Рухани жаңғыру

БІЛІМДІНІҢ ЗАМАНЫ

Еуразия ұлттық университетінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылау мақсатында кездесу өтті. Оған оқу орнының оқытушы ғалымдары мен студент жастар қатысты.

Рухани жаңғыру – бұл адам сана-сезімінің, сенімі мен сапасының, білімі мен өмір сүру тәсілінің көрсеткіші. Болашақ – жастардың қолында. Қоғамдық сананы жаңғыртудың басты басымдығы ұлтымыз­дың жаһандық қоғамдас­тықта бәсекеге қабілетті болуы екендігі сөзсіз. Бұл ретте өзіміздің құндылықтарымыз бен дәстүрімізді сақтауға тиіспіз. Кездесуде мәңгілік ел болудағы рухани жаңғырудың маңыздылығы, ұлттық сананы жаңғыртудағы жастардың рөлі кеңінен талқыланды.

Шара барысында әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Дихан Қамзабекұлы университет табалдырығын алғаш аттаған бірінші курс студенттерінің қадамына сәттілік тілей отырып, бүгінгі дәстүрлі шараның мән-маңызына тоқталды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан үзінділер келтіріп, болашақтың кілті білімде екенін жеткізді.

Еуразия ұлттық университетін 4628 түлек бітірген. Түлектердің 83 пайызы өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып, бұл көрсеткіш жекелеген факультеттерде 90 пайыздан асыпты. Сонымен қатар, биылғы жаңа оқу жылында бірінші курсқа 5290 студент қабылданса, оның 608-і «Алтын белгі» иегерлері мен халықаралық, республикалық, президенттік олимпиадалардың, ғылыми және спорттық жарыстардың жүлдегерлері екен.

Мерекелік басқосуда арнайы шақырылған лауазымды қонақтар атынан тарих ғылымының докторы, профессор, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбаев сөз алды.

Мақалада кездесетін «бәсекелестік», «білім», «ғылым», «тұтас­тық», «ұлттық код» сынды сөздердің жастар үшін маңызы зор екендігі кеш барысында кеңінен талқыланды. Себебі білімдінің мыңды жығар заманы келе жатыр. Сандық Қазақстанның болашағы – өсіп келе жатқан ұрпақтың қолында. Себебі ХХІ ғасырдың ұрпағы сандық әлемге етене енбесе, кеңестік кезеңнің дәмін татқан буынның икемі бірден келе бермейді. Басты талап – меңгеру. Қай жағынан келсе де, кез келген саланы жіті меңгере отырып, жұмыс жасау. Осының бәрін ұғындырған кештің соңы Айбек Бекбосынның орындауындағы керемет күймен жалғасты.

Әйгерім СЕЙТМАТОВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button