Сұхбат

Өмірбек БАЙГЕЛДІ: ҚАЗАҚЫ ҚАСИЕТТЕН АЙЫРЫЛСАҚ, ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТАН АЖЫРАЙМЫЗ

Бала күнімізде бір ауылды ақылымен, парасатымен ұйытып отырған текті қариялар болды. Сол аталардың аузынан шыққан уәлі сөзге бәрі тоқтады. Біз қазір осы ұлттық асыл қасиеттен алыс­тап барамыз. Сөздің қадірі мен салмағын білу азайды. «Ел іші – кеніш» дегендей, әлі де ондай ақсақалдар бар. Солардың бірі – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Өмірбек БАЙГЕЛДІ. Ағамыз талай жоғары дәрежелі қызмет атқарды. Егемендіктің алғашқы жылдарында Парламент Сенатының төрағасы болды. Еліміздің дамуына үлкен үлес қосты. Бүгінде шөбере сүйіп, келешек ұрпақ тәрбиелеп отырған ардақты ата. Өмірден көргені мен түйгені көп тұлғаға сәлем бере барып, саналыға тағылым болар әңгіме өрбіттік.

Көп балалы ананың бақыты зор
– Аға, кейінгі кезде өзіңізді ел жиналған ортадан, жиындардан көре алмаймыз. Көптен шеткерілеп жүрген жоқсыз ба?
– Айналайын, елден шеткерілеп жүрмін деп айта алмаймын. Менің өз ортам бар. Аралас-құралас жүретін жа­қын­дарым, сыйласатын дос­тарым бар. Туған-туыс тойға жиі шақырады. Соған барамын. Шаңырақ көтерген жастарға батамды беремін. Үлкен аста, қайғылы жағдайда сөйлеймін. Барғанда көпшілік өмірлік, тұрмыстық сұрақтар қояды. Оған қал-қадірімше жауап беремін.
Елімізде жылына төрт жүз мыңға жуық жас отау құрады екен. Соның бәрі демейін, бірақ солардың барлығына өзім қатысқандай қуанамын. Менің арманым – халқымыздың саны өсіп, жыл сайын бір миллион жас үйленсе деймін. Бір миллион келін бір жылдан кейін бала өмірге әкелсе деймін. Сонда қазақтың саны жыл санап ұлғайып, толығады. Екпіндеп өсеміз. Өткен жолы бір тойда жастарға кішкене наз айттым. Қыз баланың жолы – ана болу. Ана қай уақытта болады, балалы болғанда. Көп балалы ананың бақыты зор. Соның табанының астында – жұмақ. Неге біздің халық өзге елдің жат мінездерін бойымызға сіңіріп, сәбиден безіп, көше кезіп кетті. Не жүріс ол? Көршілес өзбек жұртының саны бір кезде бізден екі есе кем еді. Қазір бізден екі есе көбейді. Неге бұлай? Өзбектің тұрмысы бізден артық па? Көріп отырмыз. Бала туған анаға жеңілдік жасап жатыр ма? Ештеңе де беріп отырған жоқ. Олардың алдымен пейілі түзу, ниеті дұрыс. Өмірге сәби әкелем деген.
Ал бүгінгі саясат жөнінде артық сөз айтқым келмейді. Ол маған жараспайды. Жоқ нәрсеге килігуді жөн көрмеймін. Қоғамның көзге одырайып көрінген ретсіз жері болса айтамын. Содан кейін өте сирек мақала жазамын, сұхбат беремін. Өзім керек екенін сезген уақытта. Соңғы сұхбатым «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. «Бесігіңді түзе» деген.
– Баланың азамат болып қалыптасуына әке-шеше берген тәрбиенің орны бөлек. Сіз олардан қандай тағылым түйдіңіз?
– Біз бір әкеден – ұлы бар, қызы бар – он үш бала өрбідік. Ол кісінің алғашқы бас қосқан жұбайлары ертерек дүниеден өтіпті. Мен үшінші әйелінен тудым. Менімен бір анадан туған қыз болды. Қазір ол өмірде жоқ. Арғы тегіміз дәулетті, ауқатты, белгілі әулет болған. Дәл Кеңес өкіметі тұсында тақырланған. Әкем өзінің іскерлігімен, еңбекқорлығымен көзге түсіп, колхоз басқарды. Ауқатты тұрдық. Соғыс уақытының кезі. Сол кезде әкем: «Балаларым, мына дүниенің бәрінің маған керегі жоқ. Мынадай қырғын болып жатқанда сендердің амандықтарың қажет. Мен мынаның бәрін сатып, самолет жасатамын. Соғыста белуардан саз кешіп жүрген сарбаздарға жәрдем жасаймын. Жауды жеңбей болмайды. Әйтпесе, олар ешкімді аман қалдырмайды» деп бізге сөзін айтты. Әрине, айтқанына қуандық. Ешкімге айтпай істей берсе де болады. Сөйтіп, бар малын, дүниесін сатып, оны ақшаға айналдырып, соғысқа самолет сатып алу үшін өткізді. Сосын жоғары жақ әкемді шақырды. Ұшақты ұшқышқа өз қолыңызбен тапсырасыз деп. Әкем кеткеннен кейін ел ішінде әңгіме гулеп кетті. Біреулер оны күлкі қылып, мазақ етті. Ауылдамын. Әркімнің әртүрлі сөзін естіп жүремін. «Әкеңді алдап соғысқа алып кетті, енді ол қайтып келмейді» деп соқты біреулер. «Майданнан елдің бәрінің әкесі оралмай жатыр ғой, болса болар» деп қоямын. Солай адамдардың жас баланың көңіліне қарамай сөйлегендері жаныма батты. Жан дүниеме тигізіп сөз айтқандарды жақ­тырмадым. Сол бойы жек көріп кеттім. Әкем сапардан бір жарым айдан кейін оралды. Үлкен жиналыс болды. Біз де бардық. Жиын біткеннен кейін әкемнің кеудесі жарқырап шыға келді. «Жалтылдап тұрған не екен?» деп ойлаймын. Сөйтсем, әкеме Социалистік Еңбек Ері атағын беріпті. Жалпы, сол жылы әкеме Сталиннің өз қолымен жазған хаты келді. Онда: «Отанымыз еңбегіңізді ұмытпайды, Сізге көп рақмет!» делінген.
– Әкеңіз сатып алған самолетімен кім ұшқанын білмейсіз бе?
– Жоқ. Ол кісіде білім аз еді. Кім екенін айтып келмеді. Ке­йін архивтен қарастырдым. Онда тек самолет жасауға қаржы бергені ғана шықты. Сол кездегі облыстық газетке басылған екен. Соғыс уақытында әкем басқарған қазіргі Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы Кеңестүбі деген шағын колхозда 40 мың қой, 1100 жылқы, 960 ірі қара, 202 түйе болды. Ол кезде бүгінгідей ағыл-тегіл жарияланып жатқан ақпарат жоқ. Барлық колхоз осындай деп жүрген ғой. Бір жиналыста облыс басшылары біздің колхоздағы мал басы санының көптігін басқаларға үлгі етіп сөйлепті. Содан ауылға журналистер қаптады. Атақты жазушылар келді. Олар колхозды мақтап жазды. Сөйтсек, басқаларда ондай мал жоқ екен. Әкем: «44 колхозды қосқанда, құрып қалғырлар 29 тауықпен кірді» деп күлетін.
Мен әкемнің бірнеше жұмыстарына таңғаламын. Дала академигі болды. Қолымен өзеннен бөгет жасап, шыммен суды көктемде байлап тастайды. Сонымен егістікті суарады. Соғыс кезінде бір масақты біреу алғанын көрсе, соттайды. Содан әкем жұртқа «бидай алмаңыздар, үкіметке өткіземіз, соғысқа жібереміз» деп ауылдағы әр отбасыға құнарлы жерден жер бөліп, тары еккізеді. Оған су жіберді. Тары пісе бастағанда сақырлатып, оны торғайдан қоримыз. Одан жұрт тарыны қол орақпен орып, бас­тырады. Әр үй үлкен алты-жеті қап тары жинап алады. Тарыны сөктейді. Сол он екі айға жетеді. Өкімет онда тарыны дән деп, тамақ деп қарамаған. Оларға бидай ғана керек болды. Сөйтіп, біздің колхоз аса қиындық көрмеді. Және әрбір шаңырақ топ-топ жеке мал ұстады. Колхоздан жайлауға отар-отар қой өретін.
Баламыз. Күн ұзақ ойынның көрігін қыздырамыз. Өзенге шомыламыз. Бір күні ойнап жүрген балалар мектепке барамыз деп шуылдай бастады. Кішкентаймын. Олардан: «Оқу деген не?» деп сұраймын. Бәрі кетіп жатқан соң мен де соларға ілесіп мектепке бардым. Бір әпкеміз мұғалім еді. Қатты сөйлейтін. «Сен неге келдің?» деді. «Балалардың бәрі келгеннен кейін келдім» дедім. «Сен әлі кішкентайсың. Саған оқуға ерте» деп бетімді қайтарып тастады. Содан мен: «Ойнайтын ешкім жоқ. Үйде жалғыз отырғым келмейді» деп жылап жібердім. Онда «Үндемей отыр» деді мұғалім.
– Сонда нешедесіз?
– Бес жасқа келген болуым керек. Мұғалім оқудан қуып жібереді деп қорыққаным соншалық, әр сөзді жаттап алып, берілген тапсырманы мұқият орындадым. Ұстазымыз басқа балалардан сұраса, мен қолымды көтеріп, бәрін айтып беремін. Төрт айдан кейін менің фамилиямды журналға қосып жазды. «Сен оқи бер, тартып кетеді екенсің» деді апайымыз. Бірде колхоздың жиналысы болды. Онда озат еңбеккерлерге сыйлық берді. Неге екенін білмеймін, сонда оқу озаттарын да марапаттады. Маған да сыйлық берді. Ақшаны алдым да, дүкенге жүгірдім. Дүкеннің сөресінде біршама кітаптар тұратын. Соны сатып алғым келді. Қарадым. Ол кездегі кітаптар латын тілінде жарық көрген. Бірақ біз оқуды кириллицамен бастадық. Кітаптардың көбі латынша. Тек Жамбыл Жабаевтың толық жинағы мен сыншы Белинскийдің кітабы ғана кириллицамен. Екеуін сатып алдым. Екі кітапты қайта-қайта оқып, жаттап алдым. Кейін латынша басылған кітаптарды оқыдым. Латын әліппесін ешкім үйреткен жоқ, өзіміз оқып кеттік. Қазір латынша үйрену қиын болады дегенге таңым бар. Осылай ауылда ержеттік.

Өмір көремін деп Ресейге бардым
– Еңбек жолыңызды ала­қандай ауылда қарапайым жұмысшыдан бастапсыз. Сол кезде биліктің биігіне көтерілемін, жалпақ ел танитын азамат боламын деп ойладыңыз ба?
– Шынымды айтсам, бала күнімнен үлкен адам боламын деп алдыма мақсат қойдым. Мектепті тәмамдағаннан кейін маған «жасың толмаған» деп жеке құжатымды бермеді. Әйтеуір, ағаларымды салып жүріп алдым. Газетті қалт жібермей оқимын. Әлемде қандай жаңалық болып жатқанын біліп отырамын. Үйге қариялар жиналып, менен жаңалық сұрап, газет оқытады. Өздері тіл білмейді. Саңқылдап оқып беремін. «Маленков, Молотов деген қарсы шығып, анау болды, мынау болды» деп зуылдатамын. Ақсақалдар «ой, ақырын» деп аузымды жабады. Әбден қиындықтың залалын тартып, үрейленіп қалған ғой.
Ауылда бір жылдай жұмыс істедім. Жүгері ектік, алма ағашын отыр­ғыздық. Қырманда болдым. Шөп шаптым. Айлығымды алуға барсам, жалақым бәрінен төмен. Мен бір күнде 19 арба шөп түсірем. Басқалар 4-5 арба түсіреді. Бухгалтерден еңбек­ақым неге аз десем: «Олардың 4-5 баласы бар, сен кіміңді асырайсың?» деп жауап берді. Қой дедім. Болмайды екен. Содан көңілім қалды. Сол кезде Одақ көлеміндегі басылымдар комсомол құрылысы туралы шуылдап жазып жатты. Біздің ауылда бір орыс болмаса да, Ресейге жол тарттым. Әкем келісімін берді. Братск қаласына жақын жерде орман шаруашылығы құрылған. Енисей өзенінің қасында. Үлкен теңіз болу керек екен. Ағаштарды қырқып, тазалаймыз. Комсомол құрылысы деген аты. Бәрі де түрмеге отырып шыққандар. Солармен бірге жұмыс істеуге тура келді. Жұмыс ауыр. Алғашқы кезде қиналдым. Бірен-саран ғана қазақтар болды.
– Ауылда өскен баласыз. Сол кезде елде де комсомол құрылыстары болды ғой. Сонау қиянға неге бардыңыз?
– Өмір көремін, орысша үйренемін, ақша табамын деп бардым. Бір мықты татар жігіті болды. Сол маған көп қамқорлық жасады. Мені бұзықтардан қорғап жүрді. Содан мол қаржы тауып, елге оралдым.
– Қай жылдары?
– 1956 жыл. Хрущевтің дәурені жүріп тұрған тұс.
– Одан кейін жоғары оқу орнына түстіңіз.
– Алдында журналист боламын, заң саласының қызметкері боламын ба деп ойлап жүрдім. Бірақ әкемнің жолын қуып, ауылшаруашылық маманы болуға бел байлап, Алматыдағы зооветеринарлық институтқа түстім. Оқуды үздік оқыдым. 3-курста лениндік стипендиант атандым. Оқу ордасының комсомол ұйымын басқардым. Институтты бітірер кезде түрлі ұсыныстар болды. Маған комсомол комитетінің хатшысы болып, жұмысыңызды жалғас­тыра беріңіз деді. Аспирантураға жібергілері келді. Оның бәрі мені қызық­­тыр­мады. Елге барып, нақты жұмыспен айналысып, тәжірибе жинасам деп ойладым. Содан ауылға келдім. Аудандық ауылшаруашылық басқармасына аға зоотехниг болып орналас­тым. Бір жарым жыл сайын жұмыс ауыстырып отырдым. Жоғары өрледім. Әкем­нің көзі тірі еді. Менің әр жетіс­тігіме марқайып, қуанып жүрді.
– Аға, сіз егемендіктің елең-алаңында Жамбыл облысының әкімі болдыңыз.
Сол кездегі қиындықтан қалай шықтыңыз?
– Тәуелсіздік алған кезде жауапкершілік үлкен болды. Бір жағынан қатты қауіптендім. Бір жағынан қуандым. Ұзақ жыл аңсаған азаттыққа жеттік деп. Қауіптенгенім: арамызға арандатушылар кіріп кетіп, бір-бірімізді соғыстыратындай жағдай туғызып жібере ме деп қорықтым. Ондай қауіп болды. Оны ел білген жоқ. Астыртын іске асып жатты. Қай жерден бәле шығарамыз дегендер жүрді. Расы керек, елге Кеңес өкіметі тоқпақтауымен жұмыс жүргізді. Егемендік алғаннан кейін бәрі бейжай тіршілікке көшіп, соңын аяғы-қолдағы бардан айырылып, малдан ажырап, астықтан алыстап, аз халықты қайта қырып аламыз ба деп ойладым. Сол кезде «анау жоқ, мынау жоқ деп көшеге шығып талап ету керек» дегендердің арғы жағында басқа пиғыл жатты. Бос айқай түк бермейді. Ресей өздеріне төл ақшаларын енгізді де, өзіндегі ақшаның бәрін машина-машинамен бізге жіберді. Біреулер байыдық деп сол ақшаға мәз болды. Ол ақша барды да, дүкен мен базардағы дүниені құнсыздандырып,
жоқ қылып жіберді. Жұрт дүкендегі нәрсені сыпырып-сыйы­рып алды.
Біздің халқымыздың мінезі кең, ақылы терең. Артық әрекетке бармады. Сол кезде Елбасыға өз ойымды барып айттым. «Малсыз қалып, елді тағы қырып аламыз ба деп отырмыз. Облыста 3 миллион қой бар. Соның тең жарымын малшыларға жай берсем деймін. Бірақ оларға айтамын. «Жемейсіңдер, сатпайсыңдар, мал есепте тұрады» деп. Өйткені ол керек бізге. Басқа мал жоқ. Қойшыларға саулық беремін. Бір жыл ішінде оның саны көбейеді. Солай жыл сайын көбейтіп отырамыз. Мал жоғалып кетпейді. Соның арқасында халық аш болмайды. Осындай есеппен жасағалы отыр­мын. Сіз рұқсат беріңіз» дедім. Ол кісі келісім берді.
Елдің бәрі сол жобаға риза болды. Одан кейін өндірісті тұра­латпау үшін «Тараз» деген ассоциация құрдық. Соның арқасында Жамбыл облысында өндіріс тоқтаған жоқ.
– Тағы қандай қиындықтар кездесті?
– Сол уақытта Жоғарғы Ке­ңестің рөлі күшті болды. Барлық мәселе сонда шешілді. Айқай да содан шықты. Бір рет маған Мемлекет басшысы Жоғарғы Кеңестің төрағалығын ұсынды. Мен одан бас тарттым.
– Неге?
– Артық сөз болады деп ойладым. Нақты шаруамен айналысқанды жөн көремін деп бас тарттым.

Бір палаталы Парламенттің ­күрмеуі көп
– 1995 жылы Парламент
Сенатының депутаты төрағасы болдыңыз. Жалпы, елімізде екі палаталы Парламент болудың сыры неде?
– Айтайын. Бір палаталы Парламенттің күрмеуі көп. Өйткені Тәжікстанда да, Әзербайжанда да, Грузияда да шатақ бір палаталы Парламенттен бұрқ етті. Зерттеп қарасақ, мықты, ірі
деген мемлекеттер қос палатадан тұрады.
– Аражігін ашып айтасыз ба?
– Екі ауданның тұрғындары секілді халық болса да, екі палаталық Парламент қажет. Бір палаталы Парламент өте тұрақсыз. Ол күндердің күнінде оттың ортасына айналып кетуі кәдік. Оны жасау оп-оңай. Біреулердің қолында миллиардтаған қаржы бар. Бас­тысы – тыныштықты сақтап, ойланып, шешім қабылдауда. Мәселен, Парламент Мәжілісі заңды қабылдамайды, мақұлдайды. Ол Сенатқа келгенше бір аптадан артық уақыт өтеді. Оны Сенат депутаттары талқылайды. Заңмен келіспесе, Мәжіліске жібереді. Міне, осылай әрбір құжаттың иінін қандырады. Парламент екі палаталы болу керек деген мәселені көтердім.
– Сіз Сенат төрағасы болған кезде елге, халыққа қажет-ау деген қандай маңызды заңдар қабылданды?
– Біраз заң қабылданды. Көбісі есімде қалмады. Мәселен, Ұлттық рәміздер туралы заңды қалай қабылдағанымызды айтайын. Соның бел ортасында жүрдім. Жігіттер әуелде оны «нышан» деп жазып әкеліпті. Нышан деген жақсыға да, жаманға да тән. Мысалы, келіндер бала тууды тоқтатты, бұл жақсы нышан емес. Осы сөзде не қасиет бар? Қасиетті дүниелердің аты қасиетті болу қажет. Қазақта «рәміз» деген керемет сөз бар. Бес-алты дүниенің мағынасын береді. Оны сирек пайдаланамыз. Солай заңды «Ұлттық рәміздер» деп өзгертіп қабылдадық.
Одан кейін телеарнада темекі мен араққа жарнама жасамау­ға қарсылық білдіріп, отырып алғанның біреуі менмін. Өйт­кені арақ, темекі және тағы басқа нәрселер күнәнің үлкені саналады. Демек, жарнама ар­қылы күнәні уағыздау деген сөз. Олай жасаған ел ұзаққа бармайды. Тағдыры қиын болады. «Майда-шүйде деп ойламаңыз­дар» деп, заңды бекіттірдім. Қазір телевизиядан темекі мен арақты қайта жарнамалап жүр дейді. Ол – ақша емес, идеология. Екі палатаның жұмыс істеу технологиясын жасадық. Сайлау ережесін бекіттік. Президент – 7 жыл, Сенатқа – 6 жыл, Мәжіліске 5 жыл деп қойдық. Әлемдік стандартта Сенаттың жылы көбірек. Облыс­тық мәслихат – 4 жыл, аудандық мәслихат – 3 жыл, ауылдың әкімін сайлау 1 жыл деп шештік.
– Ауыл әкімін сайлау неге бір жыл?
– Ауыл шағын ғой. Адам бір жылда өзін көрсетеді. Елді құлатып алса, 2 жылға созып қажет емес. Жұрт қиналады.

Адам ешқашан парызсыз болмайды
– Сіз қазақтың тарихын бір кісідей жақсы білесіз. Бүгінгі тарихты жазып жүрген тарихшыларға көңіліңіз тола ма?
– Жоқ, көңілім толмайды. Бұлар әлі Мәскеудің иегінің астында жүр. Бәрін сол жақпен келіседі. Сол жақтың айтқанын жазады. Егемендік алғанда жас балаша қуандық. Енді тарыдай шашылған тарихымызды жинайтын болдық деп. Тарыдай шашылған халқымыздың басы бір қазанға қосылады деп. Осындай екі дүние алдымызда тұрды. Алыстағы біраз ағайын атажұртқа оралды. Бірақ түгел жинаған жоқпыз.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бұрынғы қастерлі ата дәстүрді сақтау туралы жақсы ойлар айт­қан. Көпшілік рухани жаңғыруды дұрыс түсінбей жүр. Ата дәстүрді сақтау керек дегенде нені айтамыз? Адамдықты, адалдықты, кісілікті, мәдениетті, тәртіпті сақтаған жөн. Жұртымыздың басында адамның ала жібін аттамайтын, біреуге қастық ойламайтын, тек жақсылық тілейтін тамаша қасиеттер болды. Осы қазақы қасиеттен айырылсақ, ұлттық болмыстан ажыраймыз

Менің есебім бойынша, іштегі қазақтан гөрі сырттағы қазақтың саны көп. Бес миллион деген ауылдың қасы деп түсінемін. Өйткені дәлелдерім бар. Иранда 7 миллион бақтиярлар бар. Біз – ұлы жүздің ішіндегі бақтиярмыз. Біздің бауырларымыз соларға сіңіп кетті.
Таяуда Тарбағатай ауданының әкімі маған арнайы жолығып кетті. Ол аудан Қытайдың бір ауданымен шекаралас екен. Онда 150 мың халық тұрса, Қытайдың ауданында 17 миллион адам орналасқан. Сол 17 миллионның біразы қазақ дейді. Біз әлі тарихтағы қатып қалған қағидалардан өзгере алмай жатырмыз. Өтірік құ­рас­тыру көп. Халықты адастырмаған жөн.
– Бүгінде латын әліпбиіне көшу туралы пікірге не айтасыз?
– Латын әліпбиіне бір-ақ тұрғыдан жақсы баға бере­мін. Ел қазақ тілі деп айтып жүргенде, кейбіреулер соны ат қылып мініп алып, атақты болғысы келіп жүрген шақта айтқан едім. Сонда мен айтқанмын. Сендер тілді саясатқа айналдыр­маңдар. Одан түк пайда жоқ. Мұның бір жолы бар. Бірден латын әліпбиіне көшу. Тілге тимеу қажет. Әріпті шешіп алайық. Оны дауға айналдырмаған жөн. Қалай латынға көшеміз, қазақ тілі салтанат құрады.
– Дін туралы не айтасыз?
– Ақырзаман болмайды дедік. Бірақ бір үлкен өзгеріс болады. Сол өзгерістің алдында әсіре діншілдер, дінбұзарлар көп болады делінген. Бір күні бәрі пышақкесті тыйылады. Нағыз ақиқат орнайды. Соның қалай келгенін ешкім білмей қалады. Әлемде таза ислам діні болады.
– Ұлттық тәрбие, қариялық қасиет жайында не айтасыз?
– Әр адам пайғамбар жасына жеткеннен кейін қариялық парызын өтеуі керек. Адам ешқашан парызсыз болмайды. Қарным тоқ болса болды, маған бәрібір деген пиғыл болмау қажет. Әркім өзіне талап қойып, жауапкершілікті сезінген жөн. Жастарға айқаймен емес, ақылмен, майдалап жеткізу керек. Таяқпен ешкімді жөндей алмайсыз. Жасқа әдемілеп, санасына тиетін сөзбен айтқан дұрыс. Өмірдің басы бар да, аяғы жоқ. Келешек жас ұрпақпен жалғасады. Мысалы, америкалықтар он сегіз жасқа толғанда баласын үйінен шығарып жібереді. Одан кейін оны қоғам, көше тәрбиелейді. Содан олар сорлы халық болып отыр ма? Әрине, ол бізге үлгі емес. Біз өзіміздің жолымызбен дамуымыз қажет.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бұрынғы қастерлі ата дәстүрді сақтау туралы жақсы ойлар айтқан. Көпшілік рухани жаңғыруды дұрыс түсінбей жүр. Ата дәстүрді сақтау керек дегенде нені айтамыз? Адамдықты, адалдықты, кісілікті, мәдениетті, тәртіпті сақтаған жөн. Жұртымыздың басында адамның ала жібін аттамайтын, біреуге қастық ойламайтын, тек жақсылық тілейтін тамаша қасиеттер болды. Осы қазақы қасиеттен айырылсақ, ұлттық болмыстан ажыраймыз. Сондықтан, жасы келген қария­лар, жастарға үлгі болайық.
Өз жолымызды, жөнімізді білейік. Таза жүрейік. Содан тәлім алған жастың келешегі жарқын болады.
– Аға, риясыз айтқан әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button