Руханият

ӨР АЛТАЙДЫҢ ӨРЕНІ

Қазақ халқы үшін Алтай тауының қадірі де, қасиеті де ерекше. Алтай дегенде көзіңізге Отүкен, Бұқтырма, Қатонқарағай, Мұзтау, Топқа­йың, Шыңғыстай, Жаңа-Үлгі, Сауыр, Тарбағатай жоталары, Күршім елестейді емес пе?! Осы елді мекен атауларын біз Алтай жаршыларының жазғандарынан оқып едік. Тағы да Алтай де­ген­де есіңізге Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімханұлы сынды қарасөз шеберлері түседі. Осы жазушылардың есімдері есіңе түскенде, «Беу, шіркін, Алтай қандай керемет еді!» деп тамсанып қаласың. Иә, Алтай – ежелгі адам баласы жаралған құт мекен, ақ босағамыз ғой, тәйірі!

Аспантаулар елі
Алтай хақында айтылған осы­нау ұзақтау әңгіменің төркіні – Қайырды Назырбаев. Белгілі ақын, баспагер, жазушы Қайырды Назырбаев жайында. Қайырды ағамыз да осы атақоныс – Алтай ананың перзенті. Ол 1947 жылдың 2 қазанында Қатонқарағай ауданының Таңба ауылында дүниеге келген. Қалихан, Оралхан ағаларындай бала күнінен биік тауға қарап, оның әсемдігі мен сұлулығын сезініп өскен ағамның ғұмыр жолы сұлулықты бейнелеумен, әсемдікті безендіруімен жалғасып келеді. Мұнысы – қаламгерлік, баспагерлік қызметі. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында еліміздегі журналистерді даярлайтын жалғыз ұстахана – киелі ҚазГУ-ды (ҚазҰУ) тәмамдаған соң ол ұзақ жылдар бойы аудандық, облыстық, республикалық мерзімді басылымдарда қызмет етіп, баспасөз саласының қара жұмысына жегілді.

Оралханның «Сайтан көпірі»
Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпір» деген повесі бар екенін білесіз. Осы хикаят қалай жазылғанын білесіз бе? Бас кейіпкер – Аспанның прототипі кім? Расымен, ойланарлық сауал! Задында, Орағаңның барлық шығармасы дерлік өмірдің өзінен, өз қоғамындағы адамның тағдырынан алынған. Мәселен, осы «Сайтан көпірдің» жазылуына бірден-бір себепкер болған біздің Қайырды ағамыз екен.
Аспанның прототипі – Қабыл­бек Күндебаевпен Қайырды ағамыз көрші тұрыпты. 1957 жылдың жел­тоқ­санында ауыл басқа­ру­шысы Қабылбекті шақырып, жылқыны қыстаққа айдауға бұйрық береді. Сол жылы Алтайға қар қалың түсіп, жылқыға берер шөп қоры жиналмай, қамбар ата тұқымын тебінге жіберу мүмкін болмай қалған. Ауыл басқару­шысы 3-4 жігітке «жылқыны айдаң­дар» дегенімен, «Сайтан көпір» арқылы өтуге ешкімнің батылы бармапты. Сөйтіп, Қабылбек жалғыз өзі жылқыны айдап әкетеді. «Нар тәуекел» деген жылқышы 1957 жылдың 15 желтоқсанында қар көшкінінің астында қалады. Алапат көшкін түскенде, айдап бара жатқан жылқының біреуі де аман қалмапты. Сайдағы қар аралас Қаба өзеніне күмп берген Қабылбекті үш айрық судың ортаңғысы ағызып әкет­кен екен. Көрер жарығы таусылмаған Қабылбек аман-есен қалыпты. Осы оқиғаны бозбала Қайырды тағдырдың тезін тартқан Қабылбектің өз аузынан естіген болатын. Арада біраз уақыт өткенде, сырттай факультеттің студенті Қ.Назырбаев Алматыға оқу қамымен келгенде, атағы дүркіреп тұрған Оралхан ағасына естіген әңгімесін айтыпты. Ал қағылез Орағаң: «Қайырды, мен осы оқиғаны жазам. «Рахман қайнарындағы» сайтан көпірді Тарбағатайға алып келем де, солай жазып шығам» деп болашақ шығармасының желісін айтқан екен. Сонымен, Орағаң Шыңғыстайға көршілес жатқан Еңбек ауылына келіп, зағип Қабылбекпен кездесіп, мән-жайға тағы да бір қанығып, классикалық туынды жазған болатын. Міне, «Сайтан көпір­дей» психологиялық туындының тууына себепкер болған Қайырды Оралхан аға­сы­ның ықыласына бөленіп өскен-ді.

Аманатқа адал болған
Қайырды ағамызды былайғы жұрт баспагер ретінде таниды. Баспагердің қызметі, негізгі атқарар міндеті кітап шығару екенін білесіз. Біздің ағай 2004 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы бо­йынша шығатын 100 томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясының бас шығарушысы болды. Сол уақытта көптеген классикалық шығармалар ана тілімізге аударылып, «қазақша» сөйлей бастады. Орыстың классигі Ф.Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романы да әлгі 100 кітаптың сапына еніпті. Бұл шығарма ертеректе аударылып, алайда баспадан шықпағанын білетін Қайырды ағамыз аудар­маның қолжазбасын тауып, романның қазақша нұсқасын оқырманға ұсынған еді. Көлемі 48 баспа табақтық аталмыш туындыны аударып, бірақ «еңбегім еш кетті» деп дүниеден өкініп өткен марқұм Нияз Сыздықовтың жарымен, ұрпақтарымен кездесіп, қолжазбаны алып, оны жылдамырақ баспадан шығартты. Аудармашының жары Фарида анамыз аурухана төсегіне танылып жатқан шағында кітаптың сүйінші данасын көріп, оны кеудесіне қысып, қуаныштан көзіне жас алып жылаған екен.
Өтелген парыз
Әрбір қалам ұстаған шығар­машылық адамының туған жеріне, туған еліне деген парызы болады. Әркім әртүрлі жолменен онысын өтейді. Біздің Қайыр ағайдың туған еліне көрсеткен жақсылығы сол – Алматы мен Астана сияқты үлкен қалаларға кетпей, туған елде қалып, өңірдің рухани-мәдени дамуына үлес қосқан жергілікті қаламгерлердің шығармашылығын көпке насихаттауы және туған өлкесінің тарихын, шежіресін жас ұрпаққа дәріптеуі. «Ағажай, Алтайдай жер қай­да?!», «Алтайдың алтын алқасы», «Ел ішіндегі бір­қақпайлар» (Ж.Қызырмен бірлесіп), «Таудағы таңба», «Қаратай елінің ақындары», «Қазақ прозасының Мұзтауы», «Қаратай баба зираты», «Қатонқарағай», «Бәйтендер шежіресі», «Қаратай батыр», «Көркемсөздің хас шебері», «Қатонқарағай қаламгерлері» деген сияқты қаншама таным­дық кітаптарды құрастырып, жарыққа шығарды. Соңғы он шақты жыл көлемінде жетекшілік етіп келе жатқан елордадағы «Нұра Астана» баспасынан мемлекеттік тапсырыс­пен қаншама автор­лардың кітаптары жарық көрді де­сеңізші. Сайып келгенде, осынау игі дүниенің бәрі – қалам­герлік жолдағы адамның асыл қасиеттері, жақсылығы тәрізді.

Елдос ТОҚТАРБАЙ, әдебиеттанушы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button