Денсаулық

Мықты дәрігер болу үшін өмір бойы оқу керек

Астанадағы №1 қалалық балалар ауруханасы – ертеден келе жатқан елордалық мекемелердің бірі. 1950 жылы негізі қаланған денсаулық сақтау ұйымы соңғы 20 жыл ішінде 100 мыңға жуық баланы емдеп шығарған. Мекеме басшысының емдеу-профилактикалық жұмыстар жөніндегі орынбасары Сайран Жамукованың айтуынша, бір мезгілде жүзден аса баланы қабылдай алатын ұйым соңғы алты ай ішінде 17 мыңнан аса сәбиге медициналық қызмет көрсеткен.


Аталған ұйым дәрігерлерінің көмегіне жүгінетін балалар саны күн санап артып отыр. Себебі қала халқының көрсеткіші «рекордтық» деңгейге жетті. Осындай ауыр жүктемелерге қарамастан, дәрігерлер елордалық балаларға дені сау болашақ сыйлап, қолдан келетін шаралардың бәрін жасауда.
«Біздің мекемеге жүгінетіндер саны жыл санап артып келеді. Ауруханада мамандар жетіспеушілігі бар. Бес күн жұмыс істеген дәрігер түнде, сенбі және жексенбі күндері де кезекшілікке шығады. Осындай жүктемесі көп жұмыстарға қарамастан, біздің мамандар сырқат балаларға жан-жақты көмек көрсетіп, емдеп жазады. Осыны ерекше атап өткім келеді» дейді №1 қалалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу-профилактикалық жұмыстар бойынша орынбасары Сайран Жамукова.
«Балалардың қорғаны» бола білген мекеменің дәрігерлері аллергиялық, пульмонологиялық, гематологиялық, кардиоревматологиялық, гастроэнтерологиялық ауруы бар балаларға, сондай-ақ, жаңа туған сәбилер мен шала туған нәрестелерге көмек көрсетеді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға ерекше көңіл бөледі. Балалар неврологиясы бөлімшесі базасында реабилитациялық жұмыстар жүргізіледі.
Дәрігерлер күнде өзгеріп жатқан заман талаптарынан қалып қоймай, сырқат бүлдіршіндерге барынша сапалы қызмет көрсету, дертіне дауа табу үшін үнемі біліктіліктерін арттырып отырады. Олар Ресей, Латвия, Беларусь, Жапония, Финляндия сияқты елдерге барып, тәжірибе жинақтап қайтқан екен. Сайран Жамукованың айтуынша, мықты дәрігер болу үшін кемінде он жыл жұмыс істеп, өмір бойы оқу керек. Өйткені баланың денсаулығы ұлттың болашағымен байланысты. Дені сау ұрпақ қана тірегі мықты мемлекеттің негізін қалай алады.
«Бала денсаулығын қорғауда ата-ана жауапкершілігінің маңызы зор. Қазір көптеген әйелдер түрлі инфекциямен ауырады. Соның салдарынан балалар түрлі ауруларға шалдығып дүниеге келеді. Ол бірден білінбесе де, уақыт өте келе өзінің зардаптарын байқатады. Сондықтан да әйелдер жүктілік кезеңін жоспарлауы керек. Өйткені дені сау әйел ғана дені сау баланы өмірге алып келе алады. Балаларды уақытылы тексерулерден өткізу, баланың емдеуші дәрігерімен тығыз қарым-қатынас жасау – бала денсаулығының бір кепілі. Сондықтан біздің ұжым осы бағыттарда да көп жұмыстар атқаруда» дейді ол.
Жалпы, Астана қаласының №1 қалалық балалар ауруханасы халықаралық деңгейде мо­йындалған мекемелердің қатарына кірген. Мекеме «Бала жүрегіне жақын аурухана» атағына, түрлі халықаралық сертификаттарға және БҰҰ ЮНИСЕФ балалар қорының «Алтын тақтасын» иеленген. Мекемеде 39 білікті дәрігер қызмет етуде. Олардың әрқайсысы өзіне жүктелген міндеттерді адал атқарып шығуға тырысып бағады. Сондықтан да ұйым жүйесі мен жұмысында ілгерілеушіліктер байқалады.
Бүгінде мекеме денсаулық сақтау саласындағы бірыңғай ұлттық жүйені енгізуде. Жаңа туған баланы күту жөніндегі «Developmentae care» бағдарламасы мен жаңа туған балаларға көрсетілетін бастапқы реанимациялық көмекті жетілдіру үстінде. Айта кетейік, мекеме жаңа туған нәрес­телер мен 15 жасқа дейінгі балаларды емдеу ісін жоғары жауапкершілікпен атқарып келеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button