#Жаңа Қазақстан

Ел дамуына – тың серпін

Қазір елімізде Қазақстан Президентінің халыққа арнаған Жолдауының мәні мен маңызын әр мекеме, әр кәсіпорын күнделікті өмірде басшылыққа алып, оның бағыт-бағдарынан туындайтын шешімдерді жүзеге асыруда. «Әділетті Қазақстаның экономикалық бағдары» атты биылғы қыркүйек айындағы Мемлекет басшысының Жолдауы әрдайым ел дамуының басым бағыттары мен алдағы мақсат-міндеттерді айқындап беруімен құнды.

Еліміз бүгінде экономикалық саясаттың жаңа үлгілерін қалып­тастыра бастады. Ауылдық жерлердегі халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына да баса назар аударылуда. 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Халыққа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік берілді. Мұның өзі зор қолдау болғанын көпшілік әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында айтып, жазып, ризалығын білдіруде. Расында да, осы жобаның игілігін көріп, елде миллиондаған адам тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды.

Тағы бір айта кетерлігі, Жолдауда бұған дейін Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ұлттық қор – балаларға» жобасының жандана түсуі. Енді соның арқасында алдағы жаңа жылдан бастап ел аумағындағы 18 жасқа дейінгі барлық баланың есепшотына қаражат түсе бастайды. Президенттің ел ертеңі – жас өрендер үшін мұндай игі қадамға баруы аса құптарлық.

Сондай-ақ Жолдауда айтылғаны – 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақының 85 мың теңгеге көтерілуі. Әрине, бұл төңіректе әртүрлі пікір айтылып қалып жатыр. Ақша қай уақытта да көп болмайды. Қанша алсаңыз да аздық етеді. Сондықтан оның берекесі мен игілігін көретін де қарапайым еңбек адамдары болуы керек.

Кейінгі кезде Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру біздің ең басты стратегиялық міндетіміз болып отыр. Әрине, цифрландыру ісінде біршама жетістікке де қол жеткіздік. Алайда қолда барға қанағаттанбай, біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларымен иық теңестірудеміз. Былтырдан бері ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсіпті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Жолдауда былай деді:

«Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін.

Жасанды интеллектінің мүмкіндігін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек.

Еліміз есептеу қуаттарын жа­һандық тұтынушыларға сататын орынға айнала алады. Сондықтан ірі мәлімет орталықтарын салуға инвестиция тарту үшін түрлі жеңілдіктерді де қамти отырып, барынша қолайлы жағдай жасау керек. Сондай-ақ мәліметті сақтау және өңдеу саласында Қазақстанның мүддесін ілгерілету қажет».

Жолдауда жан-жақты тұжырымдалған бұл мәселелер алдағы уақытта да елде бизнесті дамытуға, цифрландыруды жетілдіруге, ғылым мен технологияны дамытуға заңнамалық тұрғыдан тың серпін берері сөзсіз.

Алтыншаш Табулдина,

Астана қаласы мәслихатының депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button