Жаңалықтар

БАС ҚАЛА БАЛЫҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

whatsapp-image-2016-09-19-at-16-50-44

Астана  қаласы әкімдігі мен  «ЖасНұр»  өндірістік-шаруашылық кәсіпор­ны­ның мамандары елорда іргесіндегі Қоянды тоғаны, Қарасу өзені және Вячеславка су қоймаларына балық шабақтарын жіберді.

«Қоянды су қоймасына алтайлық тұқы балығының 100 мың, ақ амур балығының 40 мың данасын жіберіп отырмыз. Бұлардың барлығы – биылғы жылғы шабақтар. Сонымен қатар, 20 мың дана екі жылдық алтын түсті мөңке балығы тағы бар. Вячеславка су қоймасына да 80 мың дана сарбаяндық тұқы балығы мен 20 мың дана ақ амур балығы қосылып отыр. Қарасу өзенінің ескі арнасы мен Шалқар, Ұялы-Шалқар көлдеріне де осындай балық түрлерін жібердік. Бұл шараның мақсаты – соңғы уақыттарда қала тұрғындарының жиі баратын демалыс орнына айналып үлгерген Қоянды, Вячеславка және басқа да су айдындарына балық шаруашылығын дамыту және олардың өнімділігін арттыру. Сонымен қатар, аталмыш су айдындарындағы балықтардың қанын тазарту мақсатын көздеп отырмыз» дейді Астана қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының бөлім басшысы Әбдіманап Жұмаділдаев.

Мамандардың айтуынша, балықтың бұл түрлерін таңдап алудың өзіндік себептер де бар екен. «Мәселен, ақ амурды
су қоймаларына жіберудің ар­қасында екі мақсатқа бірден қол жеткізіледі. Атап айтқанда, аулайтын балық көп болады және су қоймалары абаттандырылады. Себебі, балықтың бұл түрін «тазалықшы балық» деп те атайды. Ақ амур тек өсімдіктермен және су түбіндегі қалдықтармен ғана қоректенеді. Айналасы бірнеше жылдың ішінде су қой­малары қамыстардан тазарып шыға келеді. Әрі бұл балық өте тез өседі. Қазір құртақандай бол­ғанымен, екі жылдан кейін бұл балықтың салмағы 20 келіге же­теді» дейді Ақмола облыстық орман шаруашылығы және балық дүниесі инспекциясының бас маманы Еркінғазы Жүнісов.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button