Басты ақпаратЕлорда тынысы

МӘСКЕУДЕ «АСТАНА – ЕУРАЗИЯ ЖҮРЕГІ» АТТЫ ГАЛА-КОНЦЕРТ ӨТТІ

Кеше Мәскеудегі Астананың мәдени күндері аясында Мемлекеттік Кремль сарайында «Астана – Еуразия жүрегі» атты гала-концерт өтті. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған думанды кешті көруге келген мәскеуліктердің қарасы көп болды.

Салтанатты кештің ашылуында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев бүгінгі шараның өтіп отырған маңызына тоқталды. Елорданың мәдени күндерін өткізуге қолдау білдірген Мәскеу қаласының басшылығына алғысын жеткізді. « Астана мен Мәскеуді тығыз қарым-қатынас пен достық және көптеген бірлескен жобалар байланыстырады. Екі қала тек дос қана емес, стратегиялық әріптес болып саналатын Қазақстан мен Ресейдің астанасы» деді ол.

Ауқымды мәдени кеште отандық талантты тұлғалардың өнеріне мәскеуліктер таңдай қақты. Әсіресе, Әлібек Дінішев, Айман Мұсақожаева, Майра Мұхамедқызы және Роза Рымбаева секілді қазақ музыка өнерінің жарық жұлдыздары сахнаға шыққанда тұрғындар ғажайып әсерге бөленді. Оларға жұртшылық ұзақ уақыт қол шапалақтап, құрмет көрсетті.

Сондай-ақ, дарынды опера әншісі Сүндет Байғожин, «Славянский базар-2015» конкурсының жеңімпазы Димаш Құдайберген,  Бүркіт пен Айша, «Формат», «Ринго» топтары да тамаша ән шырқады.

Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрінің орындаған шығармалары көрермендердің делебесін қоздырды. Домбыраның дауысы Кремль сарайын керемет күйге кенелтті. «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі де тамаша туындылар орындады. «Тұран» эстрадалық-фольклорлық ансамблі мен «Серпер» домбырашылар ансамблінің талантты өнерпаздары бабаларымыздың бағзы әуезін қайта жаңғыртты. «Наз» мемлекеттік би театры мен «Шалқыма» халық биі ансамблінің мүшелері ұлттық бидің биігін көрсетті. Тұрсынбек Қабатов бастаған әзілкештер  көрермендерге әсем күлкі сыйлады. Әйгілі «А-Студио» тобы да тұрғындарды өз өнерімен қуантты. Ғажайып кешті «МузАрт» тобы Нұрғиса Тілендиев атамыздың «Өз елім» әнімен қорытындылады.

Көрермендердің де гала-концерттен алған әсері күшті болды.

– Қазақстандық өнерпаздардың концерті маған қатты ұнады. Керемет демалдым. Әннің сөздерін түсінбесем де, музыканы жаныммен ұғындым. Қазақтың қандай талантты жастары өсіп келе жатыр. Бәрі де шетінен талантты. Соларды көріп, сүйсіндім,- дейді Мәскеу тұрғыны Наталья Васильева.

Қырық жылдан бері Мәскеуде тұратын Бибімариям Нәбиева апамыздың да айтары бар.

– Осында  ұзақ жылдан бері тұрамын. Концерттен марқайып шығып тұрмын. Жерлестерімнің өнері керемет. Сыртта елді сағынып жүргенде қазақтың әні мен күйін тыңдап,  мауқымды бір басып алдым. Домбыраның дауысы деген ғажап қой…Оған ештеңе жетпейді.  Туған елімде болғандай әсерден арыла алмай тұрмын,- дейді толқып Бибімариям апайымыз.

         Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button