Басты ақпаратЖаңалықтар

Астана – тәуелсіздік тірегі

erm_1423

Елордамыз Астана қа­ла­сының тарихындағы елеу­лі күннің бірі – 1997 жылдың 10 желтоқсаны. Бүгін ел астанасы Алматыдан Ақмола қаласына көшіп кел­геніне 19 жыл толды. Осы күні Астанаға еліміздің Мемлекеттік туы, Елтаңбасы, Президенттің штандарты әкелінген еді.

Дәл осы күні сол кездегі Президент резиденциясы (қа­зіргі Астана қаласының әкімдігі) алдындағы алаңда салтанатты жиын өтті. Ұлан сарбаздары алаңға Туымызды, Елтаңбамызды және Президент штандартын көтеріп шықты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Бүгіннен бастап бұл қала Қазақстанның астанасы болады» деп жариялады. Бір топ ардақты ақсақалдар Елбасыға жаңа астананың символдық кілтін табыс етті.
Содан бері сәулеті мен дәулеті қатар өркендеген Астана барша қазақтың бас қаласына айналды. Төрткүл дүниеге бейбітшілік мекені болып танылды.

АСТАНА БЕЙБІТШІЛІК ҚАЛАСЫ
Биыл еліміздің тәуелсіздік алып, өз тізгініне өзі ие бол­ғанына 25 жыл толып отыр. Осы ширек ғасырға жуық уақытта еліміз көптеген жетіс­тікке жетіп, әлем елдері арасында өзінің орнын алды.
Астана өзінің 19 жылдық тарихында әлемнің озық ел­дерінің саясаткерлерінің басын қосатын ірі саяси орта­лыққа айналды. Айталық, 2010 жылы елордада Еуропалық қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мының саммиті өтті. Осы ретте Қазақ елінің бұрынғы кеңестік кеңіс­тіктегі елдер арасынан аталған ұйымға ең алғаш рет төрағалық еткен мемлекет екенін айтып өткен жөн. Сондай-ақ, Астанада 2003 жылдан бері әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі ұйым­дастырылып, әртүрлі діннің өкілдері бас қосып отырады. Аталған құрылтайда әлемдегі күрделі діни мәселелер ортаға салынып, бір үстелге отырмайтын дін өкілдері пікір алмасып жүр.
Белгілі саясаттанушы Ерлан Саировтың айтуынша, Астана халықаралық саяси аренада өзінің орнын қалыптастырып, халықаралық қауымдастық санасатын дәрежеге жетті.
– Алматы қаласы шекаралық аймақта орналасқандықтан, бір­қатар кедергілер болды. Ал алыс­ты ойлайтын болсақ, халықты еліміздің орталығына топтастыру үшін астананы көшіру керек еді. Сондықтан да Президенттің астананы көші­ру­дегі саясатының стра­тегиялық маңызы зор деп есептеймін. Жалпы, Астана еліміздің ішіндегі геосаяси және геоэкономикалық мәсе­лелерді оңынан шешті. Екін­шіден, Астана өзінің аз ғана тарихында әлем елдері арасында мәдени ғана емес, сонымен қатар, саяси салмаққа ие болды. Мәселен, кезінде ЮНЕСКО Астананы дүние жүзіндегі «Бейбітшілік қаласы» деп таныды. Себебі елордада әлемдік және дәстүрлі діндер ли­дерлерінің съезі ұйымдас­ты­рылып тұрады. Мұның бәрі айналып келгенде Астананың халықаралық саяси аренада өзі­­нің орнын ойып алғанын аң­ғартады, – дейді Ерлан Саиров.
Иә, расында да Қазақ елінің астанасында саяси маңызы жо­ғары әрі күрделі мәселелер тал­қы­­ланып, өз шешімін тауып келеді.

АСТАНА РУХАНИЯТ ОРДАСЫ
Бұған дейін жұртшылық арасында «Астана – шенеуніктердің қаласы. Онда рухани-мәдени иіс жоқ» деп сынаушылар болған еді. Соңғы жылдары көпшіліктің бұл сынынан айтарлықтай қорытынды шығарылып, елордада мәдени ошақтар көбейе бастады. Мәселен, Астанада Ұлттық академиялық кітапхана, Қазақстан Орталық концерт залы, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елба­сының кітапханасы, ҚР Ұлттық мұражайы сынды және тағы да басқа көптеген мәдени ошақтар пайда болды. Бүгінде аталған нысандар Астананың мәдени орталыққа айналуына бірден-бір себепкер болғанын көпшілік көріп, біліп отыр.
Белгілі ақын әрі Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының төрағасы Несіпбек Айтұлының айтуынша, Тәуел­сіздік пен Астана – егіз ұғым. Сондықтан да ол: «Егер тәуел­сіздік алмағанда астананы Арқа төсіне көшіріп әкеліп, жасампаз істерді көзімізбен көре алмас едік» деген пікірде.
– Астана бүгінде рухани орталыққа айнала алды деп нық сеніммен айта аламын. Қазіргі таңда зиялы қауым өкілдері мен әртүрлі өнер адамдары Астана қаласына көшіп келіп, қаланың рухани-мәдени дамуына өздерінің үлесін қосып жатыр. Алайда алдағы уақытта елорданың толыққанды мәдени орталыққа айналуы үшін біраз шаруалар жасалуы керек. Мәселен, Алматыдағы Жазу­шылар одағын Астанаға көшіріп әкелсе, нұр үстіне нұр болар еді. Егер Алматыдағы қара шаңырақ елордаға көшіп келсе, шын мәнісінде Астана рухани орталыққа айналар еді деп ойлаймын. Өйткені Алматыдағы көптеген ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері Астанаға көшіп келіп, ұлттық руханиятымызды биік шыңға көтеріп жатыр, – дейді Несіпбек Айтұлы.
Шынымен де 19 жыл бұрынғы Астана мен қазіргі Астананың мәдени әлеуетін салыстырсақ, жер мен көктей айырмашылық байқаймыз. Бұған ұлт зиялылары мен өнер адамдарының елордаға көшіп келіп, оның рухани-мәдени дамуына үлес қосты. Бұл деген Астананың тек қана шенеуніктердің емес, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері мен өнер адамдарының астанасы болғанын айғақтайды.

АСТАНА СПОРТ БРЕНДІНЕ АЙНАЛДЫ
Астана саясат пен руханият­та ғана емес, сонымен қатар, спортта да өз орнын қалып­тастырып үлгерді. Мәселен, жыл сайын елордада көптеген халықаралық спорт шаралары ұйымдастырылып, соның арқасында спортқа қызығушы жастардың саны артты. Нақ­тырақ айтсақ, Астана мен Алматы қаласында тұңғыш рет VІІ қысқы Азия ойындары өтіп, соның нәтижесінде көптеген жастар қысқы спорт түрлерімен айналысуға ден қойды.
Республикалық «Спорт» газетінің бас редакторы Дүрәлі Дүйсебайдың айтуынша, Астана спорт орталығына айналған. Мысалы, соңғы жылдары спортқа бет бұрған жастар Астанаға келіп, ірі халықаралық жарыс­тарға қатысуға мүмкіндік алды.
– «Астана» президенттік кәсіпқой спорт клубының құрамындағы барлық команда Астананың спорт саласындағы имиджін жасап жатыр. Нақ­тырақ айтсам, «Астана» велоклубы, боксшылардан жасақ­талған «Астана арландары», «Астана» футбол клубы, «Астана» баскетбол клубы ха­лық­аралық дәрежеде өнер кө­рсетіп жүр. Сондай-ақ, «Астана» футбол клубы Еуропа чемпиондар Лигасының топтық турниріне қатысқан еліміздегі тұңғыш команда болып саналады. Өзінің сәтті ойындарының арқасында аталған футбол клубы Еуропадағы ең ықпалды футбол командаларынан қосылды. Ал «Астана арландарының» екі рет чемпион атанып, алаштың абыройын асырғанын спорт сүйер қауым жақсы білсе керек, – дейді Дүрәлі Дүйсебай.
Түйіндеп айтқанда, Ас­тана саясат пен руханиятта және де спортта өзінің орнын қалып­тастырып үлгерді. Мұның бәрі айналып келгенде тәуел­сіз­дік­тің арқасы деп есептей­міз. Тәуел­сіздік болма­ғанда біздің бүгінгідей дәрежеге көтеріліп, халықа­ралық аренада атой салуымыз екіталай еді. Сондықтан да қазақстандықтар үшін Астана Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі болып тұр.

Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button