Мәселе

Қазіргі тойлардың әдебі қандай?

Шынында да, қазақ той десе қу бас домалайтынын айтады. Отбасы қуанышын елден ерекше тойлап, жақсылықты көбейткен жақсы, бірақ асабаның естісі бар, есері бар дегендей, кейде қызды-қыздымен тойда ұлттық ерекшелігіміз ескерілмей, келіспейтін, ерсі ойындарға жол беретіні, әрине, өкінішті.

Елудегі, алпыстағы, тіпті жетпісті алқымдаған ел ағаларының немесе апаларымыздың аққу немесе басқа құс болып киініп, даңғыраған музыкаға жұрт алдында қисалаңдап билеуі, ерсі қылықтар көрсетуі жастарды тәрбиеге емес, кері насихатқа бастайтыны рас. Тойды өткізу үшін несие алып, шектен тыс ысырап той жасау, құдаларға шамадан тыс ысырап дастархан жаю, киітке шығындалу да өзгеге тым еліктеудің салдары. Тойға шақырылған 400 адамның көбін үйленіп жатқан жастар танымайды да, ұзын-сонар, бір-бірінен аумайтын қызықсыз тост айту, тілек білдіру де тойды басқа форматта, жастар қалайтын той шығынын үнемдеп, жаңаша бағытта жүргізу қажет екенін талап етеді.

Құдайы тамақ, садақа өткізуде де мүфтият бекіткен пәтуа бойынша дастархан жаюдың орнына басына қайғы түссе де, жұрттан қалыспайын деп тырысатындар бар. Дүниеден өткен кісінің басын қарайту, бейіт салу мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Неғұрлым қарапайым болуды, орташа болуды үндеген бабаларымыздың «Топырақтан жаралдық, топыраққа айналамыз» деген сөзі алыста қалды, бір-бірінен асып, күмбезбен зират тұрғызу – тек тірілерге керек нәрсе. Бақилық болғандарға тиетіні Құран ғана.

Осылайша, фәни мен бақи арасында күнделікті тіршілікте кездесетін түйіні шешілмеген өзекті мәселе көп. «Ата-ана қартайса баласына ереді, Түйе қартайса ботасына ереді» деген сөз бар қазақта. Жаhандану, жаңашыл бағытты қолдайтын жастар барда қазақ ұлты да өз ерекшелігін сақтай отырып, жақсы, игі дәстүрлерді игеруге тырысатыны айдан анық. Қоғамда бұл мәселелер үнемі талқыланумен келеді, солардың ең озық үлгілерін ортақ бекітіп, қолданысқа енгізсек, ұлттың ілгерілеуіне бір қадам жасалар еді.

Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Шымкент қаласында зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Басқосуға қоғам қайраткерлері, ардагерлер қатысты.

Жиын барысында жастарды деструктивті діни ағымдардың идеологиясынан сақтандыру, имамдардың білімін жетілдіру, той өткізу әдебін дұрыстау, ас беру мен зират көтеруде ысырапқа жол бермеу сияқты қоғамдағы қызу тақырыптар қозғалып, талқыланды.

«Мен осы ретте өздеріңізбен той өткізу әдебіне қатысты пікірлескім келеді. Тойда қариялар алдында түрлі қылық көрсетіп, анайы билеу, әдепсіз ойындардың ұйымдастырылуы сіз бен бізді бей-жай қалдырмасы анық. Осы ретте тойды ұйымдастырушы азаматтарға айтарым: қуанышты бөлісудің өзіндік әдебін сақтасақ дегім келеді» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

– Сіздер де осы мәселені өз орталарыңызда айта жүрсеңіздер деген тілегім бар. Екіншіден, ел ішінде ас беру мен зират көтеруде ысырапқа жол беріп жатқан жандар аз емес. Осы мәселеге де қарияларымыз назар аударып, қоғамның қаперіне сала жүрсе. Зәулім кесене тұрғызуға, аста-төк ас беруге жұмсалған артық шығын қайырымдылыққа, халықты ағарту ісіне берілсе нұр үстіне нұр болар еді, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Зиялы қауым өкілдері бас мүфти көтерген мәселені қолдайтынын білдіріп, өз ойын ортаға салды.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей, той-жиын өткізерде қазіргі заманға, жағдайға қарап бейімдеп, ұлттық құндылығымызды насихаттап, озық дәстүрімізді, ерекшелігімізді сақтай отырып, жастар өз елі, өз ұлты үшін мақтанатындай, болашаққа тойқұмар, сауықшыл емес, сауатты, білімді ұрпақ қалдыру жағын қарастыруымыз керек. Той қуған емес, ой қуған жастар көбейсе, ғылым мен білімнің озық үлгілерін игерсе деген тілек бар.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button