Мәселе

БИЛЕТ ТАПШЫЛЫҒЫ ТУРИЗМГЕ ДЕ ТҰСАУ

Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға қажетті шарт-жағдай толық болғанымен, отандық туризм климаттың әсеріне көбірек ұшырайды. Әсіресе, 6 ай қыс болатын Арқа жағы мен Шығыс Қазақстан өңірінде туризм тек жаз бен күздің бірнеше айында ғана жанданады да, күн салқын тартқан кезде туристер де күрт азаяды. Осы тұрғыдан алғанда, елімізде туризмнің ең жанданатын мезгілі мау­сым, шілде, тамыз, қыркүйек айлары деп айтуға болады. Алайда дәл осы кезде пойызбен ұшаққа билет алу қиындап кетеді де, жолаушылар мен туристер билет таппай қиналады. Өз көлігімен жолға шығайын десе, ұшқан құстың қанаты талатын байтақ Қазақстанның ол шетінен бұл шетіне жетудің өзі мұң. Жол да нашар, демалысқа жоспарлаған уақыттың көбі жолға, көліктің үстінде кетіп қалуы мүмкін. Бір жылда екі апта немесе бір айлық еңбек демалысын алатын отандастарымыз үшін демалыс уақытының көбін жолда өткізу кімге болса да тиімсіз, әрине.
Билеттің тапшылығы – жыл сайын жаз, күз айларында немесе мереке кезінде жиі қайталанатын, жұртты әбден мезі еткен маусымдық мәселе. Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар және Петропавл қалаларына баратын теміржол бағытына сұраныс көп болғандықтан, билеттер 2 апта бұрын сатылып кетеді. Бұл мәселені жолаушы тасымалдау мекемелерінің өкілдері жаз маусымындағы жолаушы ағынының күрт көбеюімен, вагондардың жетіспеуімен байланыстыр­ғанымен, дәл осы сәтте билет алыпсатарларының айы оңынан туатыны да жасырын емес. Пойыз билетінің тапшылығы туындаса, ұшақ билетінің бағасы да аспандап кететіні белгілі.
Шынын айтсақ, билет тапшылығы елімізде по­йыздың аздығынан немесе жолаушылардың қауырт көбеюінен ғана туындап отырған жоқ. Бұған бас­тысы жеке кассалармен астасқан алыпсатарлар мұрындық болып отыр. Мәселен, қазіргі таңда жол билеттерін «Жолаушылар тасымалы» АҚ-тың 233 кассасынан және 4500 жеке билет кассаларынан, сондай-ақ 4000-нан астам терминалдан немесе epay.railways.kz, bilet.railways.kz сайттарынан сатып алуға болады. Алайда 4500-ден астам жеке кассаның жұмысын тікелей бақылап, әр билеттің кімге сатылғаны қадағаланып отырмағандықтан, олар таныс-біліс­терінің атында бірер апта немесе жарты ай бұрын көп билетті сатып алып басып қояды да, пойыз жүретін мезгіл таяғанда билет қажет қылғандарға еселеп сатады екен. Басқа біреудің атына алған билетті екінші біреудің атына ауыстырып берудің де әдіс-амалын тапқан жеке кассалар жаз маусымындағы билет сатуды опырып пайда табатын мезгілге айналдырып алған. Жолаушы тасымалы саласындағы мұндай келеңсіз әрекеттің алдын алу мақсатында биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап электрондық билеттер сатылымға шығарылды. Адами фактордың ықпалын азайтып, қайтарылған билеттерді жолаушыларға тигізбей шапшаң «ұстап» қалуға мүмкіндік бермейтін бұл жүйе билет сату саласындағы алаяқтықты мейлінше төмендетеді деп күтілген еді. Алайда қолданысқа енгеніне бір айға таяса да, бұл жүйе де әзірше өз кереметін көрсете алған жоқ. Бәлкім, «Ондай қазанға мындай шөміш» дегендей, алаяқтар оған да бір амал тапқан шығар…
Билет төңірегіндегі былық пен шылыққа тек жеке кассалар ғана емес, жолаушы тасымалымен айналысатын қызметкердің де қатысы бар. Жолаушылармен жең ұшынан жалғасып, тиісті сомасын алып, пойызға билетсіз отырғызып алып кететін жолсеріктерді ел ішіндегі барлық пойыздардан кездестіруге болады. Билет тапшылығы туғалы олардың да саудасы қыза түскені соншалық, Нұр-Сұлтан мен Алматы арасындағы бағаны 20-25 мың теңгеге дейін көтеріп алған. Олардың арасында «орын бар» деп келісіп, ақшасын алып алған соң, орын түгіл, орындық та тауып бермейтін алаяқтары тағы бар. Бұған дәлел ретінде жақында ИИДМ Көлік комитетінің құқық қорғау органдарымен бірлесіп өткізген рейдтер кезінде бірнеше қаланың вокзалдарында билеттің қымбатқа сатылатынын анықтап, жолаушыларды пойызға билетсіз отырғызып, ақша табатын делдалдарды құрықтағанын айт­сақ та жетілікті. Алайда мәселенің қайдан, неден туындап отырғаны анық болғанымен, сол делдалдардың танауын тартып, келеңсіз жағдайға шектеу салатын заң бізде әлі жасалмаған болып шықты. Сосын да құқық қорғау орындарының аталған мәселеге қатысты ұсталғандарға ӘҚБтК-нің 449-бабы негізінде «Қоғамдық орындарда тиісу» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартудан басқа жаза таппай қиналды.
Теміржолдағы заңсыз жолаушы тасымалын тоқтату үшін Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қаласында қолында билеті жоқ жолау­шыларды перронға кіргізбеу жобасы да қарастырылуда. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы осы арқылы билет алмаған жолаушылардың жолсеріктермен келісуіне тосқауыл қоямыз дегенімен, бұл заңды түрде билет алып, пойыз­ға мінетін жолаушыларға қолайсыздық тудыратыны анық. «Бірдің кесапаты мыңға тиеді» деген осы шығар.
Президент тапсырма беріп, министрліктер үйлесімді шешудің жобасын жасап жатқан бұл мәселелерге де көп ұзамай нүкте қойылары анық. Алайда маусымдық мәселенің бұдан кейінгі жылдарда тағы қайталанбауы үшін ұтымды әдістерді пайдаланған оң.
Биыл елімізде өткен жылмен салыстырғанда ішкі туризм едәуір қарқын алды. Курорттық аймақтарда, Нұр-Сұлтан, Түркістан, Шымкент қалаларына қарасты демалыс орындарында демалушылардың саны артып, Алакөл, Бурабай, Рахман қайнары сияқты еліміздің іші-сыртына танымал туристік орындарға демалуға барғысы келетін саяхатшылардың қатары молайған. Президенттің өзі де демалысын ел ішінде өткізіп, демалыс күндерін шетелде өткізбесе, басы ауыратын бастықтарға Қазақстанда да демалуға болатынын көрсетті. Алайда билеттің тапшылығы мен жолдың қолайсыздығынан көздеген жеріне бара алмай, шетелге барып саяхаттап келгендер де жоқ емес. Солардың бірі – Арман Алмасбек. «Биыл Алакөлде демалуды жоспарлаған едік, бірақ пойызға билет жоқ, жекелермен сөйлессек, Көктұма стансасына дейін бір адамға 25-30 мың теңге сұрайды. Семей жағымен барайық десек те қолайсыз. Сонымен Түркияға барып демалып қайттық. Отандық туризмді дамытамыз деп айғайлағалы аз болған жоқ, бір билет мәселесінің өзін шеше алмаса, туризм қалай дамиды?» дейді ол кейістік білдіріп.
Әрине, туризмнің қауырт­­­ мезгілінде шетелдерде де билет тапшылығы байқалады. Алайда олар бұл мезгілді ел туризмін дамытудың тиімді сәті ретінде ұтымды пайдаланып, кезекші пойыз­дар мен мойны қашық өңірлерге орналасқан саяхат орындарына ұшатын ұшақтарды көбейтеді екен. Мәселен, іргеміздегі Қытайды мысалға алсақ, бұл ел жолаушы ағыны молайған кезде кезекші пойыздар мен ұшақтарды көбейтіп, жолаушылардың жолынан қалмауына кепілдік етеді. Әсіресе, Қытайдың көктем мерекесі кезінде ел ішінде жолаушылардың саны 100 миллионнан асады. Осы мезгілде бұл елде де билет тапшылығы туады, осыған сәйкес жолаушы тасымалымен айналысатын мекемелер кезекші пойыздар мен ұшақтарды көбейтіп, билет жетіспеу мәселесін жеңілдетсе, жаз, күз айларында туристік аймақтарға қатынайтын пойыздардың вагонын молайтып, ұшақтың ұшу жиілігін арттырады. Мәселен, Қатонқарағайдың арғы жақ бетінде Қанас деп аталатын саяхат түйіні бар. Әр жылы жазда бір миллионнан астам турист келетін осы өңірде арнаулы әуежай салынды. Бұл әуежайда тек жаз бен күздің 4-5 айында ғана ұшақ қатынап, турис­терді тасумен айналысады. Біздің елде осындай мүмкіндік жоқ па? Жазда туристік пойыздарды іске қосып, вагондарды көбейтудің қандай қиындығы бар? 360 күн ұшақ ұшыруға шамамыз келмесе де, жаздың 3 айында тым құрығанда Нұр-Сұлтаннан Алакөл, Қатонқарағай, Рахман қайнары сияқты мойны қашық, қатынасы қолайсыз өңірлерге маусымдық ұшақ қатынатып, туристерді тасыса туризм де жанданар еді. Құны қырық жылда да өтелмейтін қымбат жобаларға қаржы жұмсағанша, ел игілігін көретін, туризм­т нің дамуына да тиімді, қайтарымы тез болатын жобаларды қолға алып, жолдарды жасаған, әуежайларды салған, пойыз­дарды жаңалап, вагондарды ­көбейткен әлдеқайда тиімді…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button