Руханият

Ескерткіш тақта орнатылды

Аса көрнекті әдебиеттанушы ғалым, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Рымғали Нұрғалидың өмірінің соңғы он жылы Астанада өтті. Кейінгі жылдары бас қаладағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Астана қаласының әкімдігі және аталмыш университеттің ұйымдас­тыруымен ғалым тұрған үйге орнатылған ескерткіш тақта салтанатты жағдайда ашылды.

Шараға қатысқан Астана қа­ласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев академик Рымғали Нұрғалидың қазақ әдебиетінің дамуына және шәкірт тәрбиелеуде, елордамыз Астананың руханиятына қосқан үлесі туралы айтып өтті.
«Мен Рымғали Нұрғалидың шә­кіртімін. Ұстазымыздың арқасында университет қабырғасында жүріп Мағжанның өлеңдерімен, Міржақып пен Ахмет Байтұрсын­ұлының еңбектерімен таныса бас­­тадық. Ағамыздың қазақ ғылымы­на, өркениетіне қосқан үлесі орасан зор. Елордаға алғашқы лекпен кө­шіп келген оның осы қаланың мә­дение­тіне, руха­ния­тына қосқан үлесін де атап кету мүмкін емес» деді Ермек Аманшаев.
Қала басшысының орынбасары Рымғали Нұрғалидың же­текшілігіммен кандидаттық диссертация қорғағанын айтып, ғалымның қазақ театры мен драматургиясы тарихын терең зерттегенін, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, тағы басқа қазақ әдебиеті классиктерінің шығармашылығы туралы іргелі монографиялық еңбектер жазғанын еске салды.
Салтанатты шараға Рымғали Нұрғалимен ғылымға қатар келген замандастары, достары, шәкірттері, атап айтсақ, академиктер Сейіт Қасқабасов пен Болат Көмеков, теледраматург Сұлтан Оразалы, жазушы, публицист Болат Бодаубай, ақындар Серік Тұрғынбекұлы, Несіпбек Айтұлы, т.б. қатысып, ғалым туралы естеліктерімен бөлісті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button