Жаңалықтар

БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Бауыржан Байбекті қабылдады.

Кездесуде «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын әрі қарай жүзеге асыру мәселелері, сондай-ақ ауыл әкімдерін алғашқы тікелей сайлау нәтижесі талқыланды.

– Биыл партия бірнеше маңыз­ды науқан өткізді: біз Парламент Мәжілісінің сайлауына қатысып, жеңіске жеттік, сондай-ақ тарихымызда алғаш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Партияның орталық аппараты мен филиалдары жергілікті жерлерде ауқымды жұмыс атқарды. Қараша айында партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізу жоспарланып отыр. Онда өткен науқандардың қорытындысы бойынша көзге түскен партия белсенділерінің еңбегін атап өтуіміз керек, – деді Елбасы.

Nur Otan партиясының Төрағасы халықпен тығыз байланыс­та жұмыс істеуді жалғастыру керектігін айтып, сайлауалды уәделердің жүзеге асуын қадағалау­дың маңыз­дылығына тоқталды.

Жұртшылықпен жұмысты жалғастырған жөн. Олардың мәселелерін білу, атқарушы билік органдарына жеткізу және шешімін табуын қадағалау қажет. Партия беделін нығайтуды әрі қарай жалғастыру керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Б.Байбек ауыл әкімдерін сайлау нәтижелерін баяндады, сондай-ақ Nur Otan мүшелері мен электораттың бұл процеске белсене атсалысқанын атап өтті.

– Ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың қорытындысы бойынша біздің партияның өкілдері округтердің 86 пайызында жеңіске жетті. Партия арқылы сайланғандардың 35 пайызы – жаңадан келгендер. Жалпы әкімдер корпусы 50 пайызға жаңарды. Олардың орташа жасы – 46, әйелдер – 11 пайызды, жастар 14 пайызды құрады, – деді Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Б.Байбектің мәліметі бойынша жыл басынан бері партияның қоғамдық қабылдауларына 103 мыңнан астам адам хабарласып, 20 мың азамат қабылданды. Сондай-ақ өңірлерде қоғамдық кеңес­тер арқылы түскен 4,5 мыңнан астам өзекті әлеуметтік мәселе партияның бақылауына алынды.

Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев­қа сайлауалды индикаторлардың орындалу барысы туралы есеп берілді. Сондай-ақ партияның жастарды және халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтарын қолдау шаралары, өңірлерде партиялық бақылауды қамтамасыз ету қызметі туралы ақпарат ұсынылды.

Соңында Елбасы партияның орталық аппараты мен өңірлік филиалдарына Саяси кеңестің кеңейтілген отырысын өткізуге жан-жақты дайындық жүргізуді тапсырды.

 

***

Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады.

Кездесуде Қазақстанның Тұңғыш Президентіне «Самұрық-Қазына» қорының өндірістік және қаржылық көрсеткіштері туралы баяндалды.

А.Сәтқалиевтің мәліметі бойынша биылғы 7 айда уран саудасында, электр энергиясын өндіруде, сондай-ақ контейнерлік тасымалдауда көрсеткіштердің оң қарқыны байқалуда.
Елбасыға Қор тобындағы кәсіпорындардағы вакцинация­лау процесі мен санитарлық-эпидемио­логиялық қауіпсіздік шаралары туралы мәлімет берілді.

Кездесу қорытындысы бойын­ша «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің Төрағасы бірқатар нақты тапсырма берді.

 

***

Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен телефон арқылы сөйлесті.

Әңгіме барысында Қазақстанның Тұңғыш Президентіне Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы төтенше жағдайға байланысты өңір халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыс жайында мәлімет ұсынылды.

Елбасы барлық зардап шеккен адамдарға көмек көрсетудің және төтенше жағдай салдарын жоюдың маңыздылығын атап өтті.

 

***

Елбасы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевпен телефон арқылы сөйлесті.
Әңгіме барысында Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасына Жамбыл облысы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Байзақ ауданындағы төтенше жағдай салдарын жою үшін қабылданған шаралар туралы ақпарат берілді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті төтенше жағдай кезінде қаза болған адамдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button