Басты ақпаратТалайғы тарих

Тажал ошағы өшкеніне – 30 жыл

1991 жылы 29 тамызда Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды.
Деректер бойынша 1949-1989 жылдар аралығында полигонда 456 ядролық сынақ жүргізілді. Барлық жарылыстардың қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2500 есе артық болды.
Қазақстанда полигондағы сынақтардан 1.5 миллионнан астам адам зардап шеккен.

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗ ӘЛЕМ ЖОЛЫНДАҒЫ КӨШБАСШЫЛЫҚ

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңінің ерекшеліктері мен мемлекеттік тұрғыда қол жеткізген тарихи жетістіктері туралы егжей-тегжейлі баяндалады. Біз бүгін Семей ядролық полигонының жабылуы, осы бағытта қабылданған саяси шешімдер туралы Елбасының мақаласын ұсынуды жөн көрдік.

Аумағымыздағы Семей сынақ полигоны, мұраға қалған кеңестік қару-жарақ тәуелсіз республиканың меншігіне өткеннен кейін, бізге үлкен таңдау жасау қажет болды. Бәске ұзақ мерзімді ұлттық қауіпсіздік тігілді. Таразының бір басында, өзіміздің әскери қуатымыздың ресурсы ретінде ядролық әлеуетті сақтап қалу, ал екінші басында өзіміз үшін ядролық қарусыз болашақ таңдап, одан бас тарту арқылы бүкіл жер жүзіне біздің мақсатымыз күшімізді қару-жарақ жинаумен дәлелдеу емес екенін көрсету тұрды.
Осынау күрделі таңдау алдында тұрған кезде Алматыға, көптеген адамдар үшін тірі аңызға айналған, Маргарет Тэтчердің келгені есімде. Дегенмен алғашқы кездесуден-ақ бастысы қонақтың биік мәртебесі немесе маңызын сезіну емес, жұмыс пен мәселенің шешілуі екеніне ден қойдық. Ол өте еркін, тік мінезді әрі ашық адам болатын. Тэтчер бірінші кездесудің өзінде маған: «Сіз ядролық қаруды не істемек ойдасыз?» деген сауалды тікесінен қойды. Іштей кесімді шешім қабылдап қойсам да, әлі де ойлану үстіндегідей қалып таныттым. Бір жағынан маған оның мұндай тік мінезі ұнады. Екінші жағынан, Тэтчердің бұл сауалды өз тарапынан ғана емес, сондай-ақ батыстағы тұтас саясаткерлер ортасы атынан қойып отырғанын түсіндім. Ал негізгі келіссөз процесі әлі алда еді, сондықтан картаны алдын ала ашып тастауға да болмайтын. Дегенмен мен Тэтчермен барынша ашық сөйлесуге шешім қабылдадым және өз көзқарасымды барынша нақты білдірдім. Қазақстан қару-жарақтың таралу қаупіне жауапкершілікпен қарайды, бірақ бізге ядролық мемлекеттердің кепілі қажет еді, сонымен бірге елеулі инвестицияға есеп жасап отырғанбыз. Онсыз біз нақты келіссөздер жүргізе алмайтын едік. Осы әңгіме барысында Тэтчер мені мұқият бақылады. Бірінші кездесудегі сол ойлы да қатаң көзқарас есімде жақсы сақталыпты. Өзіңді рентген сәулесі арқылы тексеріп жатқандай болатын. Алайда біздің сөзімізде ешқандай жасырын астар болған жоқ. Тэтчер менің ашықтығымды жоғары бағалады. Кейде саясатта стереотиптерді бұзу да қажет. Өзіңнің қарсы алдыңда отырған адамның мінез-құлқы мен деңгейін түсіну де маңызды. Менің басымнан әлемдегі ең ірі мемлекеттердің бірінің президентіне байланысты бір оқиға өтті. Атын айтпақ-ақ қояйын. Өйткені тұтас бір мемлекеттің беделіне нұқсан келтіргім келмейді. Дегенмен сол адамның бойындағы үлкен саясатқа деген көзқарас болмашы ғана есебі бар кішкентай компанияның жұмысты жаңадан бастаған есепшісіне тән болатын. «Есесіне мен не аламын, әңгімелесуші мені алдап кетпей ме?» дегендей ойда отыратын. Ал Маргарет Тэтчермен әңгіме барысында оның ерік-күші мен деңгейін бірден сезіндім. Ол қашанда өзіне не қажет екенін білетін. Әңгіме деңгейін де өте үлкен биікке шеберлікпен көтере алатын.

Алматыдан аттанарда Тэтчер маған: «Меніңше, Сізбен әлі де көп жайды талқылауға болатын сияқты» деді. Шынында да, солай болды. Бұдан кейін де онымен бірнеше мәрте кездестік. Лондонға барған сайын мен міндетті түрде оған соғатынмын. Осылайша, Қазақстанның «ядролық мәселеге» байланысты таңдауы біржола шешілді: 1991 жылдың 29 тамызында мен Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойдым. Алайда проблемалар көп еді. Сондықтан 1992 жылдың қазанында БҰҰ-да сөз сөйлегенде, мен осынау ажалдың апанын жапқанымызды, бірақ аймақты сауықтырып, зардап шеккендерді емдеу, нәрестелерді қатерден қорғау үшін мол қаржы керек екенін атап көрсеттім.

Әлемдегі АҚШ, Ресей мен Украинадан кейін көлемі жағынан төртінші ядролық арсеналдың тағдыры туралы мәселе ашық күйінде тұрған. 1991 жылдың соңында республика аумағында 1216 ядролық оқтұмсық болды. Бұл сол кезде Ұлыбританияның, Франция мен Қытайдың оқтұмсықтарын қосып есептегеннен де көп болатын. Мен «ядролық қару-жарақ Қазақстанның аймақтағы ықпалын күшейтуге қабілетті» дейтіндердің пікіріне мүлдем келіспедім. Саясаткер ретінде ядролық мемлекет мәртебесі елге болмашы ғана артықшылық беретінін, есесіне болашақта үлкен сыртқы саяси проблемалар тудыратынын айқын түсіндім. Атап айтқанда, Ресей өзін КСРО-ның бірден-бір ядролық мұрагерімін деп есептеді, ал АҚШ пен басқа да батыс державалары әлемге тарап кеткен ядролық қарудың терроршылар үшін қолжетімді болу мүмкіндігіне алаңдады. 1992 жылдың басында жас тәуелсіз мемлекеттер ядролық қаруды бір жерден бақылау мәселесіне келісе алмағаннан кейін, олардың алаңдаушылығы тіпті күшейе түскен.

Біздің аумағымыздағы ядролық әлеует проблемасының шешімі белгілі бір деңгейде – Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Армения арасында 1992 жылдың мамырында Ташкентте қол қойылған Ұжымдық қауіпсіздік келісіміне айтарлықтай әсер етті. Аталмыш алты елдің кез келгеніне төнген сыртқы агрессия қатері қалған қатысушылардың оған, кез келген қажет болса, әскери көмек те беруге міндеттейтін. Сол 1992 жылдың мамыр айында үлкен Джордж Бушпен келіссөздер барысында, «ядролық мәселенің» еліміз үшін барынша пайдалы, оңтайлы шешімін табудың сәті түсті. Біздің дипломатиямыз әлемдегі аса ірі державаның Қазақстанды саяси тұрғыда толық мойындауына және бізбен жан-жақты экономикалық әріптестікке әзір болуына қол жеткізді. Осылайша, әлем тарихында тұңғыш рет сыртқы саяси диалогта ядролық қаруға ие болу емес, керісінше, одан бас тарту маңызды тетікке айналды. 1993 жылдың ақпанында біз жаңадан сайланған АҚШ президенті Билл Клинтонның Мемлекеттік хатшы У. Кристоферге Қазақстанмен әріптестік мәселелерімен айналысу туралы тапсырма берген хатын алдық. Атап айтқанда, Б. Клинтон «Нанн-Лугар заңына сәйкес, АҚШ Қазақстанның ядролық қарудан азат болу процесіне көмектесу үшін қаржы бөлуге міндеттенетінін» жазыпты.
Дегенмен, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Қазақстанға келген кезде шахталардағы ядролық зымыран қондырғыларын жою жөніндегі келісімшартқа жылдам қол қойғызу үшін тізеге салмақ болды, мен оны тоқтаттым. Әрине, біз АҚШ-тың алаңдаушылығын түсіндік және өзім де келісімге қол қоюға дайын едім. Бірақ дәл мұндай стратегиялық шешім үшін Қазақстан не алады? Мен оның есесіне Қазақстанның экономикасын әртараптандыруға, қорғаныс кәсіпорындарын бейбіт мақсатқа пайдалануға және басқа да қажеттіліктерге керекті америкалық инвестициялардың келуін талап еттім.

Әлемдегі АҚШ, Ресей мен Украина­дан кейін көлемі жағынан төртінші ядролық арсеналдың тағдыры туралы мәселе ашық күйін­де тұрған. 1991 жылдың соңында республика аумағында 1216 ядролық оқтұмсық болды. Бұл сол кезде Ұлыбританияның, Франция мен Қытайдың оқтұмсықтарын қосып есептегеннен де көп болатын

Жалпы, біздің АҚШ-пен арада экономикалық әріптестік жөніндегі мемлекетаралық келісіміміз жоқ болатын. Біз тек мұнай бизнесі ғана емес, басқа да америкалық бизнес түрлерінің Қазақстанға келуін қаладық. АҚШ үкіметі оған мүмкіндігінше септесуге тырысты. Ол үшін мемлекет­аралық маңызды келісімдер керек болатын. Қысқасы, келісе алмадық. Сөйтіп, Кристофер риза болмай кетті.

Мұндай жағдайларда АҚШ-қа пайдалы нәрселердің басқаларға да автоматты түрде пайдалы болатыны туралы америкалық элитаның ние­ті заңды да. Бірақ маған өз елімнің мүддесін қорғау керек еді. Сөйтіп саналы түрде тәуе­келге бардым. Бақытымызға орай, президент Б. Клинтон мен вице-президент А. Гор реалистік тұрғыда ойлайтын адамдар болатын.
1993 жылдың 10 желтоқсанында Жоғарғы Кеңес ядролық қару-жарақты таратпау туралы келісімшартқа қосылуға дауыс берді.

1994 жылдың 28 наурызында Борис Ельцинмен Қазақстан аумағында уақытша орналасқан Стратегиялық ядролық қарулар туралы келісімшартқа қол қойылды. Келісімшартқа сәйкес, Ресей Қазақстанға ядролық шабуыл қатерінен қорғауға кепілдік берді.

Қазақстанның басты артықшылығы – жаппай қырып-жоятын қару-жарақтың мол қорында емес, керісінше, ашықтықта, бейбітшілікте, саналы ой-сана мен моральдық беделде екенін біз о бастан жақсы сезіндік. Ол ядролық қарусыз мемлекетті жүздеген, тіпті мыңдаған оқтұмсығы бар мемлекеттерден де қауқарлы күшке айналдыра алатын. Ұзақ мерзімді ұлттық қауіпсіздікті нығайту үшін қатерлі қарудан бас тартудың мұндай саясаты барлық замандарда да өзгелерге үлгі болуға тиісті еді.

1994 жылдың қазан-қараша айларында АҚШ Қазақстаннан (Өскеменнен) Америкаға 600 килограмм жоғары байытылған уранды алып кету жөніндегі «Жақұт» операциясын іске асырды.

1994 жылдың 5 желтоқсанында Будапештте өткізілген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) саммитінде Қазақстан, Ресей, АҚШ және Ұлыбритания басшылары Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қосылған елдердің қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы Меморандумға қол қойды. Соңынан Қазақстанға мұндай кепілдікті, Франция мен Қытай сияқты, басқа да ядролық мемлекеттер берді. Бұл әлемдік қоғамдастықтың Қазақстанның өз міндеттемесін орындауын мойындайтынын және оған жауап есебінде қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығына кепілдік беретінін білдіретін.

1995 жылдың мамыр айының соңына қарай Қазақстан аймағындағы ядролық қару толық жойылды немесе әкетілді, баллистикалық зымырандардың шахтадағы қондырғылары да жойылды. Осылайша, кеңестік ядролық қаруды мұраға алған, ел алдындағы аса күрделі міндетті – бүкіл әлемнің мүддесіне сәйкес және ұлттық қауіпсіздікке ешқандай нұқсан келтірмей шеше алдық.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button