Sport

«Барыс» – жеңімпаз

Астананың «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасында 59 матч өткізіп, мерзімінен бұрын Чернышев дивизионының жеңімпазы атанды. Қазіргі уақытта Шығыс конференциясында 84 ұпаймен екінші орында тұр.

 

Сенбі күні «Барыс» өз айдынында Омбының «Авангард» командасын қабылдады. Бұл екі команда да осы Чернышев дивизионында көш басында тұр. Омбылық хоккейшілерге бұған дейін үш мәрте есе жіберген астаналықтар осы жолғы ойынға барынша дайын-ақ болып еді. «Барыс» қатарынан төрт рет жеңіске жетіп, құрамында айтарлықтай өзгеріс жасаған.
Сөйтіп жеңіске деген жігері күшті болған айдын иелері 12-минутта есеп ашты. Виктор Сведберг Игорь Бобков күзеткен қақпадан саңылау тапты. Қаны қызған қос тарап арасында жұдырық сілтеп ес жиып алды. 20-минутта «Барыстың» шабуылшысы Павел Акользин қолғапсыз жалаң қолмен қонақ екен демей Кирилл Петровтың тұмсығын бұзып, сұлатып түсірді. Екеуі де ойыннан бес минутқа аластатылып, жазаланды.


Екінші кезеңде омбылықтар жиі шабуылдағанымен, Хенрик Карлссоннан өту оңайға соқпады. Дегенмен қарсыластар үшінші кезеңде дегеніне жетіп, Никита Пивцакин таразы басын теңестірді.
Негізгі уақытта тағдыры шешілмеген ойынның түйіні овертаймда да тарқамады. «Барыс» бір шайба тастап еді, онысы офсайд деп саналмады. Матч буллит сериясына де­йін жетіп, ақыры «Авангард» жеңіп кетті.
Бірақ бұған қарамастан осыған дейінгі жинаған ұпа­йымен «Барыс» Чернышев дивизионының жеңімпазы атанды. Бұл шыңды «Барыс» екі мәрте бағындырды, ал «Авангард» бес рет чемпион болған.
Осылайша плей-офф кезеңінде бақ сынайтын «Барыс­тың» ойындарының уақыты да белгілі болды. Ол 26 және 28 ақпанда Астанада өтеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button