Басты ақпаратМәдениет

Әлем таныған Айман

Ресейдің атақты виолончелисі Игорь Гаврыш Айман Мұсақожаеваның сан қырлы қызметі мен бойындағы талантын ерекше бағалап, өзі нәзік болғанымен, тамыры мықты әсем бәйшешекке теңеген екен.

Бұл Қазақстан­ның бірінші скрипка­шысы, Қазақ­стан Республикасы Мем­лекеттік сыйлығының иегері, 1976 жылы Белградта өткен «Алтын арфа» мен Бранко Паевич атындағы арнаулы сыйлықтарын жеңіп алған, Токио (1983), Хельсинкиде Ян Сибелиус атындағы және Италияның Генуя қалаларында өткен беделді халықаралық конкурстардың жүлдегері, ХХ ғасырдың көрнекті 2000 музыкантының құрметті тізіміне енген, ЮНЕСКО-ның «Әлем әртісі» атағының иегері, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, профессор Айман Мұсақожаеваның бар болмысын ашатындай.
Алғашқы ұстазы, марқұм Нина Патрушеваның «дүниеге скрипкамен келген қыз» деп айтатынындай бар. Айманның қырық жылдық шығармашылық белесінде атақты Стрардивари скрипкасы әртістің қос қолына айналғандай. Халқымыздың көзайымы Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаеваның бүгінгі мерейтойы қарсаңында сұхбаттасқан едік.

Арам Хачатурян­ның батасы

– Қазақтың көзі ашық зиялысы, Қожабек әкеңіз К.Байсейітова атындағы арнайы музыка мектебінің скрипка сыныбына алып келгенде жарқын болашағыңызды болжағандай болды ма деп қалдым?
– Шынына келгенде, әкеміз де, анамыз да балаларының жоғары білім алуына көп көңіл бөлген жандар еді. Мен жеті жасқа келгенде алдыңғы әпкелерім Раиса, Раушан, Балдырғандар осы мектепте оқып жүрді. Кенже қызының үйдің үлкені Раисаның қамқорында болсын деген ойы да басым болса керек.
– Жетінші сыныпта оқып жүргеніңізде атақты композитор Арам Хачатурянның батасын алғаныңызды бала болып сезбедіңіз-ау…
– Мүмкін. Ол кезде атақты композитор Алматыға Абай атындағы опера және балет театрында басты рөлде Рамазан Бапов ойнайтын болып белгіленген өзінің «Спартак» балетін сахнаға дайындау барысын көруге келген болатын. Бұл қазақ өнеріндегі үлкен оқиға болды.
Соның арасында Еркеғали Рахмадиев ұстазым Нина Патрушевадан «Хачатурянның шығармасын орындай алады ма?» деп сұрайды ғой. Ол «әрине» дегеннен кейін мен сазгердің туындысын скрипкада ойнадым. Содан соң алып тұлғалы кісі нотаң бар ма деп сұрады. «Олай болса, нотаңды алып кел, мен оған тілегімді жазамын» деп, қолтаңбасын қалдырып еді. Осылайша, «Айман, сен ұлы скрипкашы боласың, бірақ мынаны ұмытпа: еңбек, шыдам және төзімділік – осы жолдағы сен ұстанатын басты нәрсе» деген тілегі жазылған нота қолымда қалды.
– Одан кейін 17 жасыңызда алғаш рет Чайковский атындағы консерваторияның сахнасына шықтыңыз ғой.
– Иә, бір қызығы, осы сахнадан жылылық сезіндім. Өмір бойы төрінде өнер көрсетіп жүргендей жанға жайлы әрі ыстық әсер. Бұл, әрине, кез келген әртістің басына бұйыр­маған бақыт екенін білемін. Әрі үлкен жауапкершілік. Біріншіден, мұндағы концертке талғамы биік, классикалық өнерге беретіні де, алатыны да бар адамдар келеді. Осындай ортада өнер көрсету мен үшін де биік меже болды.
Бүгінде еуропалық болсын, қазақстандықтар болсын өнерсүйермендер аса талғампаз келеді. Шыбынның ызыңы естілетіндей, сілтідей тынған залда көрермендерді сырлы сазбен баурап алуың керек. Хас талант сол жерде сыналады.
Меніңше, сахнадан құ­йылған әуен адамның бойын алып, жүрек кірін кетіру үшін жаратылғандай. Олай дейтінім, бірде концерт соңында бір тыңдарман келіп «Сізді тыңдасам, көз жасымды тоқтата алмаймын. Қашанғы көз жасымды бұлаймын?» деп әзіл-шынын араластыра ағынан жарылып еді. Демек, музыка адамның жүрек қылын тербететін, жанарына жас үйіретін құдіретімен қымбат.

Өнердің үлкен ордасы

– Осыдан 20 жыл бұрын өміріңізде өзгеше бетбұрыс болды деуге болады ғой. Астананың өнер көрігін қыз­дыруға тәуекел еткендердің үздігісіз. 40 жасыңызда үлкен міндеттің жүгін алып жүргенге жүрексінбедіңіз бе?
– Жоқ. Осы уақытқа дейін әлем сахналарында өнер көрсетіп, халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған шағым. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының солисі болып көп жылдар қызмет атқардым. Одан кейін Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваторияның кафедра меңгерушісі болып жүріп, 1993 жылы Мемлекеттік камералық оркестрдің негізін қалап, көркемдік жетекшісі болдым.
1998 жылы жеке шығармашылығымның 20 жылдығына арналған үлкен концерт өткіздім. Әлемдік аты бар музыкант достарым мен әріптестерім шақыруыма үн қатып, кештің құрметті қонағы болды. Концерттен кейін Президент Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ музыкасын дамытуға қатысты ойларымды сұрады. Мен тосылған жоқпын. Көптен бері жоғары стандарттарға жауап беретін музыкалық білім ордасын ашу ойымда жүретін. Дарынды балаларға арналған музыкалық бастауыш мектеп, орта білім беретін колледж және жоғары оқу орнынан тұратын көп сатылы музыкалық білім орталығын құру жөніндегі ұсынысымды Елбасы құптап, «дұрысы, оны жаңа астанамыз­да ашайық» деді.
Ол кезде қала әкімі Әділбек Жақсыбеков болатын. Ақмоладағы музыка мектебінің базасында болашақ өнер ордасының қазығын қақтық. Артынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 31 наурыздағы №269 қаулысымен Қазақ ұлттық музыка академиясы ашылды. Түлектермен жұмыс істеуге республикамыз­дағы белгілі музыканттар – Мәскеу, Ленинград, Новосибирск, Ташкент, Алматы консерваториясының түлектері шақырылды. Бұлар көптеген конкурс лауреаттарын тәрбиелеген жоғары білікті педагогтар мен орындаушылар, педагогикалық қызметте кеңінен қолданылып жүрген оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстары бар тәжірибелі әдіскерлер мен ғалымдар еді.
2005 жылы Орган залы ашылды. «Hugo Mayer Organ Construction» неміс фирмасының органын Астанаға алып келіп, орнатылды. Орган залындағы тұрақты өтіп жүрген концерттер, талантты жастарымыздың жетістіктері жаңа ашылған оқу орнына жақсы атақ берді. Елорда мен республиканың мәдени орталығы деген мәртебесіне қол жеткізді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2009 жылы елордада өнердің барлық түрін дамыту мақсатында Қазақ ұлттық музыка академиясы Қазақ ұлттық өнер университеті болып қайта құрылды. Қазіргі күнде университетімізде мәдениеттану, өнертану, хореография, кескіндеме, мүсін, режиссура, рөлдік ойын және деректі кино, операторлық өнер, сценография, оның ішінде киім, грим-визаж дизайны тәрізді жаңа шығармашылық мамандықтарға оқытып жатырмыз.
Қазіргі кезде университет мектеп-колледждің 7 бағдарламасы, бакалавриаттың 20 бағдарламасы және магистратураның 16 бағдарламасы бойынша мамандар дайындайды. ҚазҰӨУ-де музыка, дәстүрлі өнер, театр, кино және хореография, көркем­өнер және әлеуметтік-гуманитарлық факультеттер жұмыс істейді.
Университет осы жылдар ішінде музыкалық өнер саласындағы 500-ден астам халықаралық конкурстар мен 300-ден астам республикалық конкурстардың лауреаттарын дайындады.

Астананы асқақтатқан

– 2007 жылы Сізге «Астана қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Астананың биылғы мерейтойы қарсаңында бұрын шыққан газетімізді қарап отырғанымызда, мына хабарға назарымыз түсті. Онда: «Қазақтың атағын айдай әлемге танытқан әлем әртісі Айман Мұсақожаева мен әлемдік деңгейдегі музыкалық сиқырлы үнімен үндесе білген классикалық орындаушы Нұржамал Үсенбаева №9 шағын ауданда қала тұрғындарына арнап концерт қойды» делінген. Осындай ерекше концерттеріңізді астаналықтар ұмытқан жоқ. Астаналықтарды классикалық өнердің тұнығымен таныстырып, әсем әуеніңізбен рухтандырған кездеріңіз есіңізде ме?
– Жаңа астанамызды әлем танып, бүгінгі бас қалаға айналуына бәріміз бір кісідей атсалыс­тық. Қаланың маңызды шаралары ортасында біздің оқу ордасының түлектері жүрді. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген, жаңа жерге қоныстанғандардың музыкалық талғамын қалыптастырып, мәдени астанамыздың да қатар дамуына мүдделі болдық. Егер тарих беттерінде ізіміз қалып, елорда жылнамасында қызметіміз бағаланса, бұл – біздің еңбегіміздің нәтижесі.
Бүгінде біздің ордадан ұшып шыққан талантты өнерпаздарымыз елдің мақтанышына айналып, Астананың мерейін тасытып жүр. Олардың басында Сүндет Байғожин, Салтанат Ахметова секілді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері тұр. Жарқ еткен жұлдыз­дарымыздың бірі Димаш өз өнерімен қуантып жүр. Одан басқа, Оралбек Дүйсен, Айша Досымова, Эльдар Сапараев, Павел Романенко, Мәдина Капеу, Анель Шәкірова, Анна Мещерякова, Сергей Васильев сынды шетелде Қазақстанның өнерін танытып жүрген өнерпаздар көпшіліктің қошеметіне ие болуда. Дарынды скрипкашы Руслан Тұрынтаев қазір Мәскеуде оқып жатыр.
Университет жанында құрылған «Айгөлек», «Каприччи» скрипкашылар ансамблінің қай елде болмасын «қазақтың вундеркиндтері» деп қарсы алып жатады.
– Алматы облысында әкеңіз қызмет еткен ауылда мешіт салып, қайырымдылық шараларын көрсетіп жүрсіз. Әкеңіз туралы айта кетсеңіз.
– Әкем Қожабек бүкіл ауыл «Молда апа» деп атап кеткен әжемізден алғашқы сауатын ашқан. 1917 жылғы оқиғалар адам өміріне де төңкеріс жасады ғой. Сол кездегі бозбала жігіт 20 жыл бойына МТС басқарады. Сауатсыздықты жою науқанына қатысып, «ликбез» ұйымдастырған. Әкеміз гармонда ойнайды екен. Сөйтіп жүріп, көрші ауылдың әнші қызы Рахила анамызға үйленеді.
Әкем Қожабек Ресейдің ауылшаруашылық академиясында білім алған. Онда жүріп Тұрар Рысқұловпен серіктес болған. Алайда «халық жауы» деген желеумен ұсталып, айдалып кетеді. Лагерьдегі күндердің ауыр зардабынан кеселді болып, соңғы он жылында төсекке таңылып жатқан еді.
Осындай тағдырлы әке­міздің арманын алға жалғас­тырушы балаларына жоғары білім беріп, өнер жолына салып, болашағымыздың жарқын болатына сеніммен кетті.
Оның рухына құрмет көрсету арқылы өткенімізге ораламыз. Ал өткеніміз алға апарар істерімізге жігер береді дер едім.
– Шетелдерде жиі боласыз. Әр мемлекеттің биік төрінде өнер көрсетіп тұрғанда да, жаныңызға жетпейтін нәрсе бар ма?
– Қайда жүрсем де, екі аптадан асқаннан-ақ елімді сағына бастаймын. Әсіресе, Еуропа шаһарларында жүргенде даламның шалқар кеңдігін аңсаймын. Олардың менталитетін біздермен салыстыруға келмейді, әрине. Дегенмен адамның туған топырағы, өскен ұясы әрқашан да жанына ыстық.
– Концертіңізге келген қауым сіздің өнеріңізбен тыныстап, тынығып қалады. Ал скрипкашының өзі қалай демалады?
– Табиғат аясында демалғанды ұнатамын. Алатау бөктерінен қуат алып, қалай тыныс алсам, Арқаның самал желі де жанымды желпіндіреді. Өмірім бастау алып, өнерімді ұштаған Алматы да, білімім мен білігімді салып, Халық әртісі болып қалыптасқан, шәкірт тәрбиелеп, білгеніммен бөліскен Астана да маған ыстық. Екеуі қос қанатымдай. Егер мен алысқа сермеп, әлемнің түкпір-түкпірінде скрипка сазын әуелеткенде, алдымен арқамда тұрған халқымның қолдауын сезінемін. Өнер жолын бірге бастаған әпкелерімнің тілегі, шәкірттерімнің үміті мені алға жетелейді. Бұл менің бағым болар.
– Халқыңыз Сізді ардақ тұтады. Астанамен бірге өрілген жылдарыңызды елордалықтар мақтан ететіні анық. Менің де Сізге құрметім бөлек. Әсіресе, маған Сіздің ақ жүрегіңізден ақтарылып шыққан әдемі күлкіңіз ұнайды. Осы бір ақжарқын қалпыңыз адамдарды баурап алып, жолыңызда жолыққан жандардың ықыласын арттыратындай.
Бүгінгі мерейлі күніңізде жүзіңізден әдемі күлкіңіз кетпесін деп газет оқырмандары атынан тілек айтқымыз келеді.
– Сіздерге де көп-көп рақмет!

Сұхбаттасқан
Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button