Рухани жаңғыру

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ: ЖАҢА НҰСҚАДА ДИГРАФТАР БОЛМАЙДЫ

Латын әліпбиінің алғашқы нұсқасы жариялана сала көпшілік сынына ұшырағаны белгілі. Ал күні кеше Мемлекет басшысына екінші рет таныстырылған жоба қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен пікірлерді ескерген сыңайлы. Аталамыш жоба Бұған дейін «Астана ақшамы» газетінде көтерілген ұсыныстармен де сәйкес келеді.

Қазақ әліпбиінің тәжі­рибесі мен теориясы Ахмет Байтұрсын­ұлы­нан бастау алғаны белгілі.
«Латын әліпбиінде тіл ауыс­пайды, таңба ғана ауысады» деген Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың үйлес­тіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов жобаны дайындау барысында ең алдымен қазақ тілінің дыбыс­тық мүмкіндігі ескерілгенін айт­қан болатын.
Жалпы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тілдер институтының жұмыс комиссиясына латын графикасын өзгерту жөнінде
100-ден астам нұсқа келіп түс­іпті. Солардың арасынан суы­рылып шыққан алғашқы нұсқа қазақ тілінің төл табиғатын сақтауға тырысқанымен, көпшіліктен қолдау таппады. Халықтың басым бөлігі диграфтардың көптігін айтып, латын әліпбиі осы қалпында қабылданса, қазақ тіліне қиянат болатынын алға тартты.
Мемлекет басшысына таныс­тырылған қоғамдық талқылау­лар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, әзірленген жоба алдыңғы нұс­қаға қарағанда жеңіл әрі пернетақтаға өзгеріс енгізуді қажет етпейді. Әрі бұған дейін «Астана ақшамы» газетінде (30 қыркүйек, 2017 жыл) көтерілген тіл саласының маманы Бейбіт Әмірбектің «Алтын көпір» деп ат қойған қазақ әліпбиімен толықтай үндеседі. Аталмыш мақалада «Пернетақтаға ешқандай өзгеріс жасау қажет емес. Бұл нұсқаның «жеңіл жазу» деп аталатын себебі, мәтіндерді кириллицадағы 42 әріппен термей, латынның 24 әрпімен апостроф арқылы теру болмақ. Сөйтіп, қазақ тілінде жазуды тез үйренуге, тілді жылдам меңгеруге жағдай жасалмақ. Негізгі ұстанған қағидаларым, біріншіден, әрбір дыбысқа жеке символ беріледі. Кириллицадағы ъ (жуандық белгісі) «и» әрпі арқылы, ь (жіңішкелік белгісі) апостроф арқылы, щ әрпі (ашшы, тұшшы) деп жазылмақ. Қосарланған дыбыстардан тұратын Ё (ио), Ю (иу), Я (иа) әріптерінің қажеті жоқ. Ал кірме дыбыстар Ф, Ц, Ч, әріптерін мынау технократиялық заманда алып тастауға болмайды. Фото, фантастика, фирма, цех, цикл, цитрамон, чат, чартер, чемпион т.б. сөздерді жазу қиынға соғады. Ұлттың, мемлекеттің атауы Қ әрпінен басталатындықтан, Q әрпі алынды.
Қазақ тілінің фонетикасындағы төл дыбыстарымызды оқшаулай бермей (бұл егіз дыбыстар) бір символмен ғана белгілеу керек (аә, гғ, иі, нң, оө, ұү, хһ). Тек біздің төл дыбыстарымызға ағылшын, француз әліпбиіндегі жұмсақтық белгісі апостроф қойылса болды. Мысалы: А – Ә (А’), Г – Ғ (G’), И – І (І’), н – ң (n’), О – Ө (О’), Ұ, Ү – (U’), һ (қаһар) – (һ’)» делінген.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің жаңа әліпбиіне байланысты мәселе қоғамда қызу талқыланғанын айтып, «әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес» деді. Сонымен, қоғамда тағы да пікірталас. Әлеуметтік желілерде екінші нұсқаның да тиімді-тиімсіз тұстары жарыса жазылуда. Алайда әр азамат латын қарпіне көшу әлемдік өркениетке қосылу деп түсіну керек. Бұл таңдау тіліміздің төл табиғатын сақтау, одан әрі дамыту, әлемдік ақпарат кеңістігіне белсенді ену үшін жасалған қадам екенін ұмытпаса болғаны.

Алуа
Жолдыбалина,
ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік-
сая­си зерттеулер бөлімінің
меңгерушісі:

ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ МАҢЫЗДЫ

Кез келген жаңа жобаның қо­ғам­да тиімді жүзеге асуы кеше Мем­лекет басшысы кездесуде атап өт­кен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапасы мен мазмұнына байланысты. Латын әліпбиі бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде БАҚ, сыртқы жарнама, қоғамдық көлік пен қоғамдық орындардағы жарнама мүмкіншіліктерін пайдалану қажет. Ақпараттық-түсіндіру жұмысы халықтың басым бөлігін
қамту үшін, сонымен қатар, тиім­ді болу үшін қазіргі заманғы тех­ни­калық мүмкіндіктерді ескере отырып, әртүрлі интернет-конференциялар, TEDx, TED Talks форматындағы іс-шараларды, радио және телекөпірлерді де ұйымдас­тыруға болады.

 

Ерлан САИРОВ,
саясаттанушы:

КЕЛЕШЕК ҮШІН КЕРЕК

– Латын әліпбиіне байланыс­ты кереғар пікірлер болып жа­тыр. Пікірталас керек, бірақ іс жүзіне асыру одан да маңызды. Шыны керек, бұл мәселе біздің өткеніміз бен болашағымыздың айнасы тәрізді. Мен биліктің көптеген ұстанымымен келіспеймін, ол жөнінде өзімнің ойымды ашық білдіремін. Екі мәселесімен толық келісіп, қолдап жүрмін. Рухани жаңғыру бағ­дарламасы, соның ішінде латын әліпбиіне көшу мәселелері. Рухани жаңғыру дегеніміз, «модернизация», адам, қоғам өзінің өмірінде күнде, сағат сайын өзгеріске дайын болып, соған бейімделу қажет. Олай болмаса, тарихтың тасасында қаласың, уақыт кеңістігінен шығып, ұлт ретінде жойыласың. Қазаққа ұлт ретінде жойылу қажет пе? Жоқ. Менің ойымша, өздерінің жаны-тәні қазақ деп сезінетін жандар, бұл мәселені ойланбастан қолдауы қажет. Латын әліпбиі – біздің дүние­жүзілік ғылым, жаңашылдық,
руханият әлеміне өтуіміз үшін қажет дүние. Дүниеде бүкіл ха­лықтың 80 пайызы латын әр­піне көшіп кеткен. Экономика, ноу-хау, рухани әлем осы бірегей таңба бо­­йынша дамып жатыр. Осындай елдік істе өскелең ұрпақ үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару қажет-ақ. Бірақ әлі де келіспеушілік, кері тарту­ басым ба деген ой келді.
Бізге латынға өту керек. Біз үшін емес, біздің бала-шаға үшін. Өзімізді ойламай-ақ қоя­йық. Мен ешкімге өзімнің ойымды таңудан аулақпын. Өз басым тәуекелге дайынмын…

Гүлмира Аймағанбет

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button