Экономика

Ақша кімге бітеді?

Бай болсам деп армандамайтын адам жоқ шығар. Алайда қаншама адамның жүрек қалауы мен шынайы тұрмысының арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Неге? Бұл сауал­дың жауабын әркім өзінше іздейді: біреуге білім жетпейді, біреуде тәжірибе жоқ, енді бірі жеке кәсібін бастау үшін қажетті несие ала алмай жүр.

Дегенмен қолына ақша айнала бастаса, оны одан әрі көбейтіп, қорлануды емес, тезірек жұмсауға тырысады. Мәселен, той жасау, жаңа көлік міну, шетелге саяхаттау, мол ішіп-жем мен сәнді киімдер сатып алу, өйткені ақша тапшылығын көрген адамның негізгі армандары – осылар. Өмірдің материалдық игілігін көруге деген қалауыңыз­ға ешкім де қарсы емес, әрине. Бірақ біз айтқымыз келіп отырған парадокс осы жерде тұр. Ақшасының мол болғанын армандайтын адамдардың байлыққа, дәулетті болуға деген көзқарасы бірдей емес. «Ақша адамды бұзады», «маған байлық жақпайды», «ақша жүрген жерде адами қарым-қатынасқа орын жоқ» деген тұжырымдар санамыздан мықтап орын алған, осындай стереотиптерден арыла алмай жүрміз.
Біз өз өмірімізді қалай бақылай алатынымызды түсінбейінше, тіршіліктегі түрлі жағдайлардың құрбаны болып қала береміз. Бәрі де өз тағдырымыз­ды өз қолымызға алуға деген батылдықтан басталады. Сіздің бүгінгі тұрмыс деңгейіңіз – ойлау жүйеңіздің жемісі. Қазіргі ойыңыз өзгермесе, бес жылдан кейінгі немесе он жылдан кейінгі өміріңіз де осындай болатыны күмәнсіз десем болады. Бәлкім, сіз ойлайтын шығарсыз, «бұл менің тағдырым ғой, бұған қарсы не шара жасай аламын» деп. Әрине, солай. Басыңызға түскен іске сіз не істей аласыз? Бірақ бұл жерде өміріңіздегі қиындықтан гөрі сол жағдайға сіздің қандай реак­ция білдіретініңіз маңызды. Өміріндегі қаржылық қиындыққа өзінен басқаның бәрін кінәлайтындар бар. Үкіметті, достарын, туған-туысқандарын, әріптестерін, инфляцияны т.б. Тек қандай да бір қолға алған ісі жүрмей жатса, оның себебін өзінен іздеуді ойламайды. Осыған байланысты менің айтар кеңесім мынадай: өмір сынақсыз болмайды, оларды құдайдың маңдайыма жазғаны деп түсініп, одан шығар жол іздеу керек. Әрбір ауыртпалықтан соң жеңілдік, әрбір сынақтан кейін сый тұрғанын ұмытпаңыз. Тек сол қиындық­тарға деген біздің көзқарасымыз (реакция­мыз) дұрыс болуы керек. Яғни, біз қашанда жақсы ойлауға, үнемі позитивті болуға дағдылануымыз қажет. Кедергілерден қашып құтылудың емес, оларды шешіп құтылудың амалын жасаған адам ғана табысқа жетеді.

Алтын МӘМЕТЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button