Руханият

Мәмбетов мектебінің түлегі

Биыл қазіргі қазақ театр өнерінің талантты өкілдерінің бірі, Қазақстанның халық әртісі, жастардың қамқоршы ұстазы Тілектес Мейрамов жоталы жетпіс жасқа толды.

Тілектес ағамызбен осыдан екі жыл бұрын сұхбаттасудың сәті түскен еді. Бір қарағанда суықтау, тәкаппар көрінетін актермен сөйлесе келе, оның жаны гүлдің қауашағындай үлбіреп тұрған нәзік, аңғарымпаз, сезімтал, ақиқатты ту еткен азамат екендігін жақынырақ таныдым. Сол кезде маған баяғыдағы ауылдағы қариялардың ел ішінде жүрген жақсы адам туралы айтқандағы «текті кісі ғой» деп қысқа қайыратын бір ауыз сөзі ойыма түсті. Расында, ағамыздың бекзат болмысы осы ұғымға толық сыяды.
Театр сахнасында талай сүбелі рөлдерді ойнап, өзінің өрнекті әлемін қалыптастырған талантты тұлғаның өнер жолы да бір сызықпен тартылған бағанадай түзу болды деп айта алмаймыз. Жалпы, өнер адамының тағдыры қым-қиғаш қайшылыққа толы. Тек оны жан-тәнімізбен түсіне білу қажет.
Кенді өлкедегі аузы дуалы жырау Бұқар бабамыз атындағы ауданнан қанаттанған талапты ұлан Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының актерлік бөліміне түсіп, ондағы елімізге есімдері кеңінен мәлім Асқар Тоқпанов пен Шолпан Жандарбековадан тәлім алды. Студент күнінен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында өнер көрсетеді. Сондағы қазақ театрының корифейлері – Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Сәбира Майқанова, Нұрмұхан Жантөрин, Әнуар Молдабеков, Фарида Шәріпова секілді өнер майталмандарымен қатар жүріп, сахнаның сиқырын игерді. Алғашқы рөлі де классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» драмасындағы бас кейіпкер Қозы бұйырды. Оттай жанып тұрған жас актер оны сәтті сомдады. Содан-ақ, Тілектестің тасы өрге домалады.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында әкемтеатрдың даңқы елімізге ғана емес, Кеңес Одағы көлемінде дүбірледі.
Театрдың бас режиссері Әзірбайжан Мәмбетов қойған «Ана-Жер-Ана», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қан мен тер», «Қобыланды» спектакльдері құбылысқа айналды. Осындай өресі биік ортаның әсері жас актерге ерекше әсер етті. Сол кезде киелі өнер ордасына оның құрдастары, ауыздығымен алысқан жүйріктер Әнуар Боранбаев, Әшірәлі Кенжеев секілді талантты топ келді. Олар театрға тың тыныс әкеліп, кейін өздері қара шаңырақтың бір-бір уығына айналды. Мейрамовтың өзі Мәмбетов мектебінің түлегі екенін үнемі айтып жүреді.
Шағын мақалада актердің барлық рөлдерін айтып шығу мүмкін емес. Біз оның көңілінен шыққан бейнелерді шертсек дейміз. Жас шағында ғашықтық сезімін мөлдіреткен лирикалық кейіпкерлерді бедерледі. Кейін жас ерекшелігіне қарай күрделі образдарға бет бұрды. Әсіресе, өткен ғасырдың 90-шы жылдары әкемтеатрда жазушы-драматург Нәбиден Әбуталиевтің «Өттің, дүние» қойылымында Жәңгір ханның рөлін сомдады. Бұл қойылым Махамбеттің өміріне арналған. Жалпы, Жәңгір хан – күрделі тұлға. Текті әулеттен тараған. Әбілхайыр ханның шөбересі, Нұралы ханның немересі, Бөкей ханның ұлы. 1841 жылы Ордада Жәңгір хан өз қаржысына мектеп ашады. Осы жылы Қазан университеті жанындағы ғылыми кеңеске құрметті мүше болып сайланып, 1843 жылы генерал-майор атағын алған. Ол қазақ шежіресін жинаумен, халықтың әдеби шығармаларымен шұғылданып, өзі де көптеген эпикалық туындылар жазған. 1844 жылы қазанда Жәң­гірдің «Мұхтасар әл-фикғайат» атты еңбегі жарық көрген. Міне, осындай қырық қатпарлы адамды бейнелеу оған оңайға түскен жоқ. Бірақ актер тыңнан түрен салды. Режиссер де кейіпкерді ашуға оған еркіндік берді. Кеңестік дәуірде қазақ хандарының бәрі қатыгез, баскесер саналды. Ал спектакльде Мейрамов бұл қалыпты бұзып, Жәңгірдің адамдық қасиетін жарқыратты. Осы жаңашылдығымен қойылым көрермен көңілінен шықты. Одан кейін Иран-Ғайыптың «Шыңғыс хан» шығармасындағы бас кейіпкерді ойнады. Бұл да олқы бейне емес. Жер жаһанды уысына ұстағысы келген хан. Актер оны да биік деңгейге көтерді. Адамзат тарихындағы ерекше орны бар Еділ патшаны да сәтті бедерледі. Болат Атабаев қойған Чеховтың «Шағаласындағы» көзге онша көріне қоймайтын Сорин деген кейіпкерді керемет бейнеледі. Елордалық Қаллеки театрында Талғат Теменов қойған «Тырау-тырау тырналардағы» полковниктің рөлі де жұртшылықтың ойында қалды. 2015 жылы Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығына арналған Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Майдан әндері» атты моноспектакльдің премьерасы болды. Жазушы Роллан Сейсенбаевтың шығармасының желісімен дайындалған туынды басқа қойылымдардан өзгеше еді. Бір сағатқа жуық моноспектакльдегі бар кейіпкерді бастан-аяқ бір адам, яғни Тілектес Мейрамов бейнеледі. Дәл осы пьеса да жұртшылық актердің әншілік қырын таныды. Майданның мұңлы әндерін қоңыр дауысымен тебіреніп шырқады. Ұзақ уақыт көрермен назарын ұстау қиын. Бірақ қойылымды жұртшылық жылы қабылдады.
Талантты тұлғаның азаматтық болмысы да бөлек. Оны бір ғана жайдан білуге болады. Жаңа ғасыр басында «Қазақ әдебиеті» газетіне белгілі қаламгер Талаптан Ахметжанның арқалы актермен өрелі әңгіме өрбіткен «Мен айтпасам, ол айтпаса, шындықты кім айтады?» деген сұхбаты қалың оқырманды дүр еткізді. Сол кездегі әкемтеатрда қалыптасқан жағдай туралы ешнәрсе бүкпей ашық айтқан ойы оның қылдай қиянатқа төзбейтін биік парасат иесі екендігін көрсетті. Оны әркім әрқалай бағалаған болар. Өз басым, қазақ өнеріне шын жаны ашыған азаматтың сөзі деп түсінемін.
Бүгінде асыл ағамыз елордада тұрады. Алғашында бас қалаға жастар театрының көркемдік жетекшілігіне шақырылған еді. Сол театрдың аяқтан қаз тұруына жан салып еңбек етті. Грузия, Армения секілді елдердегідей дамыған жастар театрын жасау­ды ойлады. Бірақ бұл ойы түрлі себептермен іске аспады. Соны сезді де, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрына оралды. Киелі сахнада көрерменімен қайта қауышты. Қазір де осы ұжымда жемісті еңбек етеді. Сондай-ақ, Қазақ ұлттық өнер университетінде теа­тр әлеміне талпынған жастарға сабақ береді.
Айтпақшы, жақында жақсы жаңалық естідім. Биыл әйгілі Бұқар бабамыздың туғанына 350 жыл толып отыр. Соған орай Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен ұлы жырау жайында көркем деректі фильм түсіру жұмыстары басталған. Бабамыздың рөлін ойнау Тілектес ағамызға бұйырыпты. Ендеше, абыз атамыздың әруағы ардақты азаматқа жар болсын!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button