SportБасты ақпарат

Франция – әлемнің екі дүркін чемпионы

Бұрнағы күннің кешінде Мәскеудегі «Лужники» стадионында өткен финалдық ойында Хорватия құрамасын 4:2 етіп ұтқан Франция командасы өзінің тарихында екінші мәрте әлем чемпионы атанды. Сөйтіп, әлем чемпионы деген атақтары бар сегіздіктің қатары бұзылған жоқ. Ал бұл топты 5 мәрте чемпион Бразилия, 4 реттен үздік атанған Германия мен Италия, 2 дүркіннен озып шыққан Уругвай мен Аргентина, 1 сапар алтын жүлдегер атанған Англия құрамалары түзеді.

Бұл жолғы чемпионат сенсациялар, пенальтилер, автоголдар және… симуляциялар аламаны болды. Оның барысында әлемнің осыған дейінгі чемпионы – Германия құрамасы топтан шыға алмай, фавориттер арасынан жарыс жолын бірінші болып тастап шықты. Плей-офф кезеңіндегі 1/8 финалда Аргентина, Португалия және Испания чемпионатпен қоштасуға мәжбүр болды. Ширек финалда турнирді жақсы бастаған Уругвай, Бразилия және алаң иелері – Ресей құрамасы саптан шығып қалды. Ал жартылай финалда Англия солардың жолын құшты.
Франция мен Хорватия финалдық кездесуге екі түрлі жетістікпен келді. Француздар плей-офф ойындарында Аргентина (4:3), Уругвай (2:0), Бельгия (1:0) жасақтарын ойынның негізгі уақытында ұтқан болса, хорваттар Дания мен Ресейден тек кездесуден кейінгі пенальтилер серия­сы арқылы ғана асып, Англияны ойын кезінде 2:1 етіп тізе бүктірді.
Финалдық матчтың бірінші бөлігі хорваттар үшін барынша сәтсіз болды. Сол мезгілде олардың алып қалған екі голының бірі – автоголдан, екіншісі пенальтиден соғылды. Әйтпесе «шаршылы шашақтылар» кездесуді өте екпінді бастаған еді. Олар алғашқы тайм­ның ширек уақытын ат үстінде атойлап өткізді. Соның пәтінде бірнеше мүмкіндікті пайдалана алмады. Мұның есесіне, француздар алғашқы шабуылдарының бірінде есеп ашып кетті.
Бірінші гол былай салынды. Ойынның 18-минутында аргентиналық арбитр Нестор Питана хорваттардың айып алаңы сыртынан айып добын белгіледі. Оны Антуан Гризманн қақпа алаңына қарай әуелетіп жеткізді. Сол кезде допқа өзгелерден бұрын иелік еткен Марио Манджукич баспен қағып, өз қақпасына кіргізіп алды. Бұл әлем чемпионаттары финалы тарихындағы бірінші автогол болды.
Кездесудің 28-минутында француздардың жартылай қорғау­шысы Нголо Канте қарсыластар шабуылын тәртіп бұзу арқылы тоқтатты. Сол кезде ойнатып берілген айып добын ұрған Иван Перишич қақпа торынан бір-ақ шығарды. Есеп осылай теңесті. Бірақ ол өз қақпасына соғылатын келесі голдың да себепкері болды. Перишич 34-минутта өз қақпасы алаңында қолын допқа тигізіп алды. Төреші оның барысын бейнеқайталаудан қарап шығып, 11 метрлік нүктені нұсқады. Пенальтиді Антуан Гризманн өте сенімді орындап шықты – 2:1.
Ойынның екінші бөлігінде де үш доп соғылды. Онда да француздар есебіне – 2, хорваттар еншісіне 1 гол жазылды. 59-минутта «үш түстілер» өз артықшылықтарын арттырды. Оны айып алаңының сыртынан соққы жасаған Поль Погба түсірді. Арада 6 минут өткеннен кейін Киллиан Мбаппе шамамен сондай жағдайда есепті 4:1-ге жеткізді.
Бір ғажабы, хорваттар бұдан кейін де басыла қоймады. Олар енді таразы басын теңестірудің өте қиынға соғатынын біле тұра, алға қарай ұмтыла берді. Сөйтіп, арада нәбері 4 минут өткенде, дарбазашы Уго Льористің сұмдық қателігін жақсы пайдаланған Манджукич тағы бір доптың ғана емес, сонымен қатар өзінің автоголының да қарымтасын қайтара алды.
Алаңдағы тартыс ең соңғы секундтарға дейін толастаған жоқ.
Франция құрамасының бас жаттықтырушысы Дидье Дешам Әлем кубогын ойыншы ретінде де, бапкер есебінде де жеңіп алған үшінші адам атанды. Бұған дейін мұндай атаққа бразилиялық Марио Загалло мен неміс Франц Беккенбауэр ғана қол жеткізген еді. Ал ойыншы және бапкер есебінде финалда өнер көрсеткендер қатарында сондай-ақ неміс Руди Феллер де бар. Футболшы кезінде бір алтын, бір күміс медаль жеңіп алған ол бапкер рөлінде командасын күміс жүлдеге жеткізген.
Сенбі күні Петербургте Бельгия құрамасы Англия командасын 2:0 етіп ұтып, чемпионаттың қола жүлдегері атанды. Онда Тома Мёнье мен Эден Азар бір-бір голдан соғып, «қызыл перілерге» жеңіс алып берді.

Келесі әлем чемпионаты 2022 жылғы 21 қарашадан 18 желтоқсанға дейін Катар елінде өтеді. Осыған байланысты жексенбі күні аталмыш елдің басшыларына эстафетаны тапсыру рәсімі де болып өтті.

Мундиаль күндері Ресейдің 11 қаласындағы 12 стадионда өткен 64 матчты 3 031 768 адам тамашалады. Бұл көрсеткіші бойынша чемпионат өз тарихындағы үздік бестіктің құрамына кірді. Ал алғашқы төрттікті 1994 жылы АҚШ-та (3 587 538), 2006 жылы Германияда (3 359 439), 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында (3 178 856), 2014 жылы Бразилияда өткен (3 429 876) чемпионаттар құрады.

Чемпионат өзінің жекелеген үздіктерін де анықтады. Хорватия құрамасының жартылай қорғаушысы Лука Модрич «Алтын доп» жүлдесіне лайықты деп табылды. «Күміс доп» бельгиялық Эден Азарға, «Қола доп» француз Антуан Гризманнға телінді. Франция құрамасының 19 жасар шабуылшысы Килиан Мбаппе турнирдің ең жас үздік ойыншысы болып танылды. Сол сияқты үздік қақпашыға арналған жүлде бельгиялық Тибо Куртуаға тапсырылды. Англия құрамасының шабуылшысы Гарри Кейн 7 ойында 6 гол соғып, «Алтын бутсы» жүлдесін жеңіп алды. «Күміс бутсы» жүлдесі өз есебінде 4 гол және 2 нәтижелі пас бар Франция құрамасының шабуылшысы Антуан Гризманнға бұйырды. Ал «Қола бутсы» 4 гол салып, 1 нәтижелі пастың иесі болған Бельгия құрамасының шабуылшысы Ромелу Лукакуге табыс етілді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button