ӘлеуметБасты ақпарат

Қарттарға қамқорлық – ізгі іс

Дана халқымыз «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп өмір өткелдерінің тегіс болмайтынын саралап, осындай ұлағатты ой түйген.

Қазір 90-100-ге жет­кендерді айт­пағанда, 70-80-ге келген ақсақалдарымыз бен әжелеріміздің жастық шағы ойын-сауықпен өтпегені белгілі. Аға буынның алды ел басынан өткен барлық нәубетті бастан өткерді. «32-нің аштығы», «37-нің зобалаңы», «41-дің қасіретін» көрді. Ал олардың ұрпағы да қоғам дамуының кезеңдерінде қиындықтың бәрін көрді, төзді. Олардың балалық шағы Ұлы Отан соғысының қиын-­қыстау жылдарына тап келді. Олар бұғанасы қатпай жатып еңбекке араласты. Тылдағы ауыртпалық қарттар мен әйел­дерге, балаларға түсті. Ауыл шаруашылығының барлық саласындағы науқандық жұмыс­тарға қол ұшын берді. Соқамен жер жыртып, егін бастырды. Қол орақпен шөп шапты, қой қырықты. Тіпті шахтаға түсіп, кен қазғандар да болды. Қаншама ауыр тұрмысты көрсе де, олардың білімге, еңбекке деген құштарлығы зор болды. Оқуға, білімге талпынды. Сөйтіп жүріп шыңдалды, өсті, жетілді. Соғыстан кейінгі халық шаруа­шылығын қалпына келтіруде жасаған еңбектерінің арқасында еліміз қайтадан еңсе көтеріп, мемлекетіміз бойын тіктеді.

Міне, сол қоғамға орасан еңбек сіңірген алдыңғы буын ағаларымыз бүгінде шау тартты. Жасына қарай еңбек демалысына шықты. Зейнеткер атанды. Жастық шағында бейнет көрген қарттарымыздың қартайғанда рахат көретін кезі келді. Олардың талап-тілегіне, мұң-мұқтажына, әлеуметтік, моральдық жағ­дайына назар аударатын тиісті орындар бар ма?

Бұл орайда Астана қаласында тұратын зейнеткерлер мен ардагерлерге жасалып отырған қамқорлық жақсы деп айтуға болады. Бұрын зейнеткерлер ұмыт боп қалғандай, ешбір деңгейге қосыла алмай дел-сал күй кешкені рас. Олардың бас қосып, әңгіме-дүкен құратын, пікір алысып, ой бөлісетін орны болмай, әр аулада бір шоғыр боп берекесі болмай жүрді. Тиісті орындарға барып өтініш жасап, «қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына» қапа болып жүргенін жасырмады. Әрине, республикалық Ардагерлер кеңесі мен қалалық әкімдік бірлесе отырып, бұл мәселені түбегейлі шешіп берді.

Бұл күндері Астана қаласының әр ауданында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істеп тұр. Қарттардың жасын ұзартып, денсаулығын жақсарту, белсенді өмір сүру қағидаларын қалыптастыру мақсатында ашылған орталықтарда түрлі үйірме мен секция бар. Есіл ауданының өзінде 17 үйірме, 8 шығармашылық бірлестік бар. Қазақ тілі мен ағылшын тілі, араб тілі курсы оқытылады. ЛФК, тренажер залы, йога, цигун, Альцгеймер ауруының алдын алу, ойлау, есте сақтау қабілетін арттыру мақсатында тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы үйірмелері жұмыс істейді. Интернетті меңгеремін дейтіндерге компьютер сыныбы бар. Орталықтың бөлім меңгерушісі Жанар Нүркешқызы және Ақсұлу Шайдоллақызы, Мақпал Тұрақпайқызы, мәдени іс-шараларды ұйымдастырушы Ләззат Дүсебайқызы орталыққа келетін зейнеткерлерге қалтқысыз қызмет жасап, барлық талап-тілегін орындауға күш салады.

Түрлі мәдени шараға, концерт, театр, мұражайға апарып, рухани жағынан да жан дүниені байытып отырады. Сонымен бірге қоғамдағы болып жатқан жаңалықтардан хабардар етіп, жиын өткізеді.

Сонымен бірге Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын ашуда табандылық пен белсенділік танытып, зор еңбек сіңірген, бүгінде осы орталықтың директоры боп жүрген Мұхтар Еркетаевқа айтар алғысымыз зор.

Қарттарға қамқорлық көрсетуде қашанда алдыңғы шепте белсенділік танытатын, әсіресе соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін назардан тыс қалдырмайтын Есіл ауданы Ардагерлер кеңесінің төрайымы Рысты Атығаеваға да ардагерлер дән риза. Жалпы Астана қаласының зейнеткерлері өзіне жасалып жатқан қамқорлыққа дән риза деп ойлаймын.

Оның бір атап айтар тұсы – зейнеткерлердің қоғамдық көлікте тегін жүруі. Бұл – ешбір қалада жасалмаған қамқорлық, қала әкімдігінің қала бюджетінен қарастырған шарасы. Сондай-ақ алдағы уақытта дәрігерге қаралудың да машақаты оңтайлы шешілмек, жылына бір рет демалыс-санаторийге тегін жолдама берілетінін де қуана жеткізгім келеді.

Есіл ауданы орталығы ғимаратының бөлмелері келушілерге тар болғандықтан, оны кеңейтудің де жолдары қарастырылуда. Мұның бәрі, әрине, қарттарға жасалған зор құрмет, қамқорлық деп білеміз.

Қоғамның бет-бейнесі, ақыл-ойы, өнеге-үлгісі, тәрбие мектебі – қарттарымыз аман-сау жүрсін!

Қарлығаш ҚҰСПАНОВА,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button