Қоғам

КЕҢ ЖОЛАҚТЫ ИНТЕРНЕТ

Бұрнағы күні өткен Үкіметтің кезекті отырысы ауылдарды кең жолақты интернетке қосуды қамтамасыз ету мәселесін қарады. Онда Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында азаматтарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету қарастырылып жатқанын баяндады. Ол өз сөзінде мұның қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті азайту мақсатында жасалып жатқанын айтты.

«Болжам бойынша, бұл жоба электронды сауда-саттықты арттыру, электрондық үкі­мет қызметін, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына интерактивті құрал­дарды енгізу есебінен ел дамуына елеулі әлеуметтік-эконо­микалық әсер беруі тиіс, – деді министр. – Қазіргі таңда Қазақстанның барлық 122 қаласы мен 1200-ге жуық елді мекені талшықты-оптикалық желі арқылы жоғары жылдам­дықты интернетке қол жеткізіп отыр».
Хабарламашы бұдан әрі болашағы бар 1700-ге жуық ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып жатқанын жеткізді. Осы арқылы тағы 2 миллионнан астам адам интернетке қосылғалы тұр. Бұл жоба 2018-2020 жылдары жүзеге асырылатын болады. Сөйтіп, 2021 жылға қарай ұзындығы 24 мың шақырым болатын талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылады. Жоба мемлекеттік және жекеменшік әріптестік бойынша орындалады. Ол 2018-2030 жылдары мемлекеттік органдардың байланыс қызметтерін 13 жыл бойы кепілді қамтамасыз етеді.
Министр өзінің сөзінде бұл жұмыстардың нәтижесінде интернетке секундына 20 мегабитке дейінгі жылдамдықпен қол жеткізілетінін білдірді. Осы аралықта шамамен 2 мың мектеп интернетпен қамтылады, ал денсаулық сақтау және жергілікті мемлекеттік меке­мелерінің әрбірінде 1 200 нүктеден болады. Қазіргі күн­дері байланыс операторлары тарапынан жекеменшік серіктестерді анықтау бойынша байқау өткізу үшін құжаттама әзірлеу жұмыстары басталды.
Отырыста Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлей­менов ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету жобасын іске асыру кезінде республикалық бюджетке бір жолғы жүктемесіз мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағи­дасын пайдалану туралы ше­шім қабылданғанын айтты. Бұл үшін сервистік келісімшарт моделі ұзақ мерзімді қызметті сатып алу таңдалды. Мұндағы мемлекеттік қолдау шарасы тұтынудың ұзақ мерзімді кепілдемесі болады. Конкурста жеңген инвестор үш жыл ішінде тоқсан сайын желілерді іске қосады, 1 800-ге жуық ауылды желімен қамтамасыз етеді, ал мемлекет 14 жыл ішінде қызметтердің кепілдендірілген сатып алуын қамтамасыз етеді.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев интернет білім беру жүйесіне көп серпін беретінін атап өтті. Қазір Қазақ­стан мектептерінің басым бөлігіне цифрлық оқыту ресурстары жеткілікті – бұл 80 мыңнан астам материал, олардың ішінде үш тілде интерактивті және мультимедиялық сабақтар, видеолар бар. Олар оқыту процесін толықтыратын материалдар, әсіресе, шағын жинақты мектептер үшін өте қажет. Сондай-ақ, электронды күнделіктерді тұтастай пайдалануды қамтамасыз ету маңызды. Осының барлығы үшін жоғары жылдамдықты интернет керек. Жалпы, рес­публика бойынша 6 956 мектеп, яғни олардың 98 пайызы желіге қосылған. Алайда кең жолақты интернет тек 34 пайы­зында ғана бар.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов салада 6 030 нысанның желіге қосыл­ғанын сөз етті. Ол сонымен қа­тар қалалар мен аудан ор­та­лықтары деңгейіндегі ме­ке­мелердің интернетке тү­гел қосылғанын айтты. Бірақ алыстағы ауылдарда интернетке зәрулік әлі де өткір күйінде тұр. Еліміздегі 166 аудандық және ауылдық аурухана мен емхананың 85 пайызы желіде бар, ал 50-ден 800-ге дейінгі адам тұратын елді мекендерде медпунктердің интернет желісіне қосылуы 4 пайызды құрайды. Демек, денсаулық сақтау жүйесінде желіге қосылмаған нысандар саны – 3 715. Сондай-ақ, ұсынылған жоба аясында кең жолақты интернетке 1 700 нысанды (50%) қосу жоспарға енгізілген. Осыған орай қал­ған нысандарды қосу үшін байланыстың өзге тәсілдерін, соның ішінде телефон операторлары қызметтерін қарас­тыру көзделіп отыр.
Үкімет отырысында «Қазақ­телеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақса­қалов хабарлама жасады.

Серік ПІРНАЗАР

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button