Жаңалықтар

ҚАҺАРМАНДАРҒА ҚҰРМЕТ

13

Кеше Астана әкімі Әсет Исекешев елордада тұратын 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды қабыл­дап, «Желтоқ­санның 30 жылдығы» естелік медалін табыстады. Жылы жүздесуде қала басшысы жинал­ғандарды халқымыз үшін қастерлі мереке – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, мерейтой аясында өтетін шараларға қатысуға шақырды.

– Тәуелсіздік – сан ғасырлар бойы азаттық жолында күрескен халқымыздың басына қонған бақ. Еліміз ширек ғасырда аяғынан тік тұрып, өзге елдермен терезесі тең мемлекет ретінде қалыптасты. Тәуел­сіздіктің халқымызға берген ерекше сыйы – барша Қазақстан халқының мақтанышына айналған Елбасымыздың төл туындысы – еңселі елорда екені даусыз. Астана қысқа уақыттың ішінде әлемдегі ең үздік, қарқынды дамыған қаланың біріне айналды. Елбасымыздың салиқалы саясатының арқа­сында ел экономикасы ны­ғайып, халықтың жағдайы жақсарып келеді.
Осының бәрі – Тәуел­сіздіктің игілігі. Мемлекет басшысы алдымызға жаңа міндеттерді қойды. Біз Мәң­гілік елге айналып, әлемнің дамыған 30 елінің қатарынан орын алуға тиіс­тіміз, – деген Әсет Исекешев Тәуелсіздік мерей­тойы­ның қарсаңындағы бұл кездесу оған қатысып отырған барша адамның есінде мәңгіге сақталатынын айтып, биыл Желтоқсан оқиғасына қатысу­­шылардың барлығына 70 мың теңге көлемінде бір реттік төлем жасалатынын атап өтті.
Естелік медалімен жалпы алғанда 18 адам марапатталды. Солардың бірі – ҚР Парламенті Мәжілісінің аппарат басшысының орынбасары Сабыр Қасымов жел­тоқсандықтардың атынан қала әкіміне алғысын жеткізе келе: «Желтоқсан оқиғасына қатысушылар әу бастан Қазақ­станның патриоттары болып жаралды. Отаншылдық оты бо­йымыздан ешқашан өшпейді. Елбасының төл перзенті – Ас­тананы көркейту бо­йынша қала басшылығының жұмы­сына әрқашанда қолғабы­сымызды тигізуге даярмыз. Жақында халықаралық конференцияны өткіздік. Соған қолдау білдіріп, көмек көр­сеткен елорда әкімдігіне мың да бір алғыс» деді.
Оның сөзін қостаған «Нағыз Жел­тоқсан» қоғам­дық қорының президенті Құр­манғазы Рахметов аталмыш қор он жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтып, жастардың тәрбиесіне атсалысуға дайын екендіктерін жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button