Рухани жаңғыру

ТАРИХИ ЖАДЫНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада түркі академиясы халықаралық ұйымының «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» атты ІІІ халықаралық экспедициясының ғылыми жаңалықтары мен қорытынды нәтижелері зиялы қауымның назарына ұсынылды. Сонымен қатар, жиында осымен екі жыл қатарынан Моңғолиядағы көне түркілердің «Шивээт улан» ғұрыптық кешенінде жүргізілген қазба жұмыстарының жаңалықтары таныстырылды.

Алқалы жиынды ашқан Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі Моңғолия ұлттық ғылым академиясы жанындағы Тарих, археология институтының қолдауымен ұйымдастырылған ІІІ халықаралық экспедициясының маңызына тоқталды. Түркі әлемінің тарихи құндылықтар көбірек шоғырланған Моңғолия аумағындағы көне ескерткіштерді зерттеуге баса назар аударылғанын айтты. Сондай-ақ, биылғы 15 тамызда Моңғолиядағы қасиетті Бурхан-халдун тауынан бастау алып, 16 қыркүйекте ұлт ұясы атанған Ұлытауда қорытындыланған экспедиция­сының жұмысы Алтын орданың 750 жылдығы қарсаңында сәтті аяқталғанын баяндады. Сонымен қатар, ол Шығыс Моңғолиядағы бұрын-соңды зерттелмеген көне түркілік ғұрыптық кешендер мен тас мүсіндер табылғаны туралы сөз етті. Моңғолия ұлттық музейінің басшылығы біздің елімізге мұражай қорындағы ғұн, түркі дәуірінің құнды жәдігерлерінің ғылыми көшірмелерін беруге келісім берген.

Түркі академиясы халық­аралық ұйымының ғылыми қызметкері Нәпіл Базылхан Халықаралық түркі академиясы Моңғолиядағы ғылым академиясымен бірлесе отырып, «Шивээт-Улан-2016» және «Шивээт-Улан-2017» тақырыбында қазба жұмыстары жүргізілгенін мәлім етті. Қазба жұ­мыс­тары биыл аяқталған.

«Былтырғы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ғұрыптық кешеннің үштен бір бөлігі, биыл үштен екі бөлігі қазылды. Ол Моңғолияның солтүстік тарапында орналасқан. Бұл кешеннен 30-дан астам арыстан, қой, қошқар бейнелі тас мүсіндері кездесті. Таңба тастар да табылды. Кешеннің солтүстік тарапында қорған саналып жүрген құрылыс бар еді. Ол қорған емес, асты төрт бұрыш текше торы бар, сегіз қырлы киіз үй іспеттес, яғни Дешті Қыпшақ даласына кең таралған құрылыс болғандығы анықталды. Жалпы, көшпелілерде тас қаланды құрылыстар жиі кездеседі. Оның бірі ретінде күні кеше ғана халықаралық экспедициялық топ барып келген Ұлытаудағы Домбауыл кешенін атап өтуімізге болады» деді ол.

Халықаралық түркі академиясы биыл тарихи кешенді қорғау мақсатында темір қоршаумен қоршаған. Болашақта «Шивээт-Улан» кешенінде аспан астындағы мұражай жасау қарастырылып жатқан көрінеді.

Азамат Құсайын

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button