ӘлеуметБасты ақпарат

Қарттар үйі қара шаңырақ емес

Елордада 301 қараусыз қалған қария қалған өмірін «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында өткізуде. «Қазынам» деп қастерлеген қазақ бүгінгі қариясын бейнетінің зейнетін көрер шақта неге «қарттар үйіне» апарады? Тағдыр тәлкегіне тап болып, аталмыш орталықтан пана тапқандардың жағдайы қалай? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын іздеп, сарғайған сағыныш пен өзекті өртер өкінішке толы мекен жайды әңгімелеуді жөн көрдік.

ЖЫРТЫҚ КӨҢІЛГЕ ЖАМАУ

«Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетеді. Бұл жерде зейнет жасына жеткен, І және ІІ топтағы мүгедектер мен ұдайы басқа адамның көмегі мен күтіміне мұқтаж жалғызбасты жандар тұрады.
Жалпы саны 400 адамға арналған мекемеде қазір штат бойынша 200-ден аса маман бар. Төсек тартып жатқан I және II топтағы мүгедектерге бес мезгіл ас дайындау, тамақтандыру, ыдыс-аяқтарын жуу, төсек-орындарын ауыстырып тұру, бөлмелерін мұнтаздай қып тазалау, өздігінен жүре алмайтындарды арбаға отыр­ғызып серуендету, үсті-бастарын тазалап, жуындырып-киіндіру, аяқ астынан ауырып қалғандар болса, жедел жәрдем шақыртып, емханаға алып барып, алып келу, тіпті көз жұмғандарды мәйітханаға жеткізу – орталық қызметкерлерінің мойнында.
«Стационардағы 301 адамның 181-і – зейнеткер, ал қалған 120-сы – 1, 2-топтағы мүгедектігі бар жандар. Орталықта 7 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі, олар: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбек терапиясы, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық. Тұрақты өмір сүретіндерге күніне 7110 теңге бөлінеді. Орталықта тұру үшін қала әкімдігінің рұқсаты қажет. Тиісті құжаттарды әкімдікке өткізген соң, мемлекет есебінен өмір сүруге болады. Қазір мұнда 58 адам ақылы түрде тұрады, яғни айына 66 950 теңгеден төлейді, түскен қаржы жергілікті бюджетке кетеді. Қарттардың дені – егде жаста. Жалғыз қалып, зерігіп келгендер де бар. Ережеге сәйкес, зейнетақының 70 пайызы орталықтың шотына түседі. Ал одан қалғанын өздеріне жұмсайды» дейді «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Ардақ Сейітова.
Жалпы, орталықта 1341 адамға қызмет көрсетілсе, өз үйінде отырған жасы егде тартқан 1040 азамат та – орталық қамқорлығында.
Мұндағы қариялардың үш ай демалысқа шығуға мүмкіндігі бар. Бес мезгіл тамақтанады, дене жаттығуларын жасайды. Аптасына екі рет орталықтағы бассейн мен саунаға барып демалады. Бос уақытында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнайды. Тіпті, ата-әжелерден құралған хор да бар екен. Олар қаладағы түрлі мерекелік шараға қатысып, байқауларда бақ сынайды.
Қариялар бір бөлмеде 2 адамнан тұрады. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оған теңестірілген азаматтар және ұзақ уақыт тұрған зейнеткерге жеке бөлме беріледі. Бөлмеде керекті дүниенің бәрі бар: теледидар, төсек, үстел, тоңазытқыш, жуынатын орын. Бұдан бөлек, орталықта зейнеткерлерге заңгерлік қызмет те көрсетіледі. Мұрагерлікті рәсімдеу, өсиетхат қалдыру, тұрғын үй, ажырасу, алимент төлеу сынды мәселелер бойынша ақыл-кеңес алуына мүмкіндік бар.
Жалпы орталық бес блоктан: әкімшілік-басқару блогы, «Б» блогы, «В» блогы, «Г» блогы мен «Д» блоктарынан тұрады. Бәрінің асханасы ортақ болғанымен, әр блоктың, әр қабаттағы тұрғындардың өз қонақ бөлмелері, өздерінше ас дайындап ішетін орындары тағы бар. Әр блок – үш қабатты үй. Олардан басқа мәжіліс залы, кітапхана, киім тігетін шеберхана, шаштараз, спорт залы, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, бильярд үстелдері, дәрігерлік кабинеттер, хош иісті өсімдіктер өсіп тұрған зал тағы бар. Көктал-1 тұрғын алабы, Аққорған көшесі, 2 мекенжайында орналасқан, аумағы – 4,5 мың гектар.ТАҒДЫРЫ БӨЛЕК, ТҰРАҒЫ БІР

Бұған дейінгі газет беттерінде үйі өртеніп, барлық құжаттарынан айырылған, өмірдің кермек дәмін татқан Дулат Көптілеуовтың бүкпесіз әңгімесін жариялаған едік. «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі алпысты алқымдаған азаматтың өмірлік оқиғасы талай адамның жүрегін жылатты, көптің көңілін жібітті. Қария ол кезде құжаттарына қол жеткізіп, әлеуметтік қызметкерлерге алғыс айтқан. Жанарынан үміт оты жарқылдап, ел қатарлы жұмыс істеуге, тағдырдың сынағында сүрінбеуге серт еткен. Бірақ өмір өз дегенін жасап, еріксіз «Қарттар үйіне» күнін қаратыпты.
«Жұмыс істеп жүргенімде денсаулығым сыр берді, инсульт алдым. Өзім пәтер жалдап тұрдым, дәрі-дәрмекке қаражат табу қиын болды. Содан осы орталыққа түстім. Келгеніме 10 ай болды. Кезінде беделді қызметтерді атқардым. Кейіннен белгілі бір себептермен әйеліммен ажырастым. Отбасымды, қызметімді тастап, қалаға келдім. Бірақ қиыншылық келгенде қарсы тұра алмай, әлсіздік таныттым. Аяқ-қолым істемей, халім мүшкіл болды. Еріксіз осында келдім. Мұнда ем-дом, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Жағдай жақсы, аптасына екі рет жүзуге барамын» деді ол.
Ақсақалдың көңілі тоқ. Жатар орын тауып, жалғыздықтан құтылғаннан емес, әйелімен ажырасқанда артында қалған 9 жасар қызы биыл өзін іздеп тапқан екен. Арада қаншама жыл өткенде жалғыз баласы туған әкесінен теріс айналмай, керісінше араласып тұруды ұйғарыпты.
«Ол 31 жаста. Тұрмыс құрған. Мен кеткенде 9 жасар қыз бүгінде ана атанып, бір отбасының бесігін тербетіп отыр. Өте қуаныштымын, мен үшін солар аман болса жеткілікті. Одан асқан бақыт жоқ. Жақында немеремнің фотосуретін жіберген, өзі сондай сүйкімді. Орталыққа алғысымды айтамын» деді ол ағынан жарылып. Жүзі таныс жанды бұл мекеннен көргенде жасы үлкен жалғыздардың ақтық сапарға аттанар аялдамасы осы ма дедім…
Себебі 64 жастағы Айжан ­Ахметова да жалғыз. Оның бір күні іздеп табар дейтін артында баласы жоқ. 3 жылдан бері «Шарапаттың» қолдауын көріп келеді. 20 жасында тұрмыс құрған ол денсаулығына байланысты сәби сүйе алмайды. Жары қыз-қырқынға көп қарап, ішімдікке бой алдырады. Ақыры 5 жылдан кейін көңіліне қаяу салған күйеуі қайтыс болып, жесір қалады. Содан күні бүгінге дейін жігіт атаулысына жоламапты. Тіпті көңілі қалғанын айтып, Алланың жолына түскенін жеткізді.
«Орталықта отбасын құрған 11 ерлі-зайыпты бар. Маған да сөз салып, көңіл жарастырғысы келгендер болды. Алайда мен ондайдан бас тартамын. 5 уақыт оқитын намазым бар, Құдайдың жолында жалғыз өтсем де өкінбеймін. Бұл жерге келмей тұрып, асханада аспаздық қызметті атқардым. Сонда бірге жұмыс істейтін екі балалы жалғызбасты ананы қызымдай көрдім. Бірге пәтер жалдап тұрдық, қызым болғанын қаладым, көмегімді аямадым. Ол тұрмысқа шыққанда қайта жалғыз қалдым да, осында келдім. Бірақ сенген азаматы көп уақыт өтпей оны тастап, туған жеріне тайып тұрыпты. Кейін ол менен кешірім сұрап келді, мені жалғыз қалдырып кеткеніне әлі де өкінеді. Бүгінде жақсы араласамыз. Мен бөлмеде жалғыз тұрамын, кірімді өзім жуамын. Орталықта барлық жағдай жасалған, тек өз үйіңдей болмайтыны рас. Соңғы кезде денсаулығым сыр беріп жүр, волонтерлер келіп, қарайласып тұрса жақсы болар еді. Құлағым да қатты шыңылдайды. Қан қысымымды жиі өлшеп тұру керек, сол үшін өзіме тонометр сатып алғым келеді. Зейнетақымды тонометр мен кіржуғыш мәшинеге жинап жүрмін. Бірақ оны сатып алам дегенше қанша уақыт, оған денсаулығым шыдай ма екен» дейді Айжан апа.
Жасы ұлғайған шақта төрт қабырғаға қамалып, терезеге телміре уақыт өткізудің іштей ауырлығын түйсіну қиын емес. Жалғыздықтан жапа шегіп түңілгеннен қатарластарымен араласып, солармен әңгімелесу әлдеқайда тәуір. Жатар жайы, ішер асы, киер киімі де бар. Денсаулығы – дәрігерлердің бақылауында.
Ал 73 жастағы Тілеухан Әбілдіновтің тағдыры бөлек. Бір ұл, бір қыздың әкесі. Жақыны жатқа айналып, бауыр еті балалары осында қалдырып кеткеніне 5 жыл болған. Барын беріп өсірген баласының жалғыз әкесін бағуға шамасы жетпеді ме, әлде әйеліне сөзі өтпеді ме, әйтеуір қартайған шағында коммуналдық мекемеге өткізіпті. Жетпістен асқан кезде жылулықты қара шаңырақтағы немерелерінің жанынан емес, «Қарттар үйінен» тапқан.
«Балалар анда-санда бір келеді. Мен оларға ренжімеймін, өздерінің балалары, отбасы бар ғой. Екі немерем бар, соларды сағынамын» дейді ол.КЕМЕСІН КҮТІП, ЖАҒАДА ТҰР

Бір сәтке болсын балаларының жүзін көріп, мауқын басу үшін құшағына алуды аңсаған үлкендерді көргенде жанарыңа еріксіз жас келеді дейді мұндағы қызметкерлер. Тағдыры бөлек болса да, бәрінің мекені – бір. Келместің кемесін күтіп, жағада тұрған қариялардың мына жалған өмірдегі соңғы тұрағы – осы «Шарапат».

P.S: Кезінде балалықпен шалалық жасап, анамнан қатты ұрыс естігенімде, өзімше өкпелеп, ренжігенім бар. Сонда жылап отырғанымда әпкем бір оқиғаны айтып, жанымды жұбатқан еді. Бұрын бір анадан «қай балаңды қатты жақсы көресің?» деп сұрапты. Сонда ол «Ауырған баламды жазылғанша, шығып кеткен баламды оралғанша, кенжемді өскенше жақсы көремін. Кеудемдегі жүрегім тоқтағанша, бәрін бірдей жақсы көріп өтемін» деген екен. Бұл сөздер жадымда сақталды. Ана – баласын бір сәтке де ұмытпайтын адал адам. Бірақ сол құрсағында 9 ай көтеріп, жарық дүние сыйлаған анасы мен жүгермектерін жетілдіру үшін жанын аямай жұмыс істейтін әкесінің бір ауыз сөзін көтере алмайтындар қаншама…

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button