ИмантаразыРуханият

Бас қаланың рухани ордасы

Нұр-Cұлтан қаласындағы Әзірет-Cұлтан мешітінің ашылғанына 8 жыл толды. Шетелдіктерді ұлттық нақышымен тамсандырған мешіт – елордадағы зәулім ғимараттардың бірегейі. Әлемдегі іргелі ғибадат үйлерінің біріне жататын аталмыш рухани ордаға 2 мың адам сыяды. Мешіттің Тәуелсіздік даңғылында, Бейбітшілік пен келісім сарайы және Тәуелсіздік сарайы ортасында орналасуының өз мәні бар.

Әзірет Сұлтан – Орталық Азиядағы ең әдемі әрі ең зәулім мешіт. Елбасының бастамасымен екі жыл ішінде салынып біткен мешіттің құрылысын Түркияның Сембол Иншаат компаниясы жүргізген. Қазақстанның Құрметті сәулетшісі, Мемлекеттік сыйлық лауреаты Сағындық Жанболатов пен ҚР Суретшілер одағы мен Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Есенғали Ахметовтің жобалауымен салынған имандылық ордасының әу бастағы сызбалық конкурсына әлемнің 54 компаниясы ұсыныс білдірген екен. Мешіт жобасын Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі таңдап алған болатын.

 

Екі жылға созылған мешіттің құрылысына 100-ден астам жергілікті және шетелдік құрылыс компаниялары атсалысты. Құрылысқа қажетті заттар әлемнің 11 елінен әкелінді. Үлкен намаз залындағы биіктігі – 51, ені 28 метрлік күмбезді Орталық Азиядағы ең үлкені екенін айта кету керек. Әйнегі таза хрустальдан, негізгі бөлігі жезден жасалған салмағы 3 тонналық люстра арнайы осы мешіт үшін дайындалған.
Ғибадат үйінің бірінші қабатында екі неке залы және 500 адамға арналған асхана бар. Мешіттің екінші қабатында ерлердің намаз оқу залы орналасса, үшінші қабатында имамдар бөлмесі мен сыныптар, діни бағдарлама түсіретін студия бар. Әйелдерге арналған намазхана залы – үшінші қабатта.
Бүгінде киелі орын шетелдік мәртебелі меймандардың арнайы келер имандылық ордасына айналған, – дейді Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов.
2012 жылы 6 шілдеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен мешіттің ашылу салтанаты өтті. Тұңғыш Президент мешітке салмағы 40 келі болатын көне Құран Кәрімді сыйға тартты.

Наима НҰРАЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button