Білім

Инклюзивті білімнің игілігі

Education For All инклюзивті білім беру орталығы Назарбаев университетінің кампусында екінші жыл қатарынан жұмыс істеп келеді. Білім беру қызметімен қатар аталған орталық инклюзивті театр жобасын да жүргізеді, бүгінде олардың репертуарында бірнеше пьеса мен мюзикл бар.

Бұл ұйымды Назарбаев университетіндегі Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің түлегі Кәмила Ролан ашқан. Оның айтуынша, елімізде 70 мыңнан аса бала мүгедек статусы бойынша тіркеуде тұр. Олардың 20 пайы­зы жалпы білім беретін мектептерге барса, қалғандары үйде оқытылады. Ал бұл жайт жеткіншектердің коммуникация­лық қабілеттерінің дамуына, достар табуына, бәсекеге қабілетті білім алуына кедергі туғызатыны анық.
– Мен 2012 жылдан бері Қызыл Жарты Ай қоғамының волонтері ретінде тұрмысы төмен отбасылар мен мигранттардың балаларын оқыту жө­ніндегі жобамен айналыс­тым. Төрт жылдан ке­йін инклюзивті білім беру саласында магистратура бағдарламасына түсуді шештім. Бұл мен үшін аталған білім беру моделін енгізудегі проблемаларды толықтай түсінуге және оларды жеңуде керек қарым-қабілеттерді меңгеруге көп көмектесті. Жеке үкіметтік емес секторда Қазақстан үшін жаңа тәжірибелерді барынша еркін қолдануға болатынын түсінген соң, Education For All атты қоғамдық ұйымды аштым, – дейді Кәмила.
Қазіргі таңда орталықта Даун синдромы бар балалар, аутизм­мен ауыратын ұл-қыздар, гипербелсенді жасөспірімдер және тұрмысы төмен отбасыдан шыққан жеткіншектер оқытылуда.
– Қоғамның бүкіл мүшеле­рінің мүмкіндіктері тең болуы керек. Осы мақсат – мені және менің командамды шабыттандыратын ең негізгі күш, – деп ағынан жарылады Кәмила. – Бірде өз жұмысымызды таныстыру үшін пресс-конференция ұйым­дастырып, журналистердің сұрақтарына жауап беріп жатқанымда, залда отырған ерекше баланың анасы көзіне жас алды. Ол біздің әлгі балаға пациент немесе үйренуі қиын мүгедек адам ретінде емес, үлкен потенциалы бар тұлға ретінде қарағанымыз үшін жылаған еді. Менің сонда жүрегім шым ете түсті. Мектепте білім алу құқығы барлық азамат үшін қалыпты жағдай болуы керек қой. Алдағы уақытта мен осыған жол ашқым келеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button