Sport

Бұқараның басын қосқан «бұрқасын»

Ала жаздай жүгіріп жарысатын Астананың белсенді жұртының аптығы қыста да басылмайды. Қар түссе, табандарына шаңғысын шаптап алып дене шынықтыруды тоқтатпайды. Осылай бір қысты думандатып өткізген елордалықтар өткен сенбіде Есіл өзенінің айдынына жиналып, «Бұрқасын-2019» фестивалімен маусымды қорытындылады.

Дәстүрлі фестиваль биыл он тоғызыншы рет салтанат құрды. Оған 2000-ға жуық әуесқой спортшы қатысты.
Көпшілікті белсенді өмір салтына үндейтін «Бұрқасын» шарасын қала әкімдігіне қарасты Бұқаралық спорт іс-шараларын өткізу дирекциясы ұйымдастырды. Шаһар халқын спорт мерекесімен құттықтауға Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов пен оның орынбасары Берік Маржықпаев келді.


Мерекенің көрігін қыздыр­ған қатысушылар спорттың 8 түрі, атап айтқанда, шаңғы жарысы, гір тасын көтеру, арм­рестлинг, шайбалы хоккей, белбеу күресі, қысқы шағын футбол, арқан тарту және мотоспорттан шеберліктерін көрсетті. Сонымен, шаңғы жарысына 1200 адам қатысып, солардың ішінен 2,5 шақырымды еңсеріп, бірінші болған – Дмитрий Таниченко. Ал әйел­дердің ішінен Вера Масан алдына жан салмады. Бұған қоса, бұл сайыстың жүлдегерлері жас ерекшеліктеріне қарай анықталды.
Содан кейін командалық жарыстар да тартысты өтіп, бірлігі бекем, күші басым топтардың мерейі тасыды.


Ал мотоспорт жарысы балалар мен жасөспірімдердің құлшынып қатысқан бәсекесі болды. Сондай-ақ бұл жарыста кәсіби спортшылар да бой көрсетті.
Әр жарыстың қорытындысы бойынша жүлдегерлер марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар мен медальдар, кубоктар табысталды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button