Жаңалықтар

Табылдыны еске алатындар табыла ма?

Елордада «Астана-2019» ХХІ халықаралық авторлық әндер фестивалі өтті. Үш күнге созылған музыка мерекесіне әдеттегідей ел аумағынан және ТМД мемлекеттерінен бардтар жиналды.

Фестивальдің құрметті қонақтары қатарынан Мәскеуде тұратын қандасымыз Жеңіс Ысқақов, Ольга Качанова мен Вадим Козлов (Алматы), Роман Ланкин (Томск), Раиса Абельская (Екатеринбург) сынды бардтық ортаға белгілі өнерпаздар орын алды. Іс-шара бағдарламасына алғашқы рет 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында байқау қосылды. Олар «Автор», «Орындаушы» және «Ансамбль» аталымдары бойынша жарысты. Осы аталымдарға қатысудың басты шарты гитарада ойнай білу болды.
Жеңіс Ысқақов аталмыш фестивальге жылда қатысады. Қарағанды музыкалық училищесінен түлеп ұшқан оның Ресейде әжептәуір танымалдығы бар. Жеңісті осындай фестивальдердің қазылар алқасына үнемі шақырып тұрады. Ол өзінің авторлық әндерімен қатар Еуропа классикасын орындайды. Қазақ әндерінің басын қосып, бірнеше диск те шығарған. Осы жолы да бард көрермендерді шығармашылығындағы үздік туындылармен тәнті етті.
Іс-шара өткен аумақта жылдағыдай бірнеше шатыр тігіліп, қатысушылар емін-еркін сырласып, шеберлік алмасты. Сахнадан да, кешкілік уақытта ортада жағылған алау басында да әндерін шырқады. Өткен жылдардағы фестивальдің лауреаттары мен дипломанттары өнер көрсетті.
Осы фестиваль жылда шілде айында өтеді. Сол кезде өзімізді бір ой мазалайды. Өмірден ерте озған қазақтың тұңғыш бард әншісі Табылды Досымовтың туған күні дәл осы айда еді. «Астана» қалыптасқан фестиваль делік, неге оған балама ретінде Табылды Досымов атындағы бардтық әндер фестивалін қолға алмасқа?! Бардтың ұлы Абыл бастаған, Есенбай Құли секілді Табылдының ізбасарлары қазір жетерлік. Осы күндерге дейін Ақтөбеде және бардтың туған жері Индер ауданында осындай фестиваль өткен. Алайда Табылды өмір бойы өзі студенттік күндердің қызығын кешкен Алматыны аңсап өтті. Сол Алматы немесе елордада бардты еске алатын уақыт жетті. Соны бардтық әндер фестивалін ұйымдастыру формасында өткізуге әбден болады. Келесі жылы Табылдының туғанына 55 жыл, өмірден өткеніне 10 жыл толады. Қазірден бастап бард атындағы фестивальді ұйымдастырудың қамына кіріскен жөн деп ойлаймыз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button