ЖаңалықтарМәдениет

БОЯУЫ ҚАНЫҚ «БАЯДЕРКА»

_DSC1893

Піл мен балетті қатар қойып, елестете алар ма едіңіз?! Людвиг Минкустың әйгілі «Баядеркасы» осы екеуінен үйлесімді көрініс туғызады. Даңқты спектакль храм бишісі мен ержүрек сарбаз арасындағы баянсыз махаббат уақиғасын нәзік нотамен, көркем қимылмен әспеттейді. Ежелгі Үндістанның тыныс-тіршілігімен таныстырады. Осынау ғажайыптың бәрі ертең «Астана Опера» театрында сахналанбақ. Тұсаукесер алдында театрға барып, дайындық барысын өз көзімізбен тамашалаған едік. Бақсақ, бұл жолғы қойылымның жаңалығы шынымен-ақ көп секілді.

Әдемілігі жағынан «Баядерка» балетін алдыңғы көрсетілімдермен салыстыруға келмес. Өйткені, қойылымға қатысты дүниелердің барлығы танымал италиялық суретші Эцио Фриджерионың қырағы назарынан өтеді. Оның таңдаулы декорациялық нобайлары елордалық театрға алдын-ала жеткізіліпті. «Көрермендерді таңғалдыратын тұстарымыз аз емес. Мәселен, спектакль кезінде он бір метрлік биік бағаналар өз осінен айналып, қозғалады. Бір уақытта сахна түгелімен қанық көк түстен сарыға ауысып, фантастикалық күйге бөлейді. Бірінші актіде механикалық жолмен жасалған жылан сыбызғының әуеніне билейді. «Көлеңкелер» атты соңғы бөлім де ерекше» дейді көркемдік-қойылымдық жұмыстар жөніндегі жетекші Виктор Караре. Осы сөзден соң, әлгі реквизиттердің қай жерде даярланатынын білмек болып, бутафорлық цехке бас сұқтық. Нағыз қарбаластың үстінен түсіппіз. Шеткерірек жақтағы қызметкер ою-өрнекпен көмкерілген үлкен зембілді алтын түске бояп отыр екен. Бекзат Рақымбердиев есімді бұл реставратордың айтуынша, сахнаға шығарылатын заттар үшін пенопласт, қатырма қағаз, аллюминий секілді жеңіл материалдар қолданылады. Бетіндегі бедеріне де айрықша мән беріледі. Бір қызығы, бұрынғы спектакльдерде пайдаланылған нәрселер келесіге жарамсыз. «Бақшасарай субұрқағындағы» құмыраларды «Баядерка» балетінде іске жаратуға болмай ма деген сұрағымызға Бекзат басын шайқады. Әр мәдениетке тән өзіндік стиль бар, театрдағылар мұндайға аса сақтықпен қарайды.
Ал әртістердің киіміне әлемдік деңгейдегі атақты костюмер Франка Скуарчапино жауапты. Құнды бижутериямен көмкеріліп, қымбат жіппен кестеленген көйлектер шығыстық сән-салтанатты барынша айшықтайды. Балет кейіпкерлеріне арналған жүз отыз үш костюм театрда тігілсе, сексен төрті Италияда әзірленіпті. Матаны Үндістаннан, киімге тағылатын әшекейлерді Дубайдан алдыртқан. «Костюмдегі әрбір деталь маңызды. Мейлі Солор, мейлі раджаның жендеті болсын, кез келген кейіпкер мінсіз киінуі шарт. Осы спектакльге суық түстерді де, жылы түстерді де қостым. Фантазиямның тізгінін тартпадым. Мұнда менің ассистентім Әсел Досмұратова жұмыс істейді. Шет елде жүргенімде, Әсел екеуміз онлайн түрде байланысып тұрдық» деп ағынан жарылды Франка.
Қойылымға театрдағы балет труппасы тегіс қатысады. Мамандар «Баядерканы» кордебалеттің ең үздік триумфі ретінде бағалағанын ескерсек, жоғарыдағы жайттың өзі шығармашылық құрамның кәсіби тұрғыдағы жетістігі екенін аңғарамыз. Осы орайда қоюшы хореограф Алтынай Асылмұратова өз ойымен бөлісті: «Ұстазым Ольга Моисеева бұл спектакльді жан-тәнімен жақсы көрді, менің де қаныма сол махаббатты сіңдірді. «Баядеркадағы» Никия партиясына келсек, мұнда бір-біріне ұқсамайтын екі балетті байқаймыз. Бірінші және екінші актілер – эмоцияға толы, актерлік шеберлікті талап ететін шақ. Техникалық қиындықтары да көп. Соңғы актіде – таза классика». Никияның рөлін Әйгерім Бекетаева сомдайды. Солист қыз тамыз айы­нан бері қызу тірлікке кіріскенін айтты. «Күн сайын қаһарманымның бір мінезін меңгеремін. Никия – жас, сұлу, өнерлі бойжеткен. Сондықтан оның бойындағы қажыр-қайратты, тасыған энергияны, буырқанған сезімді залдағыларға көрсете білуім тиіс» дейді ол.
«Баядерканың» музыкасын еш өзгеріссіз қалдырған. Театр дирижері Арман Оразғалиев оның себебін былайша түсіндірді: «Негізі, Минкустың туындыларында жұмбақтық жоқ. Мына балеттегі әуен – «суфлердің» нақ өзі. Яғни, қаттырақ аккордтар естілсе, сәйкесінше қимыл-қозғалыс та күшейеді. Әртістерге де ыңғайлы».
Театрдан осындай әсермен оралдық. «Баядерка» балеті желтоқсанның 25-і мен 26-сы күндері жұртшылыққа жол тартады.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button