Басты ақпаратБілім

Мектептегі жемқорлық қайдан шығады?

Сыйлыққа, жөндеу жұмыстарына, интерактивті тақтаға, сынып қорына деп сұ­­ралатын мектептегі ақша жинау мәселесі талай ата-ананың жүйкесін жұқартып келеді. «Мектептегі жемқорлық қайдан шығады?» деген сауалға жауап іздеген «Астана – адалдық алаңы» жобасының мамандары арнайы зерттеу жүргізіп, нәтижесін жариялады.

Ата-аналар комитетін тарату керек

Елордада қолға алынған жем­қорлыққа қарсы страте­гия­лар басқа аймақтарға үл­гі болатыны анық. «Астана – адал­­­­дық алаңы» жобасының көздеген мақсаты да сол – тұр­­­мыстық жемқорлықты жо­­йып, азаматтарға барынша қолайлы жағдайлар жасау. Осы ретте білім беру жүйесіндегі жемқорлықты анықтау мақсатында қалалық Білім басқармасының және оған бағынатын ұйым­дардың соңғы төрт айдағы қызметіне талдау жүргізілді. «Талдау жүргізуге сыбайлас жемқорлық амалдарының, «жасырын» мемлекеттік қызметтердің, нормативтік құқықтық актілердегі және әкімшілік кедергілердегі қайшылықтардың болуы себеп болды» дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бо­йынша департамент басшысы Жазира Жылқышиева.
Жоба аясында қоғамдық ұйымдармен бірлесіп оқушылардың ата-аналары арасын­да әлеуметтік сауалнама жүр­гізілген. Нәтижесінде білім беру мекемелерінде мек­теп­тің немесе сыныптың қо­сым­ша қажеттіліктері үшін жиі ақша жиналатындығы анықталған. Негізінен, ақша жинау ата-
аналар комитеті арқылы жүзеге асырылады. Бір сөзбен айтқанда, қызметі регламенттелмеген ата-аналар комитеті тұрмыстық жемқорлықтың туындауына басты себеп болып отыр. Сол үшін жоба кеңсесі Білім және ғылым министрлігіне ата-аналар комитетінің қызметіне тыйым салу жөнінде ұсыныс енгізіп отыр. Ұсыныстың қаншалықты қолдау табатыны алдағы уақытта белгілі болмақ.

Директорлар жауапқа тартылды

Жалпы білім беру мекемелеріндегі кез келген тәртіп нормативтік құқықтық актілермен реттелетіні белгілі. Қабылдау, ауысу, гранттар бөлу, жатақханадағы орындарды анықтау және тағы басқа процестер тиісті нормативтік құқықтық актілерде анық көрсетілген.
«Цифрландыру әкімшілік кедергілерді жоюға ықпал етеді. Дегенмен бүгінгі таңда бізде барлық рәсімдер цифрланбаған. Нәтижесінде лауазымды тұлғалар өз өкілеттіліктерін асыра пайдаланып жатады. Шамадан тыс құжаттар мен регламенттелме­ген ақпарат талап етіледі. Оқу жылының қарсаңында біз Халыққа қызмет көрсету орталығы ұсынатын қызметтерге талдау жүргіздік. Мектептердің қажетсіз құжаттарды талап етуі салдарынан аталмыш орталықта кезекте тұрған ата-аналардың саны жетіп артылды. Бұл жөнінде тиісті ақпарат Білім басқармасына жіберілді. 5 мектеп директорына қатысты тәртіптік шаралар қабылданып, 10 директорға қатаң ескерту жасалды» дейді Жазира Жыл­қышиева. Оның айтуынша, жатақханаларға заңсыз орналастыру, қаржылық көмек көрсету, балабақшаларда ақылы орын ауыстыру туралы деректер де анықталған. Осылайша білім беру мекемелерінде кейбір заңдылықтар сақталмай отырғаны қынжылтады.

Бюджет қаражаты ашық бола ма?

«Барлық білім беру мекемелері жаңа оқу жылына сақадай сай, қаржы бөлінді. Ешқандай мектепте ақша жиналмасын!». Бұл – жаңа оқу жылы басталар тұста Білім және ғылым министрлігі тарататын жаттанды ақпарат. Дегенмен артынша кітап, дәптерге дейін сатып алуға мәжбүр болған шарасыз ата-аналарды көреміз. Егер мемлекет білім беру ме­ке­мелері үшін жеткілікті қар­жыландыруды қамтамасыз етсе, ата-аналардан қосымша қаржы жинауына не себеп? Бюджеттен бөлінетін қаржының жұмсалуын кім бақылайды?
Жазира Жылқышиеваның ай­туынша, қаражат барлық қа­жеттіліктерге бөлінеді. «Ақ­паратқа қол жеткізу туралы» заңда білім беру мекемелерінің бюджет қаражатын интернет-ресурстарда және басқа да қолжетімді сайттарда жариялау қажеттілігі жөнінде міндеттемелері бар. Әр адам қаржының қайда жұмсалатыны туралы білуі қажет. Дегенмен біздің елде аталмыш талаптардың орындалуы сақ­талмай отыр. Сондықтан «Астана – адалдық кеңсесі» білім беру мекемелерінің интернет-ресурс­тарын сәйкестендіру бойынша бірқатар ұсыныстар беруге дайын.

P.S: Тамыз айының соңында Білім басқармасының ведомстволық бағыныс­ты ұйымдарының басшылары жеке жауапкершілік пилоттық құжатына қол қойды. Енді ақша жинау, заңды бұзу, қызметтің ашықтығын сақтамау деректері анықталған жағдайда, директорларға қатысты тиісті шаралар қабылданатын болды. Ал оқушылар мен ата-аналардың құқықтары бұзылған жағдайда 55-68-73, 55-68-83, 8 775 160 32 сенім телефондарына хабарласқан жөн.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button