Мәдениет

Музыкалық театрдың алғашқы қарлығашы

Қазақтың музыкалық театр тарихы «Айман-Шолпан» комедиясынан басталады. Осыдан 85 жыл бұрын заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің либреттосы негізінде ұлтымыздан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер Жұмат Шанин сахналаған бұл туынды еліміздегі алғашқы музыкалық спектакль саналады.

Арада бір ғасырға жуық уақыт өткенде Астанадағы «Жастар» театры «Айман-Шолпан» комедиясын қайта жаңғыртып, премьерасын ұсынды. Аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай қойған спектакль жаңаша, қа­зір­гі заманға сай трактовкада ұсынылды.
Режиссер Мұхтар Әуезовтің либреттосына белгілі жазушы, драматург Қалтай Мұхамеджановтың киносценарийінен алынған мәтінді қосты. Алайда сөзді мейлінше азайтып, іс-қимылға көбірек көңіл бөлді. Спектакльде би өнері элементтері молынан қамтылып, халық әндері мен халық композиторлары туындыларымен көмкерілді. Осы орайда балетмейстер Анар Жүсіпованың, музыканы әрлеуші Жандәулет Батайдың, хормейстер Әнел То­кированың еңбектерін атап өту керек.
Комедияның желісі лиро-эпостық жырдан тамыр тартады. Маман байдың қыздары Айман мен Шолпанның мінездері бір-біріне ұқсамайды. Айман (Назерке Серікболова) байыпты, байсалды, ақылды болса, Шолпан (Мөлдір Қожагелді) ерке, тентек, тапқыр, өткір тілді. Алайда спектакльде олардың мінез ерекшеліктері ашылмай қалғандай болып көрінді.
– Айман мен Шолпан шығар­мада тек бас кейіпкерлер ғана емес, аталмыш комедияның бүкіл даму, ілгерілеу сатылары осы жандармен байланысты. Олардың ерекшелігі сұлулығында да, нәзіктігінде де, махаббат сүйіспеншілігінде де, батырлығында да емес – ақылдылығында. Қос қыздың көздеген мақсаты да екі елді жау­ластырмай бітістіру және өз бас­тарын Көтібар өктемдігінен аман сақтап қалу. Олар өздерінің ақыл-айласын да осы жолға жұмыла жұмсайды. Яғни әрі ақылды, әрі тапқыр, әріден ойлап, алыстан болжайтын сұңғыла бойжеткендердің сымбатты бейнесін тек бимен өлшеп жібергені өкінішті. Әрі-бері бос жүгіріп жүрген актрисалардың түр сипатына қарап, қиыннан қиюласқан сахналық кикілжің­дердің бәрі де Айман мен Шол­пан­ның тапқырлығы, шебер шешендігі арқылы шешілді дегенге кім сене қояр екен? Маман байдың ақылды да ерке қыздары Айман мен Шолпан екеуі екі түрлі мінез-құлықтың адамы екенін көре алмадық, – дейді бұл туралы театр сыншысы Айзат Қадыралиева.
Туынды әдемі юморға құрылған. Ержан Жарылқасынұлы сомдаған Көтібар батырдың бейнесі, Сарыбасты ойнаған Дәурен Серғазин мен бірінші шалды бейнелеген Әділ Ахметовтің қимыл-әрекеттері жиналған халықты күлкіге қа­рық қылды. Жалпы, қоюшы-ре­жиссердің мақсаты музыкалық комедия арқылы көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлау болған секілді. Ол бұл мақсатына жетті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button