Рухани жаңғыру

БАТЫРДЫҢ БАС СҮЙЕГІ ЖЕРЛЕНДІ

Өткен қасиетті жұма күні Қостанай облысы, Амангелді ауданындағы Тасты ауылында 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің қаһандарының бірі, құралайды көзге атқан мерген, әйгілі жаужүрек батыр Кейкі Көкембайұлының бір ғасырға жуық жат жерде сақталып келген бас сүйегі жерленді. Осы бір ел өміріндегі тарихи оқиғаға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара әбдіқалықова, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Венгрияның Қазақстандағы елшісі Барани Андраш бастаған лауазымды тұлғалар және халық қалаулылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Баһадүр батырдың атамекенінен еңселі кесене бой көтеріп, бабамыздың бас сүйегі соған жерленді. Айтулы шарада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова: «Бүгінгі рәсім – қазақтың хас батыры Кейкі Көкембайұлының рухына лайықты құрмет көрсетудің көрінісі. Мұндай тағылымы мол оқиғалар арқылы бірлігіміз нығайып, ұлттық рухымыз асқақтай түседі. Батырға арналған рәсімнің еліміздің рухани өмірінде мәні зор» деп салмақты сөз қозғады. Жиында Кейкі батыр туралы қоғам қайраткерлері де парасатты ой өрбітті. Жазушы Сәбит Досанов: «Кейкі – азаттық жолында күрескен ұлт қаһарманы. Оның асыл бейнесі ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ерлігі елін рухтандырып тұра бермек» десе, батыр ұрпақтары атынан Серік Ақылбай сөз алып, бір ғасырға жуық сырт елде жатқан мергеннің бас сүйегін елге әкелуге себепші болған Елбасына алғысын білдірді.

Одан кейін Арқалық қаласында батырдың ерлік жолдарына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Бас кеспек болса да…» атты республикалық айтыс ұйымдастырылды. Онда бас жүлдені Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Маржан Есжанова жеңіп алып, темір тұлпарды тізгіндеді. Балуандар күресінде торғайлық Ғабит Балғынбаевтың жұлдызы жанды. Көрнекті ақын Серік Тұрғынбековтің «Кейкі батыр» спектаклі жұртшылыққа көрсетілді. Даланы шаңға бөккен ат бәйгесі болды.

Қысқаша айтқанда, батыр бабаға арналған шаралар жоғары деңгейде өткізілді.

Азамат Есенжол

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button