Жаңалықтар

Дін мәселесін қалай жазу керек?

 Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің тапсырысымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, сарапшылар мен дінтанушылардың қатысуымен «Дін саласындағы мәселелерді жариялау бойынша журналистерге арналған тренинг» өтті.БАҚ-тағы діни тақырыпты және дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатындағы тренингте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін іс­тері комитетінің төрағасы
Ержан Нүкежанов сөз сөйлеп, БАҚ арқылы тұрғындарға дұрыс әрі шынайы ақпарат жеткізудің тәсілдері мен әдістерін қарас­тыру, экстремизм және терроризмнің алдын алу мәселелерін ашу бойынша мемлекеттік органдар мен БАҚ-тың өзара ынтымақтастығын арттырудың маңызы туралы айтты. Дінтанушы Тұрар Әбуов дін мен дәстүр сабақтастығына қатысты ой өрбітті. Журналист, медиа-­тренер Абылайхан Қалназаров діни журналистика мен оның салаларын саралай келіп, «БАҚ өкілдері дін тақырыбындағы мақалалар мен телеөнімдерді жариялауда халық санасында дін туралы дұрыс түсініктер мен сауатты тұжырымдар қалыптастыруға әсер етеді» деп терроризм мен экстремизмді БАҚ-та жариялау ерекшелігіне тоқталса, «Kazislam» ақпараттық-ағартушылық интернет порталының бас редакторы Саясат ­Қабдрахманов дін тақырыбын жариялаудағы этикалық мәселелер жайлы айтты. Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы, «Ақниет» оңалту орталығының теологы Серік Тәжібаев дес­труктивті діни ағым өкілдерімен оңалту жұмыстарын жүргізудің әдістемелік негіздеріне тоқталды.
Семинар-тренинг соңында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің басқарма жетекшісі Нұрлан Шубаев қатысушыларға арнайы сертификат табыс етті. Сондай ақ биыл дін тақырыбында жиі қалам тербеп, белсенділік таныт­қан журналистер марапатталады.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button