Sport

Қоржында – 1 алтын, 2 күміс, 3 қола

Индонезияның Жакарта және Палембанг қалаларында 19 тамыз күні кезекті XVIII Азия ойындары сөреден шықты. Турнирдің бірінші күні мұнда 21 медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Әзірге Қытай спортшылары топ бастап келеді. Осы аралықта Қазақстан командасы қоржынға 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль түсірді.
Мұнда Қазақ елінің намысын 440 спортшы қорғағалы тұр. Олар 25 олимпиялық спорт түрі бойынша өтетін 37 жарыста күш сынасады.
Ойындар 2 қыркүйек күні мәреге жетеді.

19 тамыз, бірінші күн

Дмитрий Алексанин – алтын жүлдегер. Ойындардың бет­ашар күні Қазақстан құрамасының қоржынына семсерлесуші Дмитрий Алексанин алғашқы алтын медальді салды. Ол жартылай финалда 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері корея­лық Джунг Джин Сунды 15:12 ұпайымен жеңді. Ал финалда Дмитрий тағы бір корей атлеті – 2016 жылғы Рио Олим­пиадасының чемпионы Пак Сан Енді 15:12 етіп тізе бүктірді.
Жалпы, бұл – Диманың Азиа­дадағы екінші жүлдесі. Ол 2014 жылы Сеулде өткен Ойындарда командалық жарыста қола жүлдегер атанған. Біздің алтын жүлдегер жарыс соңында өзінің бұл табысын жақында кісі қолынан қаза тапқан мәнерлеп сырғанау­шы Денис Тенге арнайтынын айтты.
Данияр Қайсенов – күміс жүлдегер. Еркін күрестен 74 килоға дейінгілер арасында ел намысын қорғаған спортшымыз финалда өзбек Бекзод Абдурахмоновқа 2:3 есебімен есе жіберіп алды. Ол финалға дейін екі қарсыласынан басым түсті.
Саятбек Оқасов – қола жүлдегер. Турнирде 65 килоға де­йінгі салмақта боз кілемге шыққан Саят­­бек Оқасов үшінші орын үшін таласта абырой биігінен кө­рінді. Ол түрікмен Батыр Борджаковтан айласын асыра білді – 5:2.
Әділет Дәулімбаев – қола жүл­дегер. Командаға екінші қола жүлдені де еркін күрес шебері әкелді. 86 кг салмақта күш сынасқан палуанымыз қырғыз­стандық Алигаджи Гамидгад­жиевті 3:0 есебімен ұтты.
Теннис. Қазақстанның екі аралас жұбы бірінші күнгі шайқастарда жеңіске жетті. Атап айт­қанда, Анна Данилина – Александр Недовесов вьетнамдық Ксилла Фодор – Минх Туан Фамды 6:4, 6:4 етіп тізе бүктірсе, Гозаль Айнитдинова – Тимур Хабибулин Вьетнам­ның келесі өкілдері Фуонг ван Нгуен – Саванна Нгуенді 6:2, 6:2 есебімен ұтып шықты.
Көгалдағы хоккей. Еліміздің әйелдер құрамасы бірінші матчында Таиланд командасынан 3:1 есебімен басым түсті. Біздің қыздар арасында Вера Домашнева, Наталья Гатаулина және Наталья Сазонтова мергендіктерімен танылды.
Ватерпол. Тағы бір әйелдер құрамасы Гонконгтан келген әріптестерін 22:2 есебімен күйрете жеңді. Мұның алдында олар тай қыздарын 13:4 ұпайымен ұтып, қытайлықтардан 4:11 болып жеңіліп қалған еді.
Волейбол. Таспа доптан елі­міздің әйелдер құрамасы өзінің бірінші кездесуінде Тайпей қыз­дарын 3:1 етіп ұтты.
Гандбол. Қазақстанның қол добышы қыздары КХДР жасағына 33:37 есебімен жол беріп алды. Мұның алдында олар үндістандық құрбыларын 36:19, қытайлықтарды 27:26 есебімен жеңген болатын.
Баскетбол. Еліміздің бас­кетболшы қыздары бірінші күні Индонезия құрамасынан 85:73 есебімен басым түсті. Мұның алдында біздің құрама Тайпейден 42:72 болып ұтылып, Үндістанды 79:61 етіп жеңген еді.

20 тамыз, екінші күн

Фариза Алдонғарова – қола жүлдегер. Қазақстандық таэквондошы 53 кг салмақта ел қоржынына үшінші қола медальді салды. Алғашқы айналымда өзбекстандық Динорахан Мамадибрагимованы, ширек финалда ирандық Элах Шейдайды жеңген Алдонғарова жартылай финалда тайпейлік Си По Янға есе жіберді.
Жұлдыз Ешімова – күміс жүл­дегер. Ол 53 кг салмақта күресіп, финалда Солтүстік Кореяның балуаны Пак Йонг Миден жеңілді. Оған дейін Ли Чен Хені (Оңтүстік Корея), Джантима Вирангсаны (Таиланд) және Ерденечимегей Сумяны (Моңғолия) жеңді.

Дайындаған
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button