Мәдениет

Құрманғалиевтен қалған ноталар

Биыл әлемге әйгілі опера әншісі, Кеңес Одағындағы тұң­ғыш контратенор, Қазақстанның халық әртісі Ерік Құрманғалиев 60 жасқа толушы еді. Елордада өмірден ерте озған әншіге арналған шаралар өтті. Алдымен Қазақ ұлттық өнер университетінде баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Оған Ерікпен сахнада қатар жүрген жақын достары, Нұр-Сұлтан қаласына Ресейден арнайы келген өнерпаздар – фортепианошы Александр Котовщиков, контратенорлар Рустам Яваев пен Олег Рябец, Еріктің Қазақстандағы әзірге жалғыз ізбасары Батыржан Смақов қатысты. «Астана Опера» ­театрында Ерік түскен фильммен аттас «Вокалды параллельдер» концертінде Ерік Құрманғалиевтің репертуарындағы туындылар шырқалды. Осы екі шараға қатысқан Еріктің шөбере қарындасы Марияш Жұрымбаевамен аз-кем әңгімелестік.

– Сізді Еріктің қарындасы деп таныстырды. Әйгілі әншінің туған бауырысыз ба?
– Ерік – анамның немере інісі. Еріктің әкесі Сәлім мен анам­ның әкесі, яғни менің нағашы атам Қуан туған ағайынды еді. Біз Ерік­пен балалық шағымыз­дан бірге өстік. Оның әкесі ерте қайтыс болып, анасы Меруерт үш баламен жалғыз қалды. Ерік 8-сыныпқа көшкенде біздің үйге көшіп келді. Бір жылдары интернатта өсті. Кейіннен Алматыға келіп, консерватория­да бір жыл оқыды. Бірақ онда оның ерекше дауысымен жұмыс істейтін педагог болмаған соң Мәскеу­ге кетіп, цирк училищесіне халық биі бөліміне оқуға түсті. 2-курста оқып жүргенінде жаңа жылдық «капустник­те» ән шыр­қап, Гнесиндер атындағы музыкалық-педагогикалық институт оқытушыларының көзіне түсіп, сонда ауысты.
– Қазір Ерікпен бірге туған бауырлары жоқ па?
– Олар – Серік, Берік, Ерік: үш ағайынды еді. Серік Атырауда қайғылы қазаға ұшырады. Берік те мезгілсіз өмірден өтті. Бірақ Беріктен екі ұл қалды. Оларды, өкінішке қарай, Ерік көрмей кетті.
– Еріктен қалған ноталар сіздің қолыңызда екенін, бұл жәдігерлерді музейге тапсыр­ғыңыз келетініңіз жайлы ес­ті­дім. Бұл туралы толығырақ айтып берсеңіз.
– Ерік қайтыс болып, оны жерлегеннен кейін пәтеріне бардық.  Ол тұрмыс дегенді ешқашан ойламайтын. 1992 жылы мен де Мәскеуде біршама уақыт тұрдым. Сол кезде Еріктің пәтерін тонап кетті. Біз қонақта едік. Үйге оралған соң форточканың ашық тұрғанын көрдік. Пәтерге кірген соң оған Пьер Карден сыйлаған ақ және қара түсті екі фрактың ұрланғанын байқадым. Ол жерде шашылып жатқан ноталарды жинай бастағанда соны айттым. Ерік «Киімді қойшы, бұл шүберек қой, ештеңе етпес. Басты байлығым ноталарым ғой» деп жауап берді. Ал ол өмірден өткен соң, сол ноталарын Алматыға алып кеттім. Олардың қолымда тұрғанына 12 жыл болды. Көп адам ноталарды сұрады. Мамандардың айтуынша, бұл – өте сирек кездесетін ноталар. Өзім өнерден алыс болсам да, ешкімге бергім келмеді. Бірақ биыл Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне ноталарды тапсырған дұрыс деп шештім. Ноталар құр жатқаннан студенттер оқып, үйренсін.
– Ноталардан басқа ештеңе қал­­мады ма?
– Ноталармен бірге пластинкалар қалды. Басқа ештеңе жоқ. Мәскеуде пәтері болған еді. Оны қарыздарын жабу үшін саттық. Ақшаның бір бөлігін бауыры Беріктің соңындағы ұлдарына бердік. Есесіне қарыздары жабылып, Ерік ана дүниеде тыныш жатыр.
– Еріктен, өкінішке қарай, ұрпақ қалмады. Бауырыңыз мүлде үйленбеген бе?
– Студент күнінде бір үйлен­гені бар. Бірақ бұл шартты неке еді. Себебі оған Мәскеуде тіркеуге тұрып, қалу керек болды. Альфия Хабибуллина деген ГИТИС түлегі Мәскеудің түбіндегі Орехово-­Зуево қаласында тұрды. Аля мен Ерік бір жылдай ғана бір шаңырақ астында өмір сүрді.
– Ерік Үлкен театрдың солисі Галина Нечаеваның қасында жерленген екен. Зиратта Еріктің құлпытасы бар ма?
– Ерікті жерлегенде Нечаеваның бейіті де қараусыз қалғанын байқадық. Сондықтан біз қоршауын ауыстырып, екі әншіге ортақ стелланы қойдық. Бірақ екі жылдан кейін Мәскеуде қатты дауыл тұрып, бәрін жайпап кетті. 2011 жылы Ерікке зираттан орын берген адам да қайтыс болды. Оның қызы белгілі актер Ефремовтің бұрынғы әйелі еді. Бұл кісі де өмірден озды. Алайда Ерік пен Не­чаеваға ортақ белгі қойып үлгерді. Ваганьков зиратындағы бір құлпытаста Галина Нечаева мен Ерік Құрманғалиевтің аттары қашап жазылған.
Ескерткіш тақта орнату ниеті бар ма?
– Келесі жылы дарынды балалар арасында Ерік Құрманға­лиев атындағы байқау ұйымдастырылайын деп жатыр. Мәскеудегі дос­тары ескерткішін орнатпақ. Атырау қаласында ескерткіш тақта орнатылады. Бірақ Ерік оқы­ған оқу орнына ма, тұрған үйіне ме, соны білмеймін.

P.S  Ерік Құрман­ғалиевті еске алу шаралары туған жері – Атырау қала­сында жалғас­ты. Азаттық көшесіндегі әйгілі әнші тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Ақын, аудармашы, филология ғы­лым­дарының кандидаты Маржан Ершудің толықтырылып, қайта басылған «Феномен. Ерік Құр­манғалиев» кітабының таныстырылымы, рухына арналған концерт өтті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button