Басты ақпарат

Аулаларды абаттандырғанда тұрғындардың тілегі ескеріледі

Астана ТВ арнасының Elorda Live бағдарламасына қатысқан кезекті қонағымыз – Байқоңыр ауданының әкімі Асқар Есілов аула аумақтарын абаттандыру жөнінде әңгімелеп берді.– Қала басшысы Алтай Көлгінов аула аумақтарын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Әкім аулаларды жиі аралап, жағдайымен жіті танысып жүр. Оның ішінде Байқоңыр ауданының аулаларында болғанын білеміз. Аудандарыңызда қанша аула бар, оларды дамыту үшін қандай іс-шаралар атқарып жатырсыз­дар?
– Біздің ауданымыз жас, құрылғанына небәрі 1,5 жыл ғана болды. Ауданда 234 аула бар. Статистикаға сүйенсек, 167 ауланың күйі қанағаттандырарлық деп айтуға болады. 67 ауланы абаттандыру қажет етіледі. Үстіміздегі жылы 23 ауланы жабдықтадық. Олардың көпшілігі тұрғындардың, ПИК иелерінің өтініштері бойынша абаттандырылды. Келесі жылы 39 ауланы дамытуды жоспарлап отырмыз. Жылдан жылға абаттандырылатын аулалардың санын көбейтуге күш салып келеміз. 39 аула негізінен Бараев, Т.Хұсейн, Тәшенов және Жастар шағын ауданы квадратында орналасқан. Янушкевич көшесіндегі ауланы ПИК-тің өтініші бойынша жасағалы отырмыз, тағы бірқатар аулалар бар. Аула аумақтарын дамыту – аудан әкімдігінің негізгі міндеттерінің бірі. Сол арқылы жұмыс нәтижесін неғұрлым айқын көруге болады.
– Аулаларды дамытудың талаптары қандай? Балалардың ойын алаңдарын жасақтау, көлік қоятын орындар ашу, тағы қандай жұмыстар қарастырылуы керек?
– Ауланы дамытудың кешенді жоспары бар. Онда балалардың ойын алаңы, көлік қоятын орындар, одан басқа игіліктер – бәрі қарас­тырылған. Кейде олардың жеке элементтері жоспарлануы мүмкін. Дегенмен, тұтас кешен ретінде абаттандыруға тырысамыз. Міндетті түрде шағын сәулет формаларын (ШСФ) белгілі стандарттар сәйкестігін қадағалаймыз.
Аула аумақтары ұлғайып жатыр, халық саны үздіксіз өсіп келеді. Автокөліктер саны көбеюде. Кей аулаларда көлік қоятын орындарды арттыру керек болады. Кейбір аулаларда жасыл желек жоқ, оларды көгалдандыру керек. Абаттандыру мәселесіне осылай кешенді түрде қараймыз, барлық аулада адамның демалуына жағдай жасалуы тиіс.
– ЭКСПО аумағында жақсы ойын алаңдары бар. Басқа аулаларды да неге сондай қылып жасамасқа?
– Қала тұрғындары ЭКСПО аумағындағы ойын кешендерін көрген болар, онда балалар өрмелеуге арналған арқандар, заманауи ШСФ кешендері орнатылған. Ал енді біздің ауданымызда негізінен, ескі құрылыстар көп болғандықтан, аула аумақтары тар. Бұл жерлерде ЭКСПО-дағыдай көп нәрселерді орналастыру мүмкін емес.
Биыл ауданның аулаларына талдау жүргізіп, көлемді ШСФ орнататын орындарды анықтадық. Бұйыртса, келесі жылы кейбір аулаларды мүмкіндігіне қарай ЭКСПО аумағындағыдай етіп жасайтын шығармыз.
– Аулаларды абаттандыруға қаржы қайдан бөлінеді? Ақша ұдайы жеткілікті ме? Оған жеке бизнес көмектесе ме?
– Ауланы дамыту жергілікті бюджеттің есебінен жүзеге асырылады. Дегенмен, одан бизнес те тыс қалмайды. Мәселен, былтыр Халық банкі, базарлардың бірі ауланы абаттандыруға қатысты. Олардың қатысуымен 26 ШСФ кешендері орнатылды. Биыл «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-мен бірге Өндіріс кентінде Ақбидай көшесінде кешенді абаттандыру жұмыстарын жүргіздік. ШСФ, спорттық тренажерлар, футбол алаңы орналастырылды. Оған қоса ағаш отырғыздық. Жиектастар салдық. Көлік қоятын орынды ұлғайттық. Оған дейін ол 15 автокөлікке арналған болатын, оны 50 машина сыятындай қылып кеңейттік. Қазір үйдің тұрғындарының бәрінің көлігі сыятын болды.
– Қыс кезінде бірнеше тұрғын үйге арнап сырғанақ тебетін төбешік, мұзайдын жасап қоюға бола ма? Балаларымыз қыста қыстық спортпен шұғылданса, қандай тамаша?! Жалпы, мұндай жоспар бар ма?
– Бала кезімізде көпшілігіміз сырғанақ теуіп өстік, оны жасауға ата-аналарымыз, үлкендер көмектесетін. Бұл жерде бір мәселе бар: біз бюджеттік қаржыны сырғанақ жасауға жұмсай алмаймыз. Тек қана ауланы қардан тазалау кезінде ПИК-пен бірге ұйымдастыра отырып, қарды бір жерге үйіп, сырғанақ жасауға болады. Бұл процеске тұрғындарды да, балаларды да қатыстыру керек, сонда олар өз қолдарымен жасаған сырғанаққа жанашырлықпен қарап, күтіп ұстайтын болады. Жалпы, алдағы қыста 5 алаңды абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Оларда мұз төбешігі, мұз мүсіндер қойылатын болады. Ол Ата Түрік саябағын, Абай көшесіндегі қайтадан салынған Жазушылар гүлбағын, Өндіріс және Кирпичный кентінің аулаларын, сонымен қатар «Егемен Қазақстан» көшесіндегі гүлбағын абаттандырамыз. Бұл жерлерге мұз төбешігі, мұз мүсіндер, шырша орнатылады. Ол жерлерде сауда-саттық ұйымдастырылады, демалып-тынығуға арналған басқа да шаралар жасалады.
– Кейінгі кезде қалада гүлбақтары көбейіп келеді. Ескі екі қабатты үйлер сырылып, олардың орнына жасыл желек отырғызылуда. Осындай бақтардың дизайнын кім жасайды, тақырыбын кім таңдайды?
– Аудан аумағында негізінен ескі ғимараттар, жеке құрылыстар көп болғандықтан, тозығы жеткен үйлерді кезегімен сырып отырамыз. Мәселен, Кенесары көшесінің бойындағы көптеген апатты үйлер сырылды. Ауданда ондай үйлер әлі де бар. Сырылған үйлердің орнына гүлбақ жасаймыз. Алаңдарды жоспарлағанда тұрғындардың тілегімен санасамыз. Ауланы абаттандырушы мамандармен ақылдасамыз. Аталған бағдарлама Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы арқылы жүзеге асырылады. Бағдарлама операторы солар, құрылыс жұмыстарымен солар айналысады. Жобалау-сметалық құжатын жасаған кезде тұрғындардың тілектері, сәулетшілердің, дизайншы мамандардың пікірі ескеріледі, құжатқа салынуы тиіс құрылыстардың бәрінің элементтері енгізіледі. Процесс айтарлықтай ұзақ, бірақ оның нәтижесі бізді қуантады. Мысал ретінде Абай көшесіндегі Жазушылар гүлбағын, Кенесары көшесіндегі гүлбағын айтуға болады. Гүлбақтарды жасағанда олардың неғұрылым жасыл желекке малшынып тұруына көңіл бөлеміз.
– Кемшіліксіз аула қандай болады? Мәселен, қаланың ескі бөлігінде аулалар тар. Оларды көңілден шығатындай қылып абаттандыру үшін не керек?
– Кемшіліксіз ауланы екі қырынан қарастыруға болады. Бірінші, қауіпсіздігі жағынан. Нақты жағдайға ыңғайластырылған стандартты ШСФ кешендері, жаңа конструкциялар, қауіпсіз пластиктер мен ағаш нәрселердің орнатылуы керек.
Менің түсінігімде, кемші­ліксіз аула деп балалар үшін де, үлкендер үшін де қолайлы ауланы атауға болады. Міндетті түрде балалардың ойын алаңы, жастарға арналған спорттық жабдықтар, үлкендер үшін демалатын сәкілер орнатылып, ағаш отырғызылуы керек.
– «Жастар» шағын ауданында гүлбағы бар. Онда сәкіде қаңғыбас адамдар жиі ұйықтап жатады. Осы мәселені біржақты қылып шешуге бола ма?
– Бұл гүлбағы бұрыннан бар, Бараев көшесінің бойында орналасқан. Әрине, қараусыз қалған, жарықтандырылмаған жерлерге тұрақты мекені жоқ адамдардың үйір келетіні бар, сондықтан біз осындай аулаларды жарықтандыруға, күтімде ұстауға тырысамыз. Ағымдағы жылы ағаштарға жарық сәулесін түсіру үшін жаңа технологияны қолдандық, 180-нен астам шамшырақтар орнаттық. Өте әдемі көрінеді. Гүлбағы жаңа сипатқа ие болды, әлеуметтік желілерде осы шешімімізді құптаған көптеген тілектер естіп жатырмыз. Қазіргі кезде жарықтандырылмаған учаскелер жоқ деп айтуға да болады. Оған қосымша жоғарыда аталған жандарды анықтау үшін полиция патрулін іске қосамыз. Егер мұндай фактілер болып жатса, бақылауды күшейтеміз. Шағымданушылар 109-ға қоңырау шалса да болады.
– Аулалардағы тренажерлар ауа райының әсерінен немесе күтіп қолданбағандықтан жиі бұзылып жатады. Оларды жөндеуге жылда қаржы бөліне ме, әлде спорттық құрылғылар бір рет орнатылды, одан кейін әкімдіктің онымен жұмысы болмай ма?
– Бұл мәселе, ең бірінші, жабдықтаушылардың адалдығымен байланысты. Сосын конкурс өткізудің талаптары, шарттары бар. Келісімшарт бойынша жабдықтардың кепілді қызмет көрсету мерзімі көрсетілген. Кепілді мерзім 2 жылдан кем емес. Осы екі жыл ішінде тренажерлардың материалына, жұмыс сапасына қатысты кемшіліктер анықталса, жабдықтаушы оны жөндеуге немесе ауыстыруға міндетті. Сонымен бірге, жабдықтар орнатқаннан кейін қызмет көрсетуді ұйымдастырушы ұйымды шақыртамыз, олар ағымдық жөндеулерді жүргізеді. Сыры кеткен тұсты бояу, босап қалған бұрандасын бекіту деген сияқты.
– Аулаларды абаттандыру кезінде қандайда бір проблемалар кезіге ме?
– Проблема көп, ол абаттандыратын аумаққа байланысты. Егер аула жаңа болса, әдетте бос кеңістік жатады. Оны абаттандырғанда қажет элементтерді сауатты орналастыру үшін сәулетшілерді, дизайншыларды, тиісті мамандарды шақырамыз. Ал ескі аулаларды абаттандыру кезінде тұрғындар кейбір бұрынғы элементтерді қалдырғысы келеді. Мұндай жағдайда ескі мен жаңаның үйлесуін қадағалаймыз. Ескі аулаларға бұрын төселген инженерлік желілерге қатысты түйткілдер де аз емес. Кейбір қараусыз қалған аулаларда 15-20 жыл бойы өсіп тұрған ағаштар бар, оларды кесу обал. Оның да ақылға қонымды шешімін табуға тырысамыз.
– Байқоңыр ауданында абаттандыру бойынша қолға алынып жатқан жобалардың қайсын ерекше деп айта аласыз?
– Ағымдағы жылы «Жас­тар» шағын ауданында екі ауланы абаттандырдық, Өндіріс кентіндегі Ақбидай көшесі, 15 үйдің алаңын абаттандыруды ірі жоба деп айтуға болады. Сондай-ақ Жұбанов көшесінде жазда – футбол, қыста хоккей ойнайтын корты, көптеген ШСФ кешендері бар ауланы абаттандырдық.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button