Басты ақпаратРуханият

Мәшһүртанудағы тың туынды

Ұлттық академиялық кітапханада Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына орай дөңгелек үстел мәжілісі өтіп, «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» кітабының тұсауы кесілді. Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері қатысқан жиында мәшһүртану бағытындағы өзекті мәселелер көтерілді.

«Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының демеушілігімен жарық көрген кітаптың құрастырушы авторы, Мәшһүр Жүсіптің шөбересі Абай Шарапиев жиынға қатысып, аталмыш еңбекті таныстырып өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары Мәшекең мұрасына қатысты ойдан шығарылған әңгімелер шығып кетті. Ал бұл кітапқа толық тексерілген дереккөздер, дәл ақпараттар енгізілді.

«Мәшһүртануда дәл және айқын, тек қана шынайы деректер айтылуға тиіс. Қазіргі кезде Мәшһүр атамның халық ауыз әдебиетінен жинаған тарихи мұралары насихатталып, шығармашылығы жан-жақты зерттеліп жатыр. Бірақ әулиелігі, батагөйлігі, емшілік қасиеттері толықтай танылып болған жоқ. Сол себепті мен екі мыңыншы жылдардан бастап атамды нақты көрген, батасын алған Жұқаш Кәрібайұлы ақсақалдың үйіне барып тұрып, атам туралы әңгімелерді сол кісінің өз аузынан жазып алып жүрдім» деді Абай Шарапиев.

Бұған қоса, Мәшһүр Жүсіптің шәкірті, атқосшысы болған Иманғали Мәненовтің жазбаларын кирилл қарпіне аударып, біразын жариялаған Төлепберген Алдабергеновтің, Мәшекеңнің көзін көрген басқа да адамдардың берген деректері, мақалалары мен естеліктері кітапта топтастырылды.

Жиында Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы тәуелсіздік жылдарына дейін Мәшһүр Жүсіп аты мен мұрасы аз насихатталғанын, екі мыңыншы жылдардан бастап тиісті жұмыс жанданғанын айтып өтті. Атап айтқанда, Павлодар қаласында оның атындағы мешіт, Баян­ауылда кесенесі ашылып, жиырма томдығы жарық көрді.

«Жиырма томдықта Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлеміне жетелейтін деректер жоқ болса, осы кітапта бар деп айта аламыз. Жастайымыздан естіп жүрген әңгіменің көбі бір жүйеге келтіріліп, беріліп отыр» деген сенатор ұсыныстарын жеткізді.

«Астана қаласында небәрі 350 метрлік Мәшһүр атындағы көше бар. Бұл – біреуі білетін, біреуі білмейтін кішкентай ғана көше. Жуырда Сенат депутаттары атынан қала әкімдігіне хат жібердік. Қазір қарастырылып жатыр. Мәшһүрдің өзінің қадірлеген, пір тұтқан адамы – қазақтың Бұқар жырауы. Бұқар жыраудың жатқан жерін Мәшһүр Жүсіп тапқан. Елордада олардың атындағы көшелердің қиылысып жатқанын қалап отырмыз. Осы жылдың соңына дейін Мәшһүр атындағы үлкен, кең даңғыл ашылуы керек деп ойлаймын. Сол көшенің бойында Мәшһүрдей ғұламаға ескерткіш орнатылуы керек» деді Алтынбек Нұхұлы.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов «Мәшһүр Жүсіп» энциклопедиясы барын, алайда оған енбеген деректер «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» кітабына кіргенін, бұл еңбек сонысымен құнды екенін айтты. Академик Ғарифолла Есім Ұлбике ақынға арналған конференцияға барғандарында ақын жайында Мәшһүр Жүсіптің еңбектеріне сүйенгендерін жеткізді.

«Мәшһүр Жүсіп қайда, Ұлбике ақын қайда? Біреуі – Тараз, біреуі – Баянауыл. Сонда бүкіл жерге барып, «осы ұрпаққа керек болады» деп жазып, қызмет еткен бірден-бір адам – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Менің ұстазым ­Қайым Мұхамедхановтан Мәшһүр Жүсіптің «Қара мес» деген кітабы барын естідік. Сонда ұстазымыз түрлі деректер туралы айтқанда «Бұл «Қара местен» алынған» дейтін. Мәшһүр «Дударай» әні туралы: «Мәриям Жағорқызы деген орыс қызы, Он бестен он алтыға келген кезі. Дініне Мұхамедтің ғашық болып, Сондағы Мәриямның айтқан сөзі» деп жазды. Бұл жолдар әнде әлі айтылмай келеді» деді академик.

«Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов ұлттық рухты оятуда Мәшһүр Жүсіптей тарихи тұлғалардың рөлі өте зор екенін айта келе, Мәшекеңнің сан қырына тоқталды. Соның ішінде діни, рухани, ел егемендігі, ұлт азаттығы жолындағы қыз­меттерін атап өтті. Мәшһүр 1907 жылы шыққан «Сарыарқа кімдікі?» атты кітабында патша өкіметінің қазақ жерін отарлау туралы жазғанын, өз заманында қоғамдық-саяси процестерге араласқанын айтты. Жаңару, ұлттық болмысты дамыту, кәсіп игеру, егін егу, саудамен, кәсіппен айналысу туралы баса айтқанын жеткізді.

Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген Мәшһүр Жүсіп мұрасына қатысты еңбектерді кітапханаларға тарату мәселесін қозғады. Оның мұрасын оқырмандар көп сұрайтынын, болашақта мемлекеттік тапсырыспен шығару керектігін айтты. Ал «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» кітабы аталмыш кітапхана қорына тапсырылды.

Жиынды жүргізген белгілі қаламгер, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп жас зерттеу­шілердің ізденуіне жағдай жасалғанын, мәселен, Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігі жақында Өзбекстан архивімен келісім жасағанын, қазаққа қатысты көп дерек сол елде жатқанын айтып өтті. Мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» кітабы жалпы көпшілікке, әдебиетсүйер қауымға арналғанын, болашақта осындай кітаптарды мектеп оқушыларына, тіпті ­медресе шәкірттеріне, дін қыз­меткерлеріне, имамдарға арнап шығару керектігі жөнінде пікірін айтты. Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, академик Кәрімбек Құрманәлі ұлттық деңгейдегі тұлғаларды бір өңірге ғана телімей, олардың мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту керектігін айтты.

«Соны Астанадан бастау керек. Өйткені елордаға қарап ой мен бой түзейміз. Сенатор Алтынбек Нұхұлының Мәшһүр Жүсіп көшесі Бұқар жырау көшесімен қиылысып тұру керек деген ұсынысына қосыламын» деді академик.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button