Басты ақпаратМәселе

МӘМС: Күмән мен күдік

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарында іске қосылды. Содан бері денсаулық сақтау саласын қаржыландыру үш есеге дейін өсіпті. 2019 жылы тегін медициналық қызмет көрсетудің кепілді көлемі 1 трлн теңге шамасында болса, 2023 жылы ол 3 трлн 80 млн теңгеге жетіпті. Дегенмен бұдан халыққа медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарып кете қойған жоқ. Тіпті жақсармақ түгілі, осы негіздегі арыз-шағым көбейіп барады.

Жүйенің жұмысы неге жабық?

Оның бір дәлелі – жақында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытовтың МӘМС қызметін уақытша тоқтата тұруды сұрап, ұсыныс айтуы.

«Міндетті медициналық сақтандыру дұрыс жұмыс істемейді. Соның салдарынан ауылда адам өліп жатыр. Сақтандыруың жоқ деп жедел жәрдем келмейді. Дәрігер емдемейді. Сондықтан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүйелеп, дайындап, қалпына келтіріп алғанша тоқтата тұруды сұраймын» деген еді халық қалаулысы.

МӘМС бұған дейін де талай рет сын тезіне іліккен болатын. Алайда оған көңіл аударып, бір нәтиже шығаратын құзыр­лы орган әзірге болмай тұр. Қоғам белсендісі Ерсайын Сарыбаевтың пікірінше, мұның бәрі о баста мемлекет дұрыс жүйелемегендіктен кеткен қателіктер көрінеді.

«Оған дәлел – біріншіден, бөлінген ақшаның мөлшері мен ашықтығының жоғы. Оның қайда жұмсалып, қайда кетіп жатқанын дәл қазір ешкім де тап басып айта алмайды. «Медициналық қызмет көрсету» деген желеумен қыруар қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр ма деген күдік бар. Ал медициналық сақтандыру төлемін аудармаған адамдар қайтеді? Оларға қалай қызмет көрсетіледі? Бұл жағы да қараңғы. Біздің есебімізше, елімізде әрбір алтыншы адам МӘМС жүйесінің қызметін пайдалана алмай отыр. Әрі олардың басым бөлігі – ауыл тұрғындары. Әрине, уақытында сапалы медициналық қызмет көрсетілмесе, ол адамдардың денсаулығы сыр берері сөзсіз ғой» дейді қоғам белсендісі.

Халқымыздың 40 пайызы ауылда тұрады. Ал ауыл адамдарының, жұмыс істесе де, көбі жұмыс берушімен еңбек келісімшартына отырмайды. Дәлірек айтқанда, олармен еңбек шартын жасауға жұмыс берушілер мүдделі емес. Содан келіп жалақыдан бес пайыз көлемінде медициналық жарна аударылмайды. Ал ақшасы жоқ адамды қазір дәрігерлердің қабылдай қоюы екіталай.

«Жыл бойы дәрігер қызметін пайдаланбаған сақтандыру қорындағы ақшаны қазақстандықтарға қайтару тиімді емес» дейді Денсаулық сақтау министр­лігіндегілер

Ақмола облысы Еңбекші ауылының тұрғыны Саттар Нұрасыл өзінің көптен бері ауыл емханасында дәрігердің қабылдауына жазыла алмай жүргенін айтып шағымданады.

«Өзім көптен бері бір шаруа қожалығында жұмысшы болып еңбек етемін. Ал «басымыз ауырып, балтырымыз сыздап» дәрігерге қаралайық десек, медициналық сақтандыруыңыз жоқ деп ақша сұрайды. Қанша жыл еңбек етіп келе жатырмын, жұмыс беруші бір рет те Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына менің атымнан ақша аудармапты. Талап етейік десек, жеп отыр­ған нанымыздан айырылып қаламыз ба деп қорқамыз» дейді.

Жасыратыны жоқ, еліміздегі медициналық сақтандыру саласындағы қаржының ­талан-таражға түсуінен халық қатты қауіптенеді. Өйткені 90-жылдардың басында Жас­талап Иманбаев деген біреу медициналық қордағы миллиард­таған қаржыны жымқырып, шетел асып кеткені әлі ұмытыла қойған жоқ. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан ақша ұрлау бүгінгі таңда да әр жерден бой көрсетіп жүр. Оған Ақтау филиалындағы 17,5 миллион теңгенің қолды болғанын айтуға болады.

Тіпті Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжановтың айтуынша, МӘМС жоғары шенді шенеу­ніктердің «үріп ішіп, шайқап төгіп жүрген» туыстары үшін «батпан құйрыққа» айналып бара жатқандай екен.

«Мұндағы қызметкерлердің жалақысы қанша, аппаратты ұстау үшін қанша қаржы бөлініп отыр? Міне, осындай сауалдардың бірде-біріне жауап берілмейді. Біз 2017 жылдан бері МӘМС-ке қанша қаржы түсті деген ақпаратты да сұрағанбыз. Алайда осының барлығы сол жабулы қазан кү­йінде, құпия болып қала берді. Ал тарифтің өсімі жөніндегі шешімді ешбір сараптамасыз Денсаулық сақтау министрлігі өздері қабылдайды екен. Осы жерде де күмән мен күдік жетерлік» дейді депутат.

Айналып келгенде, ақша жетпейді

Ресми емес мәлімет бо­йынша елімізде МӘМС-ті тек халықтың 15-16 пайызы ғана пайдаланады екен.

«Осы бағыттағы шығындарды үнемдеген, өз денсаулығын өзі күйттеген қазақстандықтарды неге ынталандырмасқа? Сіз дәрігерге қаралсаңыз да, қаралмасаңыз да, ай сайын 14 мың теңгеден жарна төлеп отырасыз. Сонда әр адам жылына 170 мың теңге төлейді екен. Мемлекеттік емханаларда кезек көп болып, қызмет көрсету сапасы көңілден шықпай жататындықтан, науқастар көбіне жекеменшік емханаларға қалтасынан ақы төлеп қаралатыны да жасырын емес. Сондықтан жылына бірде-бір рет дәрігердің қабылдауында болмаған адамға сақтандыру қорынан ақшасын қайтарса қалай болады?» деген ұсыныс айтады Астана тұрғыны Ержан Мұратов.

Мұндай ұсыныстар бұқаралық ақпарат құралдарында бұрын да айтылыпты. Алайда «жыл бойы дәрігер қызметін пайдаланбаған сақтандыру қорындағы ақшаны қазақстандықтарға қайтару тиімді емес» дейді Денсаулық сақтау министр­лігіндегілер.

«Осындай қадамға барсақ, ауру асқынып, адамдардың денсаулығы төмендеуі мүмкін. Өйткені ақша алғысы келген пациенттер ауырса да, дәрігерге мүлде қарал­мауы мүмкін. Сонымен қатар ауыр науқастарды емдеуге мемлекеттен қосымша кепілді қаржы бөлінетіні тағы бар. Бұл мемлекеттің бюджетіне қосымша жүк болады. Ақша бүгін керек болмаса, ертең қажет болады. Бұл жүйе әлеуметтік және ынтымақты. Сондықтан оған аударылған ақша қандай жағдайда да қайтарылмайды, тек науқас адамды емдеу үшін жұмсалады. Мұндай ұсыныс­ты көтеріп жүрген адамдар – медицинаны түсінбейтін жандар. Ол адам биыл ауыр­маса, келесі жылы ауырып қалуы мүмкін. Биыл оның 50-100 мың теңгесін қайтарып берсе, келесі жылы оған медициналық көмек көрсету үшін 1 миллион теңге керек болса, қалтасынан төлей ме? Сондықтан медициналық көмек баршаға бірдей қолжетімді болуы үшін жарна уақытында түсіп тұруы қажет. Қорда бар қаржы медицинаны дамытуға да аса қажет» деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігіндегілер.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне елордада да шағым көп. Әсіресе сол жағалаудағы №9 емхананың пациенттері медициналық қызметті дер кезінде ала алмағанын айтып немесе «учаскелік дәрігер бейінді маманға, анализ тапсыруға жолдама бермейді, емханада кезек шамадан тыс көп» деп арызданады екен. Бұған қор қызметкерлері «медициналық сақтандыру қоры – көрсетілген қызмет үшін ақша төлейтін институт. Біз тек оның сапасы бекітілген стандартқа сай немесе сай еместігін тексере аламыз. Ал емхана ішіндегі мәселелерге және басқарудың тиімділігіне қор жауапты емес» дейді.

«Батыс елдерінің тәжірибесіне көз жүгіртсек, бұл жақта медицина әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында өркендеп жатқанын байқаймыз. Ал бізде енгізілгеніне 3-4 жыл болса да, мардымды ештеңе көрінбейді. Есесіне арыз-шағым, наразылық басым. Біріне-бірі сілтейді. Алдымен медицинаны бір кемеліне келтіріп алып, сосын барып сақтандыру жүйесін ендіру керек еді. Қағаз жүзінде бәрі жақсы, жұмыс ойдағыдай жүріп жатыр. Бірақ дәрі-дәрмек іздеп, медициналық көмек ала алмай зар илеп жүрген – халық. Айналып келгенде, бұларға ақша жетпейді екен. Сонда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруымыз қайда? Оған бөлінген қыруар қаржы қайда?» деген қала тұрғындарының сауалдары құзырлы органдарды ойландырса керек-ті.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button