Қала тіршілігі

Келесі жылдың соңында Астанадағы бір ықшам ауданға газ беріледі

Үкімет отырысынан кейін «Ас­тана ақшамы» газетінің тілшісіне берген шағын сұхбатында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев осылай мәлімдеді. Оның айтуынша, Қызылордадан тартылатын магистральдық газ құбырының құрылысы биылғы 1 шілдеде басталса, 2019 жылдың соңында аяқталады. Үкімет жиынынан кейін, біз ми­нистр­ге нақты екі-үш сауал қойып, жауабын алдық.

– Министр мырза, ел елеңдеп отырған магистральдық газ құбыры қашан салынады? Астанаға газ нақты қашан келеді?
– Біз егер магистральдық газ құбырының құрылысын биыл бастасақ, 2019 жылдың соңына дейін аяқтаймыз. Демек, ол кезде Астанаға газ емес, магистральдық құбыр ғана жетеді. Жол картасында баяндағанымыздай, магистральдық құбыр салынып біткенше, жергілікті атқарушы органдар, атап айтқанда, Астана қаласы мен Қарағанды, Ақмола облыстарының әкімшіліктері жергілікті газ тарататын желілерді жобалау жұмыстарын бітіруі керек. Бұған жарты жыл уақыт беріледі. Астанаға газ тартудың бірінші кезеңінде осы мәселелер қарастырылады. Айта кетейін, осы бірінші кезеңде Астанадағы бір ықшам ауданға газ беріледі. Немесе су қайнататын қондырғыларды газ құбырына қосу жүзеге асырылады. Ал 2019 жылдың соңында бұл жұмыстар толық аяқталуы тиіс. Демек, сол кезде Астанаға газ келеді.
– Ал халықтың білгісі келетіні – газдың бағасы қандай болады? Бұл жерде монополия деген бар ғой.
– Біздің қолымызда техникалық-экономикалық негіздеме бар. Соған сәйкес, газдың бағасы шамамен 47 теңге болуы мүмкін. Бұл – біздің болжамымыз. Газдың бағасына не нәрсе әсер етеді? Біріншіден, газды орташа нарық бағасымен сатып аламыз. Одан кейін магистральдық желілер бойынша тариф бекітіледі. Содан соң газды бөлетін желілердің тарифі бөлек айқындалады. Осыдан келіп, белгілі бір бағасы нақтыланады. Айта кетейін, жергілікті әкімдіктер газ тарту жұмысын үш негізгі кезеңге бөліп, іске асырады. Ал жалпы алғанда «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының құны 267 млрд теңгені құрайды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button