірақ аяғына жетпейді. Нәтиже жоқ. Негізі, қазақтың қалыптасуы әу бастан-ақ бірыңғай болмаған ғой. Осыдан 550 жыл бұрын Шу төңірегіне қоныстанып, мемлекет ретінде ұлт болып қалып­тасқан уақыттан бері бір­тұтастыққа қол жеткізе алмай келе жатқандығымыз шымбайға батады. Одан қалды, соңғы жетпіс жыл Кеңес Одағының қылбұрауында қалып, көптеген қиыншылықтар мен азапты басынан өткеріп, салт-санасынан айы­рылған халықпыз. Оның үстіне, орыс тілін білген азаматтар қыз­метке алынып, олардың балалары жаппай орыс мектебін бітіріп, орыстану саясаты солардан жалғасып әлі келеді. Иә, бай-жарлы деп екіге жарылып, аса те­реңдеп кеттік. Менің ма­ман­ды­ғым – экономист. Егер экономикалық тұрғыдағы көзқараспен екшейтін болсақ, онда аса қауіпті кезеңге тап болдық деп ойлаймын. Ең кедей адам мен бай адамның үлес салмағы 25 пайыздан аспауы керек. Дегенмен де байлар өте аз болуы керек те, өз күнін өзі көре алатын орта шаруа мен тапқандары өздерінен артылып, жұртқа қайырымдылық жасайтын жандар өте көп болғаны абзал. Бізде мүлде олай емес. Қазір 3-4 пайызы аса бай болатын болса, тапқан табыстары өздеріне толық жететіндер – 17 пайыз, кедейшіліктен жоғары, орта таптан төмен – 38-42 пайыз, тақыр кедей – 18-21 пайыз, қайыршы, қаңғыбастар – 4-5 пайыз көлемінде. Демек, елдегі әлеуметтік ахуал күрделі күйінде қалып отыр.
Бұл күнде Қазақстан халқының 95 пайызы бүгінгі күнмен ғана өмір сүріп отыр. Ал ұдайы жоқ­шылықта, жетіспеушілікте күй кешкен адамның өмірге ызасы болады, билікке қапаланады. Олардың еш уақытта баршылыққа, молшылыққа қол жеткізе алмаймыз деген өкініші өзегін өртейді. Қоғамдағы өзіне қол салып өмірін қию­шылар, жезөкшелікке, жеңіл жүріске түскендер, жұртты алдаушы алаяқтар немесе бәрін тартып алып жатқан бұзақылар, наша­қорлар, басқа дінге ауысып кеткендер – бәрі-бәрі өмірге өкпелілер.
Жалпы, қарап отырсаң, мәселенің бәрі кедейліктен туындайды. Сондықтан кедейлікті жоюмен күресу керек. Мәселен, тендерді, ауқымды жобаларды кімдер жеңіп алып жатыр? Әрине, байлар. «Бай-байға, сай-сайға құяды» деген осы шығар. Осы орайда Президент Қ.Тоқаев: «Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық әлі де біздің қоғамның ауыр дерті болып отыр. Мен өз тарапымнан осы жүйелі мәселені шешу үшін барынша күш-жігерімді жұмсаймын деп сенімді түрде айтамын» деп уәде берді. Оның қалай жүзеге асатынын уақыт көрсете жатар.
Әрине, тендерге қатысушылардың қатарында білімділері, грантты ұтып алып жатқандар бар. Не­бәрі бір пайыз ғана. Қалғанының бәрі – басқа да бір айналып өтетін жолмен байып жатқандар. Қазір тағы да бір проблема шықты. Жеңіл ақша табудың жолына көшіп кеткен сияқ­тымыз. Еш ойланбастан біреудің бизнесін тартып алуға бармыз, адал еңбек жасауға жоқпыз. Өйткені адал еңбекпен табыс таба алмайсың. Ұдайы жоқтықта боласың деген сөз.
Тарихтан бір мысал кел­тіре кетейін. Бұрынғы патша өкіметінің кезінде профессорлар опера театры­ның қойылымдарына демеушілік жасаған. Ал біздің профессорлар қауы­мы бар саналы өмірін ғы­лымға арнап, мардымсыз жалақы алады.
– «Етікші етікке жарымайды» демекші, қаншама қазба байлықтың үстінде отырған қазақ өз туған топырағында жү­деу­дің күйін кешіп жатқаны жайлы талай мәрте айтылды. Қайта Қазақстанда тұратын басқа этнос өкілдерінің наны жүріп тұрған сияқ­ты. Бұл жөнінде алып-­қосарыңыз бар ма?
– Басқа этнос өкілдері қазаққа қарағанда ұйым­шыл. Ауызбіршілігі мықты. Бірін-бірі сүйрейді, демейді. Оның себебі неде? Олар дүние жинаудың жолын жақсы біледі. Бірді екі қылады. Ысырапшылдыққа жол бермейді. Ал біздер құдалық өткіземіз, той жасаймыз, көкпар береміз, даңғазалыққа құмармыз. Бәленбай қаржы несие алып банкке қарыз­ға белшеден батамыз. Тым болмаса алған ақшаны оңды-солды шашпай, ұл-­қызына беріп, бір жырты­ғын жамаса жақсы ғой. Олай істемейміз. Бір сөзбен айтқанда, ақша ұстауға әдеттенбегенбіз. Не керек, босбелбеу қалпымызда социализмге келдік, одан нарыққа көштік. Босбелбеуліктен еш айнымастан жиырма-отыз жылға жуық келе жатырмыз. Ештеңені ойламаймыз, ештеңенің байыбына бармаймыз.
Қазір Қазақстанның 5,5 млн тұрғынының ипотекалық несиесі бар. Соның ішінде 1,5 млн адам бірнеше несие алған. Неге көзсіз ала береді? Әлде бәсекелес­тік пе? Әлде жоқты айтуға ұяла ма? Ер­теңінде шаң қауып қа­латынымен шаруасы жоқ. Міне, бұл – қазақтың ең басты кемшіліктерінің бірі. Соның салдарынан ең ауыр, қара жұмыста қа­зақтың ұлдары мен қыз­да­ры жүреді. Олардан не шығады? Ештеңе шықпайды. Сол психологиямен кетеді. Бүгінгі күнкөрісті ғана ойлайды. Өйткені ол одан басқа жолды көріп тұрған жоқ. Қайдан оңады? Осыдан барып қазақтың кедейі көп болмай қайтеді? Көптеген азаматтардың несие­лік жүктемесі өсуде, таза табыс көлемі төмендеуде.
Бір қуантарлығы, жаңадан сайланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық азаматтардың борыш жүктемесін азайту шаралары туралы Жарлық шығарып, халықтың мұң-мұқтажына бет бұра бастады. Мемлекет басшысы ретінде қарыз­ға батқан азаматтарымыздың жағдайына бей-жай қарай алмайтынын, қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, отбасылық қар­жылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік жасайтынын айтып, елдің еңсесін бір көтеріп тастады. Әрине, бұл жағдай несиелерін өтеудің амалын таба алмай отырған жандар үшін елеу­лі көмек болары анық.
– Қазір ұлт мүддесінен гөрі белгілі бір топтың, рудың мүддесін жоғары қоюшылық кездесіп қалады. Бұл орайда Елбасы «Ру мен тайпаға бөліну – ұлттың тұтастығынан айы­рудың өте қауіпті түрі» деп еді. Сіз не дейсіз?
– Ежелгі Қытай мемле­кетінде бес мың жыл бұ­рын рушылдық болған. Тіпті Рим мемлекетінде де 4 мың жыл бұрын рушылдық етек алған. Кейін на­рық заманына көшкен кезде рушылдықтың жақсылыққа апармайтынына көздері жеткеннен кейін бойларын аулақ ұстаған. Рушылдық деген – жегідей жейтін құрт. Бұл – әлі толық ұлт болып қалыптас­пағанымыздың көрінісі.

Елбасы жүргізіп отырған саясаттың құптарлық қыры – батысқа орталықтың, орталыққа батыстың тумасын руына қарамастан қызметке қоюы «менен үйреніңдер, үлгі алыңдар» дегені ғой. Десек те, осындай игі бастаманы әрі қарай жалғастыратын об­лыс басшылары жоқ. Себебі олар өздерінің орын­тағынан айырылып қа­ламыз деп қорқады. Әр жерде ақса­қалдар бар араға іріткі салып «сен бөтен рудың адамысың, істеп жатқан жұмысың жаман емес, бірақ сен кетуің керек» деп күн көрсетпейді. Сонда қайдан оңамыз? Негізі, рушылдық деген оңтүстікте басталған дерт еді, қазір Қазақстанның бәрін жайлап, асқынып кетті. Бұл Елбасы шешетін немесе мемлекеттік декретпен шығатын мәселе емес. Қазақтың көрнекті ғалымы Ақселеу марқұм рушылдық мәселесін жиыр­ма жыл бойы көтерді. Қазіргі рушылдық, рушылдық емес – протекция дейтін. Неге біз осыншама құлдырап, төмендей беруге тиіспіз? Қарап отырсаң, дамыған елдерден елу жылға қалып қойыппыз. Мәдениет, әдебиет, өнер, тіл, дін – барлық жағынан. Қазақтың мүддесін ойлап отырған басшылар көп пе бізде? Көпшілігі өзінің қара басының қамы. Қазақтың қазба байлығынан қалай болса да қарпып қалу. Сондай жағдайда қазақ халқы неге оянбайды? Неге ертеңін ойламайды?
– Біздің ілгері баспауымыздың да басты себебі өзімшілдік болып тұр ғой…
– Әрине. Айталық, қазақстандық байлар қа­йырымдылық дегеннен жұрдай. Неге? Мәселен, Эдвард Корнеги деген миллионер Америкада үш мың кітапхана ашып, оның ішін кітапқа толтырып, қызметкерлерге жалақы төлеп отырған. Бізде кім не істеп жатыр? Бар тапқаны ауылға барып әкесінің атын қойып, мешіт ашады. Әрине, мешіт ашқан жақсы-ау. Ал мектеп салып, оған қаржы бөлген одан да жақсы дер едім.
– Сіз биліктің биік сатысында қызмет жасаған адамсыз. Парламенттің екі шақырылымының депутаты болдыңыз. Білім саласы бірнеше реформаға ұшырағанын жақсы білесіз. Айтулы реформалардың бірде-біреуінің пайдасы болмады. Енді, міне, үштілділік деген шықты. Осыған не айтар едіңіз?
– Мен бұл саланың маманы емеспін. Білім саласындағы реформалардың аяғына жетпей жатқан себептері бар. Ол бізде үрдіске айналған. Шешімдердің де көбі орта жолда қалып қойып жатыр.
Елбасының Жолдауын, страте­гиялық құжаттарын қарасаң, бағыт-бағдары өте тамаша. Олардың нақтылы, қаншалықты орындалатынына Үкімет іс-шаралар жасаған. Ол да тамаша. Әттең, қай дәрежеде, қалай орындалып жатқаны жөнінде еш жерде есеп берілмейді. Біреуінің осындай болып еді, соны орындадық деп жариялап жатқанын естіген құлақ жоқ. «Жүз нақты қадам» бағдарламасының да басым бөлігі мықты. Болашаққа бағдарланған дүние. Оның да жүзеге асуының ақсап жатқан тұстары көп. Міне, бізде көп жақсы істің басы бар да, аяғы жоқ.
– Кейбіреулер үштілділік мәселесіне келгенде орыс тілінің қажеті жоқ. Ағылшын мен қазақ тілі болса жетеді дейді. Оған не уәж айтасыз?
– Орыс тілін алып тастау әсте мүмкін емес. Ол – біздің сүйегімізге сіңген құбылыс. Қазақтың төбе биі – Төле би бабамыздың «патшаның айтқандарының барлығы халыққа түсінікті болса, ондай жарлық – жарлық емес» дегені бар емес пе?! Демек, патшамыздың халыққа түсіндіре алмай тұрған нәрсесін біз ұғынып, сенуге тиіспіз. Ағылшын тілін енгізудің тиімді жағы бар. Өйткені ағылшын тілін енгізу арқылы орыс тілін әлсіретуге алып келеміз. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «мектепте алдымен ана тіліне басымдық берілсін» дегені өте дұрыс.
– Тіл мен ұлт мәселесін алға қойып, ұпай жинап жүргендер де бар ғой…
– Өте көп. Тек тіл мәселесін қаузап, қайта-қайта бір нәрсені қайталай берсең, жұрттың құлағы сарсиды. Одан ешқандай қызық болмайды. Тіл дамымай жатқан жоқ, дамып келеді. Оған ұран емес, нақты іс керек. Тіл, тіл дей бергенше «ту, ту» деп ұрандар едім. Өйткені қазақтың саны аз. Астанада қазақтілді газет сататын небәрі екі-ақ дүкен бар. Сонда қазақ газеттерінің азғантай ғана данасы сатылады. Жартысы өтпейді. Демек, оқымаймыз. Енжармыз. Ештеңеге қарағымыз келмейді. Түкке тұрғысыз түрік пен үнді сериалдарын көргенде алдымызға жан салмаймыз. Осының бәрі – артта қалып кеткеніміз. Ақшаға бағынғандық. Қазір үндіше амандасып, үндіше киініп, үндіше той жасап жатырмыз. Сұмдық – осы. Индира Ганди премьер-министр болып тұрған кезде мұсылмандарды аяусыз қыр­­ған. Ол мұсылмандар­ды қырып жатқанда, қазақтар балаларына Индира деп ат қойды. Бүгінде түрік фильмінің кейіпкерлерінің атын қойып жатырмыз. Сондай халықпыз. Өз қолыңды өзің кесесің бе, қайтесің?
– Латын әліпбиіне көшеміз деп дабыра қылып, бөркімізді басымызға атып қуанып едік. Кейін сол аптығымыз тез басылып қалды. Соған қарағанда, осы қадам саяси тәсіл болып қалған жоқ па?
– Саяси тәсіл болуы да мүмкін. Латын әліпбиіне көшуге тікелей қарсылығым жоқ. Себебі латын тілі – халықаралық тіл. Орыс тілін жеткілікті меңгердік, орыс әдебиетін, өнерін жақсы білеміз. Енді біз дамығымыз келетін болса, ағылшын тіліне көшуіміз керек. Ағылшын тілінің ғаламтордағы қолданыс аясы – 67 пайыз. Ол латын тілі арқылы тез келеді, ортаға сіңеді деген үміт бар.
– Кейінгі кезде мем­лекеті­міздің жоғары заң шығарушы органы – Парламентті қызметтен босаған шенеуніктердің келіп, демалатын «запасной» орны деп жатыр. Сіз қалай ойлайсыз?
– Барлық мемлекетте де сондай «запасной» орынтақтар бар. КСРО кезінде де Қорғаныс министрлігінің елуге тарта генералы осылай «запаста» отыр­ған. Онда тұрған ештеңе жоқ. Әңгіме басқада. Ана адамдардың өресі, қайраткерлігі, мемлекетшілдігі қандай? Олар мына жерде өздеріне жүктелген міндеттерді ойдағыдай атқара ала ма? Сайлаушылары қайда? Жылы орында бес-алты жыл отыра бере ме? Ол жағы халықтың оянуына байланысты.
– Қаптаған депутаттың ішінде халық үшін қызмет ететіні санау­лы ғана. Қалғаны – енжар, әлсіз, үндемейтіндер санатынан. Олардың ісіне халық қанағаттанып отыр­ған жоқ деген де пікір айтылып қалады.
– Мен депутат болып жүргенде де біздің жұмысымызға қанағаттанбаушы адамдар болған. Қазір де сондай. Өйткені депутаттардың нақты ісі ел арасында айтылмайды. Парламентте мынадай заң қабылданды деп жалпылама айтыла салады. Депуттаттың жасаған қызметі талқыланып, таразыға салынбаған соң осындай кереғар пікірлер туындайтыны рас. Жасыратыны жоқ, ақпарат құралдарынан, теледидардан жеке бір депутаттар туралы хабар беріле қалса, бар айтатыны ол үйінде не істеп жатыр, тұрмысы қалай, немен шұғылданады, қанша немересі бар, қай немересінің басынан сипап жатыр деген сияқты ұсақ-түйекті сөз етеді. Ол кімге керек? Кейіпкердің ішкі дүниесіне үңіліп, ол кісі депутаттыққа қалай келді? Біреудің қолдауымен бе, әлде өзінің пайым-парасатымен бе? Халқына қандай қызмет жасап, еліне қандай еңбек сіңіріп жатыр? Осы тектес сауалдар қойылса. Осы жағы терең зерттелмейді. Шыны керек, депутаттарды ешкім мақтамаған, мақтамайды да. Жалпы, билікке халықты қараңғылау етіп басқарған тиімді ғой.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Бейбіт ОСПАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button