Басты ақпарат

Арзан ипотека

Үкімет отырысында сөз сөйлеген Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Елбасының бес әлеуметтік бас­тамасы шеңберінде «7-20-25. Әр отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктері» атты бағдарламаның дайындалып жатқанын мәлімдеді.

«Ұлттық Банк өткен жылдардың неғұрлым оң тәжірибесін пай­даланып, Мемлекет басшысы ай­қындаған талаптармен: жылдық 7%-бен 25 жылға, 20% бастапқы жарнамен «7-20-25» бағдарламасын іске қосуға ниеттеніп отыр. Ең бастысы, ипотекалық қарыздарды міндетті түрде секьюриттеу тетігі арқылы екінші деңгейдегі банктер арқылы ипотекалық несие­леудің нарықтық қағидаттарын пайдалану керек» деді Д.Ақышев. Ол жылжымайтын мүлік бағасының құлдырауымен қатар, қарыз алушылардың несиелік тәуекелін жете бағаламаудың ипотекалық қарыз алушыларды, әсіресе, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарын қорғау қажеттілігіне әкеп соққан жағымсыз тәжірибені ескеру қажеттігін атап өтті.
Төрағаның айтуынша, наурыз айында Ұлттық банк басқармасы 100 пайыздық еншілес арнайы компания – бағдарлама операторын құру мәселесін қарастырады. Жаңа компанияның капиталы Ұлттық банктің қаражаты есебінен қалыптастырылады. «Капитал компания­ға банктер 7-20-25 формуласы бо­йынша ұсынған жаңа ипотекалық несиелерді нарық талаптарымен сатып алу үшін қаржы тартуға қажет. Секьюриттеу тетігі деген міне, осы. Одан кейін аталған компания қаржылық агенттікке айналуы үшін заңнама тиісті түзетулер енгізіледі. Оны наурыз айында Үкімет қарауына жібереміз» деп түсіндірді Данияр Ақышев. Ол баспанаға қатысты Елбасы бастамасының мемлекеттің сәтті бір қадамы екенін тілге тиек етіп, әр адамға жеңілдік шарттары ұсынылатынын жеткізді. «Бірақ бұл бағдарлама масылдыққа жол ашпауы тиіс. Бағдарламаның қаржылық шарттары болашақ қарыз алушылардың төлем қабілетінің болуын талап етеді. Бұған ресми табысы бар Қазақстанның әр азаматы қатыса алады. Қазіргі кезде банктер оның критерийлерін пысықтауда» деді төраға.
Данияр Ақышевтің есептеуі бойынша, жаңа ипотекалық несие қазақстандықтардың көпшілігіне қолжетімді болады. «Мысалы, тұрғын үйдің құны 7 млн теңге болған жағдайда ай сайынғы төлем 50 мың теңгеден аспайды. 10 млн теңге болса, ай сайынғы төлем 70 мың теңгені құрайды. Жұмысы бар қазақстандықтар үшін бұның қолайлы екені анық. Еліміздің өңірлерінде баспана бағасы әртүрлі болғандықтан, ірі қалалар мен өңірлер бойынша үйдің құнында алшақтық болуы мүмкін. Жеңілдікпен берілетін ипотекалық несие­лер толықтай қамтамасыз етілген және қайтарымды болуы міндетті» деді Ұлттық банк басшысы.
Айта кетелік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылдың 5 нау­рызында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жариялады. Сол үндеуде жұмысы бар әрбір қазақ­стандықтың 7 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен бастапқы кезде баспана құнының 20 пайызын төлеп, 25 жылға несие ала алатынын хабарлаған еді.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button