Басты ақпарат

«Астана – адалдық алаңы»:

Естеріңізде болса, осыдан бір ай бұрын Астанада Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен әкімдіктің бірлескен «Астана – адалдық алаңы» жобасы іске қосылған болатын. Күні кеше өткен көшпелі кеңесте осы жобаның алғашқы нәтижелері жарияланды.

Құжат екінші тоқсанда сыналады

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырып, тұрмыс­тық сыбайлас жемқорлықты жоюды көздейтін жоба жарғысына Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен агенттік төрағасы Алик Шпекбаев қол қойған болатын. Арада тура бір ай өткенде жоба кеңсесінің басшысы Жазира Жылқышиева жоба жарғысына қол қойғаннан бастап іске асыру бойынша атқарылған жұмыс­тардың қорытындысымен таныстырды.
«Мемлекеттік мекеме басшыларының жеке жауапкершілігін арттыруға назар аударылуда. Енді құрылым ішінде жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстары немесе ауыр теріс қылықтары үшін бірінші басшылар тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Бізде «Жеке жауапкершілік» құжаты әзірленді. Азаматтардан да ұсыныс қабылдау үшін БАҚ-та жарияланды. Енді екінші тоқсаннан бастап құжат жергілікті атқарушы органдарда сыналады» дейді Жазира Жылқышиева. Оның айтуынша, бүгінде біршама ұсынымдар шығарылған. Мәселен, қалалық емханаларда тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру, еңбек және әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту салаларында дерекқорларды біріктіру, шешім қабылдау кезінде адам факторын азайтуға және шаралардың ашықтығын арттыруға бағытталған мемлекеттік сатып алу порталын дамыту мәселелері қарастырылған.

Ескі емханаға жөндеу жұмыстары керек

Адалдық жобасы аясында қала емханаларында сапалы қызмет көрсету үшін тұрғындарға ыңғайлы жағдай туғызу маңызды. Осыған байланысты көшпелі отырыс кезінде қала басшысы Әсет Исекешев пен агенттік төрағасы Алик Шпекбаев елорданың ең ескі емханаларының біріне табан тіреді.
Сейфуллин көшесінде орналасқан емхана ғимаратының іргетасы сонау 1966 жылы қаланған. Медициналық көмек алу үшін бір жыл ішінде мұнда жаңадан 800 адам тіркелген. Қала әкімінің пікірінше, қазіргі уақытта қала емханаларында мұндай жағдай етене таныс. Өйткені сырттан келушілердің қатары жыл санап артып келеді. Тек соңғы алты жылдың өзінде 130 мың пәтер пайдалануға берілді.
Емделушілермен кездесу кезінде қала тұрғындары, әсіресе, тегін дәрі-дәрмекті бұдан былай өз емханаларынан алатынына ризашылықтарын білдіріп жатты. Денсау­лық сақтау саласын цифрлық жүйеге көшіру аясында қолға алынған жобаны жүзеге асыруға қала емханалары дайындықтан өткені белгілі. Әсет Исекешевтің айтуынша, жаңа жобаның тиімділігі қала әкімдігінің 1 млрд теңгедей қаражатын үнемдеуге жол ашты. Ал үнемделген қаржы медицина саласындағы өзге де қажеттіліктерге жұмсалатын болады.
Жалпы, медициналық қыз­меттерді оңтайландыру, қалалық ауруханаларда электронды кезекті енгізу туралы мәселені пысықтау – «Астана – адалдық алаңы» жобасының басым бағыттары. Осы ретте көшпелі кеңес отырысына қатысушылар жайлы ортаны құру және емханаларда болып жатқан оңтайландыру процес­тері бойынша жобалық офис қызметінің негізгі бағыттарын ұсынды.
Жиында агенттік төрағасы Алик Шпекбаев ескі емхананың сыртқы келбетіне де назар аударды. Ол емхананың безендірілуіне қатысты ескертпесін айтып, ғимараттың терезесін ауыстыруды және сыртқы көрінісін жақсарту үшін жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Автоматтандыру жұмыстарын жетілдірген жөн

Көшпелі кеңес отырысына қатысушылар Бауыржан Момышұлы көшесінде орналасқан «Энергосбыт» мекемесінде болып, ондағы халықтың жағдайымен танысты. Мекемеде азаматтарға арналған барлық жағдай жасалғаны көрініп тұр. Көзі нашар көретіндер үшін арнаулы сызықтар, электронды кезек, қолайлы қондырмалы орындар, біркелкі дизайн… Десек те, кейбір тұрғындар қызмет көрсету сапасына көңілі толмайтындықтарын жеткізді.
«Біздің кезек күтіп отырғанымызға бір сағаттан асты. Электронды цифрлы қолтаңба алу керек деді. Оны да алдық. Тек бір ғана терезе жұмыс істеп тұр. Ал Абай көшесінде орналасқан мекеменің филиа­лына барып көрсеңіздер, таң қаласыздар. Ондағы кезектің соңы көрінбейді. Көлік қоятын тұрақ мүлдем қарастырылмаған. Кейде бір құжат үшін бір-біріне сілтейтін кездер болады» дейді қала тұрғыны Жәмила Тұрмағамбетқызы. Мемлекеттік қызмет көрсетуде мұндай қиындықтар болмау үшін Алик Шпекбаев компания басшысына мәселені тиімді шешуде тиісті шара қолдануды тапсырды.
«Негізінде, біздің қызметтің маңызды аспектісі – қызмет көрсетететін процестерді автоматтандыру. Бүгінде еліміздегі әрбір сала цифрландырумен және заманауи технологиялармен қамтылған. Мұндай өзгерістер мемлекеттік қызмет көрсететін барлық салаларда кеңінен жүргізілуі тиіс» деп қорытындылады жоба кеңсесінің басшысы Жазира Жылқышиева.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button