Жаңалықтар

Көшеге Рудакидің аты берілді

Астанадағы жобалық атауы №179-көшеге тәжік-парсы ақыны және ғалымы Абу Абдаллах Рудакидің аты берілді. Қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында аталмыш ұсынысты депутаттар бірауыздан мақұлдады. Сессияға қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.

Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаевтың айтуынша, бұл ұсыныспен Астана қаласының әкімдігіне Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі шыққан. Аталған мәселе 21 ақпанда өткен қалалық ономастикалық комиссия отырысында қаралып, мақұлданды.
«Бұл жағдай Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға оң әсерін тигізеді. Душанбе қаласында ұлы Абай­дың атымен аталатын көше бар. Оның ұзындығы – 2,5 шақырым. Көше қаланың орталы­ғында орналасқан» деді басқарма бас­шысы.
Рудакидің аты берілген №179-көшенің ұзындығы – 710 метр. Алматы ауданында орын тепкен бұл көше Б.Майлин көшесінен басталып, Б.Момышұлы даңғылында аяқталады. Бұл көшенің бойында №51 мектеп-гимназия, №6 қалалық емхана, тұрғын үй кешені мен коттедж қалашығы тұр.
Абу Абдаллах Рудаки (858-941) – тәжік классикалық әдебиетінің негізін салушы, философ. Заманында «Ақындар атасы» атанған. Шығармаларының негізгі идеясы – адам өмірін жырлау. Бұл дәстүр өзінен ке­йінгі шығыс әдебиетіне ықпал етті. Рудаки өмірдің сәнді, салтанатты жағын, жақ­сылықты, кіршіксіз таза ма­хаббатты мадақтады, адам бо­йындағы асыл қасиетті жыр­лады. Ақынның шығармаларын зерттеуге қазақ ғалымдары Темірғали Нұртазин, Рахманқұл Бердібай елеулі үлес қосты. Өлеңдерін Қали­жан Бекхожин, Ғали Орма­нов, Тайыр Жароков, Тілеген Шопашев, Қайрат Жұмағалиев аударып, кезінде Рудакидің жыр жинағы қазақ тілінде жеке кітап болып шықты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button