Президент пәрмені

КӨШБАСШЫНЫҢ КӨРКЕМ БЕЙНЕСІ

шахташахта0038_B046_R004_0908SA_000046

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың балғын шағы туралы «Балалық шағымның аспаны» көркем фильмін көрген боларсыз. Көңілі ояу  көпшілік оған  жоғары баға берді. Жақында соның жалғасы  «Президент жолы» атты кино-эпопеяның  түсірілімі аяқталды.  Туынды «От өзен» және «Темір тау» деген екі бөлімнен тұрады.  Оқиға желісі Нұрсұлтан Назарбаевтың комсомолдық жолдамамен комбинатқа келген кезін, яғни 1959-1965 жылдар аралығын қамтиды. Алғашқыда Украинаға барып, мамандық алғаны, зауыттағы домна цехында білікті горновой болғаны туралы әңгімеленеді.

_MG_1050

Біз туынды туралы толығырақ білу үшін фильмнің режиссері Рүстем Әбдірашевке хабарласқан едік.

«Кино-эпопея – Елбасының боямасыз өмірі. Әрине, орасан оқиғаларды екі бөлімнен тұратын фильмге сыйдыру оңай болған жоқ. Титтей болса да тәрбиелік мәні бар, адамның жан дүниесін қозғайтындай әсерлі детальдарды алуға тырыстық. Фильмде ең бірінші шойынның құйылу сәті, салтанатты жиын мен өндірістегі апат, бас кейіпкердің 1500 градустық құрыш қайнап жатқан пештің жанында қара терге малшынып жұмыс істеуі сияқты көріністер бар» дейді ол. Сондай-ақ, режиссер түсірілімнің Теміртау қаласында өткені  тегін еместігін айтады. Сценарийде көрсетілген барлық оқиғалар шын мәнінде Теміртау қаласында болған және сол кездегі көріністер де қалада әлі күнге дейін жақсы сақталған екен. Президент еңбек еткен металлургия зауыты, ол жүрген көшелер, сол уақыттағы сәулет кешендері, бәрі-бәрі дайын декорация міндетін атқарыпты. Тіпті, Елбасы Н.Назарбаев еңбек жолын бастаған домна пеші де сол қалпында сақталған екен. «Біз өнердің құдіретімен 60-жылдарға қарай шегініс жасадық. Домна пешінің алдында кеңестік ұрандар мен транспаранттар желбіреп, трибунада Лениннің портреті тұрды. «Победа» автокөлігі пайдаланылды. Оған қоса, 50-жылдарғы шойын жолмен жүйткіген екі паровоз Шығыс Қазақстаннан жеткізілді» дейді режиссер. Фильмнің сценарийі бойынша кеңес заманында қолданылған тұрмыстық заттар керек болыпты. Мамандар қала тұрғындарына сондай көне заттарға сұрау салғанда,  теміртаулық тұрғындар көмектерін аямапты.

Туындыдан көпшілік Нұрлан Әлімжан, Нұржұман Ықтымбаев, Наталья Орынбасарова сынды танымал актерлермен бірге, Виктор Сухоруков, Сергей Шакуров, Юрий Соломин сынды атақты ресейлік  әртістерді де көре алады. Сондай-ақ, режиссер актерлердің ойыны көңілден шыққанын, олардың кәсібилігіне күмән келтіре алмайтынын жеткізді. «Шынын айтсақ, бір жарым жылдың ішінде екі бөлімнен тұратын кино-эпопея түсіріп шығу жеңіл емес. Қаншама еңбектендік. Актерлердің әрқайсысы өз ісінің маманы. Сондықтан болса керек, бірге жұмыс істеген бір жарым жылдың қалай өтіп кеткенін байқамай да қалыппыз. Осындай жақсы көңіл-күймен түсірілген  фильм көпшілік көңілінен шығады деген үміттеміз» дейді Р. Әбдірашев.

Түсірілім барысында режисерден «Елбасымен кездестіңіз бе?» деп сұраған едік. «Елбасымен кездесуіміз Ақорданың ішінде және Теміртау қаласының маңында болды.  Ол кісі режиссерлік тапсырмаларымды дұрыс қабылдап, біз ойлағаннан да керемет ойнап шықты. Ол кісіден: «Жазу үстелінде отырып, келесіде Теміртау қаласының маңынан өтіп бара жатқаныңызда өткен күндерді еске түсіріп отырыңыз» деп өтіндім. Бәрін сценарий бойынша жасады. Ол кісімен аз ғана уақыт бірге жұмыс істегеніміздің өзі бізге біраз күш-қуат берді» деді ол ағынан жарылып.

 

Еркежан СӘТІМБЕК

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button